Айтулы шараларға облыс әкімі Болат Бақауов қатысты. Алдымен аймақ басшысы «Достық» стадионында болды. Мұндағы футбол алаңында жасанды жабын жаңадан төселіп, стадион қалпына келтірілді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік қазынадан 42 млн. теңге бөлінген болатын. Мердігер компания – «Фирма Цитадель» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиісті міндетін уақытылы әрі сапалы атқарды. Облыс әкімі Болат Бақауов алдағы уақытта жанкүйерлерге арналған аймақты да қалпына келтіріп, стадионның ауқымын кеңейту керектігін айтты. Ақсу қаласының әкімі Николай Дычконың айтуынша, бұл тек футбол ойнайтын алаң емес, дене шынықтыру–сауықтыру кешеніне айналмақ. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жоба-жоспарды жүзеге асыру үшін бірқатар іс қолға алынғанға ұқсайды. Сонымен қатар, облыс әкімі Болат Бақауов бұл алаңда мемлекеттік қызметшілер арасында футболдан жарыс ұйымдастыруды ұсынды. «Бұл өзара әріптесік пен байланысты бекіте түсед» деді облыс әкімі.

Бұл күні Еуразиялық Топтың тұрғын үй бағдарламасы аясында Ақсу электр станциясының 70 қызметкері баспаналы болды. Строительная көшесі, 42 мекенжайында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына компания 434,9 млн. теңге жұмсады. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 92,5 млн. теңге бөлінді. Сөйтіп, бір жылға жетер-жетпес уақытта көпқабатты баспана бой көтерді. Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов өз жұмысшыларына арнап баспана салу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі екенін айтты.

- Биыл Астана қаласы 20 жылдығын, Павлодар облысы 80 жылдығын және Ақсу электр станциясы 50 жылдығын атап өтуде. Осындай мерейтойға толы жылы ақсулықтардың баспанаға ие болып отырғаны қуантады. Жұмысшылары алдында әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, олардың жағдайын жасауды үнемі басты назарда ұстайтын ERG корпорациясының ісі атауға тұрарлық. Енді тұрғындардың баспана мәселесіне бас қатырмай, алаңсыз жұмыс істеуіне болады, - деді Б.Бақауов.

Қуанышқа кенелгендердің бірі – тепловоз машинисінің көмекшісі Маратбек Шарбанов.

- Менің Ақсу электр станциясында жұмыс істегеніме 10 жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында кәсіпорын басшылығы тарапынан біліктілігімді арттыру, әлеуметтік жағдайымды жасауға қатысты көп көмек көрсетілді. Енді міне, үлкен сый – үш бөлмелі пәтерге ие болып отырмын. Бұған дейін үш балам, анаммен бірге баспана жалдап тұратынбыз, - деді М.Шарбанов.

«Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бірінші вице-президенті Марат Бугубаев атап өткендей, 2006 жылдан бастап ERG компаниясы 648 отбасын жаңа әрі жайлы пәтерлерге қоныстандырды. Ендігі кезекте Екібастұз қаласында жұмысшыларға арналған баспана пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ, Астананың туған күні қарсаңында Ақсу қаласында балаларға арналған эко-техноорталық есігін айқара ашты. Былтыр құрылысы басталған қосымша білім беру мекемесі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.

- Бұл орталықты ашу туралы алғашқы ой 2013 жылы пайда болған еді. Сол уақыттан бері тыңғылықты жұмыс жасалып, былтыр қазығы қағылып, Павлодар облысында «Экология жылы» деп жарияланған 2018 жылы қолданысқа беріліп отыр. Эко-техноорталық бала-лардың ғылыми тұрғыдан ізденіп, тың жобалар жасауына, білім көкжиегін кеңейтуіне оң әсер берері анық. Ол үшін бұл ғимараттың әр шаршы метрін, мұндағы оқу құралдары мен түрлі техниканы тиімді пайдалану қажет, - деді Б.Бақауов.

Жобаның құны – 716 млн. теңге. Орталықта ІТ-технология, жасыл технология, эко-этнотуризм, «Экоәлем», робототехника кабинеттері, коворкинг-орталық бар. Бір сөзбен айтқанда, балалардың жаһандану дәуіріндегі заманауи технологияларды игеріп, шығармашылығын шыңдауына мол мүмкіндік жасалған. Балалар эко-техноорталығының директоры Жантоты Ақышеваның айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап мұнда тағы бірнеше үйірме ашылады.

- Алдағы оқу жылында 1200 оқушыны қабылдайтын қауқарымыз бар. Орталық төрт бағытта, атап айтқанда экологиялық-биологиялық, туристік–өлкетану, қолөнер және ғылыми-техникалық бағытта жұмыс істейді. Қыркүйекте қосымша үйірмелер ашуды жоспарлап отырмыз, - деді Ж.Ақышева.

Ал экологиялық орталықтың бұрынғы ғимаратын жөндеуге 7 млн. 260 мың теңге қарастырылған. Жұмыстар тамыз айында аяқталып, мұнда облыстағы алғашқы хайуанаттар бағы ашылмақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz