Салтанатты шарада облыс әкімі Болат Бақауов жиналғандарды Астананың айтулы белесімен құттықтады. Ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

- Астана – тәуелсіз еліміздің символы. Елбасымыздың тың идеясынан туған Елордамыз бүгінде барша әлем қызығатын үлкен шаһарға айналды. Астананың орнығуы мен дамуына павлодарлықтардың қосқан үлесі зор. Біздің жерлестеріміз Елбасымыздың дана саясатын жүзеге асырып, Елордамыздың барлық салаларында қызмет етіп келеді. Астананың 20 жылдығын кеңінен атап өту мақсатында облыста көптеген жұмыс жүргізілуде. Күні кеше ғана Ұлттық домбыра күніне арналған шаралар, сондай-ақ, облысымыздың әр аудан-ауылында Елордамыздың мерейтойына арналған 700-ге жуық шара өтті, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Мерейтойлық медальдар Қазақстан Республикасы мен Елордамыз Астана қаласының өсіп-өркендеуіне, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлеріне, қоғам қайраткерлеріне, облысымызға танымал тұлғаларға, сонымен қатар, шаруа қожалықтары мен ірі кәсіпорын ұйымдарының басшыларына, мемлекеттік қызметшілерге, білім беру және денсаулық сақтау салаларының қызметкерлеріне табыс етілді.

Марапатқа ие болғандардың қатарында Успен аудандық мәслихатының хатшысы Рыскен Бечелова бар. Ол бұл құрмет өзіне қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыра түсетінін айтады.

- Еңселі Елордамыз жаңа келбетке ие болды. Президентіміз Астананы әлемдегі бірліктің символына айналдырды. Бейбітшілік пен татулықтың, бірлік пен берекенің орталығы - Астана арқылы бүкіл әлем тәуелсіз Қазақ елін таныды. Біз осымен мақтанамыз. Осыдан он жыл бұрын Елордамыздың он жылдық мерейтойы қарсаңында алғашқы медаль алдым. Бүгін де міне марапатталғандар қатарынан табылып отырмын. Елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да үлесімді қосқаныма қуаныштымын, - деді Р.Бечелова.

Жалпы, жиын барысында бас-аяғы 37 адам «Астана - 20 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. Бұл елдің ынтымағын, береке-бірлігін, ұрпақ қамын ойлаған аға буынға деген үлкен құрмет екені анық.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz