Бас қаланың туған күні - астаналықтарға ғана емес, күллі Қазақ еліне ортақ мереке. Сондықтан болар, еліміздің әр тұрғыны думанды тойдың дүркіреп өтуіне үлес қосып, белсене қатысып, көрермен болуға асық. 6 шілде күні облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары Ертіс жағасына қарай ағылды. Жұртшылық әсем әуенге құлақ құрышын қандырып, өнер ұжымдарының мың бұрала билеген билеріне куә болды, сүйсінді, ыстық ықыластарын білдірді. Әсіресе, асқақ Астанаға арналған шығармалар шырқалған шақта ду қол шапақалақтап, өнер иелеріне, бас қалаға құрмет көрсетті. Бұл күні концерттен бөлек, тың көрмелер мен сайыстар ұйымдастырылды. Мәселен, Орталық жағажайда облыста ғана емес, Қазақстан мен әлемде сирек кездесетін иттердің көрмесі өтті. Жиналған жұртшылық бұрын-соңды көрмек түгілі, атын естімеген иттердің тұқымдарын өз көзімен көрді. Шелти, итаршы, лабрадор, шпиц, колли, кане-корос, молососс, тіпті ең үлкен ит саналатын ирландық бөрібасар да осында. Иелері жетектеген иттер жұртшылықтың ерекше назарын аудартты. Олардың әрқайсысы туралы жеке ақпарат та берілді. Айталық, Вера деген итаршы бір жасқа толмай тұрған уақытында-ақ иттер арасында өтетін бірқатар чемпионатқа қатысып, түрлі титулды иеленіп үлгеріпті. Иесі Марина Теплованың айтуынша, иттің бұл түрі көп «еркелемейді», әрдайым үздік болуға талпынады. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, кинолог Алика Гузей көрме арқылы Павлодардағы ерекше иттермен таныстыруды ойластырғанын айтты. Көпшіліктің қызығушылығы зор болғанын ескерсек, діттеген мақсаттың жүзеге асқанын байқауға болады. Аталмыш шараға 30-ға жуық ит қатысты.

Айрықша атап өтерлік тағы бір шара – ашық аспан астындағы Астанаға арналған көрме. Ақорда, Бәйтерек, Есілдің жағасы, ЭКСПО қалашығы – мұның барлығы облыс орталығындағы балалар көркемсурет мектептері мен көркемсурет колледжі тәрбиеленушілерінің қағазға түсірген бейнесі. Әлбетте, бұған дейін Елорданың басты нышандарын арқау еткен картиналар көп салынды. Бірақ, балалардың бұл шығармаларынан ерекшелікті, өзгеше көзқарасты айқын аңғаруға болады. Көрменің кураторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Майя Құсайынованың пайымынша, Астана күні ұйымдастырылған бұл көрме - шығармашылықты бағалайтын жандар үшін таптырмас дүние. Себебі, балалардың Астанаға деген көзқарасын өзгелермен салыстыруға келмейді.

Мерекеде жастар арасындағы «тренд» шаралар да назардан тыс қалған жоқ. Кейбірі хип-хоп, брейк, k-pop және басқа да көше билері бойынша бақ сынаса, енді бірі StreetWorkout, яғни көше гимнастикасын жасауда кіл мықтыны анықтады. Түрлі бағытты қамтыған би жарысында қаланың үздік ұжымдары, бишілері сахнаның шаңын шығарды. Брейк-данстан Павлодар қаласының екі дүркін чемпионы 9 жасар Алексей Яровенко шыр көбелек айналудың шеберлігін көрсетсе, Сағадат Асылов бастаған «Twinkle» тобының биі кәрістен кем түспеді. Хореограф Рулат Омарбековтің айтуынша, облыс орталығында көше биін үйрететін 20 клуб пен студия бар, онда 300-ден астам жеткіншек бидің қыр-сырын үйреніп, әлемдегі қатарластарынан қалыспауға тырысады.

Төменгі жағажайда көше гимнастикасы бойынша өткен қалалық турнир де балалардың бос уақыты құр өтпейтінін көрсетті. Жасөспірімдер мен жастар жаттығулардың түр-түрін көрсетті.

- 1 шілдеде іріктеу кезеңі өтіп, оған 80 адам қатысты. Олардың қатарынан озық 30-ды таңдап алып, бүгінгі жарысқа жолдама бердік. Сайыс үш кезең бойынша ұйымдастырылуда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді 12 тамызда, Жастар күні анықтап, марапаттаймыз, - деді жарыстың бас төрешісі Антон Анурьев.

Ертіс бойындағы осы және өзге де шаралар күні бойы ұйымдастырылды. Кешке дейін адам қарасы үзілген жоқ. Ал сағат 20.00-де тұрғындар Павлодар қалалық вокалды-аспаптық ансамбльдердің «Қала ырғағы» концерттік бағдарламасын, сағат 21.00-ден бастап жергілікті және отандық эстрада өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Сені жырға қосамын, Астана!» концертін тамашалады. Павлодар-лықтар үшін «Түнгі қала» әнімен танылған Дәурен Сейітжанов, «Хассақ» ансамблі және Камила Жұмабаева өнер көрсетті. Мерекелік шаралар легі отшашумен аяқталды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz