Ерғали және Татьяна Сүлейменовтер 7 баланы өмірге әкеліп, өсіріп-тәрбиелеп отыр. Үйдің үлкендері еңбекке араласып, ата-анаға қолқанат болып жүрсе, кішісі небары екі жаста. Астананың 20 жылдығы мерекесіне орай олар көптен күткен пәтер кілтіне ие болып, қуанышқа кенелді.

- Осыдан 14 жыл бұрын көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегіне тұрған едік. Бұл уақыт аралығында туған-туыстың үйін паналадық. Енді міне, аңсаған арманымызға қолымыз жетіп, өз үйіміздің қожайыны атандық. Бұл - 7 баламның басына бұйырған бақ, солардың несібесі деп білемін. Ұрпақ жалғастырып, қазақстандықтардың санын көбейтіп отырған біз сияқты отбасыларға әрқашан қолдау мен көмек көрсететін ел билігіне ризашылығымыз зор, - дейді «Күміс алқа» иегері Татьяна Сүлейменова.

Жаңа пәтерге қоныстанушыларды облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы белгілеген басты міндеттердің бірі – қарапайым халықты баспанамен қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Нұрлы жер» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Осыдан екі жыл бұрын облыс орталығында Сарыарқа шағын ауданы салынып, екі қабатты ескі үйлердің орнына көпқабатты баспаналар тұрғызылатынына ешкім сенбеп еді. Ал бүгінде мұнда 9 үй бой көтерді, 12 баспананың құрылысы жүргізіліп жатыр. 2021 жылға дейін құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Бұл ретте ісіне мығым «Жәрдем», «ГСУ-Құрылыс», «Портал-ПВ» сынды компания-ларды атап өткен жөн. Олардың көмегімен 5 жыл ішінде ауқымды жобаларымызды бірлесе жүзеге асырамыз деп ойлаймын, - деді Б.Бақауов.

Ломов көшесі, 154/4 мекенжайындағы 9 қабатты үйді салған «Жәрдем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Ахметов те ізгі лебізін білдірді.

- Биыл ел жүрегіне айналған Астана қаласы 20 жылдығын тойлап отыр. Біздің құрылыс компаниясы да 20 жыл бұрын құрылған еді. Осы уақыт арағында бас қаламыз сияқты қанатымызды кеңге жайып, отандық нарықтан ойып тұрып орын алдық, қызметіміздің сапасын жақсарта түстік. Біздің құрылыс алаңындағы бел жазбай атқарған еңбегіміз көңілдеріңізден шығып, шаңырақтарыңыз жайлы, жылы, жарық болады деген сенімдемін. Қоныс құтты болсын, - деді С.Ахметов.

Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыларға арналған бұл баспананы тұрғызу үшін республикалық бюджеттен 493 млн. теңге бөлінген болатын. Мұнда екі бөлмелі 54 және үш бөлмелі 18 пәтер бар.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz