1920 жыл Сұлтанмахмұт үшін ауыр басталып, алып тынды. Халық үшін қызмет көрсетуге бел шеше кіріскен ақынды бұрыннан ел билігін иеленіп қалғандармен, жаңа өкімет жолына кедергі қоюшылармен, азамат соғысы жылдарында күрес-қырқыс әлегін көп көрген елдің берекесіз мазасыздығымен алысу қатты қажытты. Кей болыстарда ояздық комитет тағайындаған уәкілдік мөлшері екінің бірінде бұзылып жатты. Бұған ру ішінің атаға, жікке бөлінуі қосылды. Бұрынғы болыс-би болғандар өз адамдарын, жанашыр жақындарын өткізіп қалуға күштерін салды. Дегенмен, сайлау жолындағы еңбегі Сұлтанмахмұттың ел ішіндегі салмағын көтеріп тастады. Оған қоса Баянауыл партия ұясы жанындағы қазақ-татар (кейін ұлт істері) секциясының мүшесі ретінде (беделді жергілікті ұлт өкілдерінен партия мүшесі еместерді де пайдаланған) жаңа өкімет пен партия саясатын насихаттады. Ел басшыларын әділдікке, бірлікке, жаңа өмірді қолдауға шақырды. Ресей большевиктер партиясының Семей губерниялық және Павлодар ояздық ұйымдастыру комитеттері ақынды көздерінен таса қылмай, жазылып шығып, жұмысқа қосылуын асыға күтті. Оны ояздық немесе губерниялық төңкеріс комитеттеріне жауапты жұмысқа шақырмақ ниеттері болды.

1920 жылы ақыннан қырық күн бұрын Әбет кенжесі Ыбырай ақсақал дүние салды. Сұлтанмахмұт қатты қайғырды. Ыбырайды «Бағай» деп атап, қатты қадірлейтін. Мұның алдында бір ай бұрын Әбдірақман молда қайтып, күйзелтіп тастап еді. Ақынның өзінен 20 күн бұрын егіздетіп кеткен өлімге қадірлі Монтай әженің ажалы тағы қосылды. Марқұм күндіз-түні мойнына бұршақ салып, «Мақышымның жаманатын көрсете көрме» - деп тілейді екен.

Соққы үстіне соққы Шоқпыттың да басын көтертпейді. Енді Торайғыр ұрпағының үлкені өзі болып қалады. Дәмелі баласының ауруының меңдей түсуі уайымға уайым жамайды.

Осы қиыншылықтарға бой бермей алысқан ақын өмірінің соңғы айларын айтарлықтай еңбектенумен өткізді. Жаңа өмір тақырыбына бірнеше өлең жазады, бұрынғы жазғандарын тәртіпке келтіреді. Ақпан айы ішінде «Жалыну» деген («Қыздырманың қызыл тілі» болып өзгертілген) өлең жазды. Оны әкесі мен Бибіш анасына арнаған болатын. Бірақ өлеңнің тууы мен мәні тереңде жатыр.

Ақбеттау болысы төңкеріс комитетінің сайлауы Сұлтанмахмұт басқа болыстың бірінде осындай сайлау өткізе кеткенде орындалады. Ауыл «жақсылары» өздерін ұсынуға көңілдері дауаламай, Еламан арысынан Нұрғазы Сүлеймен ұлы Поштаевты, Едіге арысынан Сұлтанмахмұтты, Сары руынан Әміре Нөгербековті өткізеді. Нұрғазыны төраға етеді. Сайлау қорытындысын қуана қарсы алған Тұржан ұлы Мұқан молда:

Сұлтанмахмұт - ыптарой,
Шәкіртім еді перуай.
Ұстазынан бата алып,
Жеткізді оны бір Құдай
Әміре мырза - третей,
Жақсыдан қалған сілекей.
Сарыекемнің аруағы,
Қолдады деген мінекей.
Әбдікәрім мырза,
Сізге де болдым ырза.
Құтты болсын айтамын,
Әбдірақ құрбымызға! - деп жырлады. Мұқан молда тіпті ресми комитет құрамына кірмеген, бірақ соның белсенділері қатарында көрінген Әбдікәрім, Әбдіразақ сияқты адамдарды да құттықтайды. Ал төраға болған Нұрғазы туралы аузын да ашпайды. Нұрғазының байлығы жоқ, орта дәулетті. Өздері сайлана алмайтынына көздері жеткен Поштаевтар соны өткізеді. Ендігің биліктерін осы туыстары арқылы жүргізбек. Нұрғазы бірден Сұлтанмахмұттың ығына жығыла кетеді. Сол үшін Шоқаңа келіп, екі бие «сый» ұсынады. Бірін сойып же, бірін сауып іш деген сыңай танытады. Бұл әңгіме құлағына тиген Сұлтанмахмұт әке-шешесіне «Нұрғазыға жоламаңдар» деп жалынып, әншейінде көрмей жүрген ағайынның аяқ астынан ұсынған мырзалығын алдыртпайды. ... Ақырында Нұрғазы үстінен жарамсыз әңгімелер көбейіп, мамыр айында-ақ ол төраға лауазымымен қоштасады. Осы күндері Сұлтанмахмұт «Қасқырдың күшігі» деген өлең жазып, «Тау баласы» деп қол қояды да, губерниялық «Қазақ тілі» газетіне жібереді. Өлеңнің басқы үш шумағы бүкіл мазмұнын ашып тұр:

Елде әлі көп жуандар,
Аяқ серпіп шарлап жүр.
Ел бүлдірген осы ылаңдар,
Іріткі іздеп барлап жүр.
Ревкомға кіріп алған,
Ескі төре, сұмдар бар.
Ол кезде ел ұғынбаған,
Сонан болған қулар бар.
Соның бірі Н. екен ғой,
Сырты - өкімет, іші - жау.
Ішінде ауру көп екен ғой,

Көрінсе де сырты сау. Бірақ бізге бұл өлең «Қазақ тілі» тігіндісінен ұшыраспады. Сірә, газет редакторы Жүсіпбек Айма-уытов ел ішіне наразылық тудырады деген себеппен баспай қойған жоқ па екен деген күдік келеді. Өйткені ол Сұлтанмахмұтты да, өлең мазмұны мен оның кейіпкерлерін де жақсы білетін.

Әр жылдары жазылған, бірақ әрі жарық көрмеген ақынның «Еламан-Едігенің баласымыз», «Балиғыға бату», «Әйелмен ойнағанның денесі арам...», «Басшыңыз бетіне жан қаратпаса», тағы басқалары да - Сұлтанмахмұттың айнымас бұқарашылдығының айғағы.

Сұлтанмахмұт 1920 жылғы 21 мамырда түс ауа қайтыс болған. Жаны қысылғанда екі иығынан дем алып, қара терге шомылған. Дәл сол кезде қайны, яғни Мұқтар мен Күлзипа Ыбырайдың орнына бата оқып, келіп жатыр екен. Үйде қонақ барлығын хабарлай келген Ыбырайдың Қасенінің әйелі өз үйіне қайта жүгірген.

- Молда бала қысылып жатыр! - деуге ғана мұршасы жетіп, талып кетіпті. Бәрі де тұра-тұра осында жеткен. Мәликенің шешесі Күлзипа «Құлдығым-ай!», «Құлдығым-ай!» деп жылай беріпті. Көп кешікпей Шайбайды ертіп Аппас та жетіпті.

- Шайбай, сен дәрігерсің ғой. Абақам да - дәрігер. Менің өмірімді бір жылға ұзартыңдаршы! Тым құрығанда он күнге...

Бұдан әрі Сұлтанмахмұттың тілі күрмеле бастайды. Басы Аппас болып жылап жібереді. Ол қолына ұстай кірген тұсауын мойнына салып: «Құрбандығың болайын, Сұлтан! Орныңа өзімді атайын!» деп жылайды. Оған Шоқаң қосылады.

- Жиналған тума-туысқан қоршауында қадірлі қазақ ұлы, кемеңгер ақын қиылып жүре береді. Ақын ажалына жаны күйзелгендердің бәрі де көздеріне жас алады. Әсіресе Бибіш ана мен Шоқпыт әке қатты дауыс етеді. Осы сәтте Сұлтанмахмұт өмірінің қалай үзілгендігін көзімен көріп тұрған Мәлике сіңлісі Нағима апаның айтуына қарағанда ақын әке-шешесінің зарлы дауысы жиналғандардың сай-сүйегін сырқыратты, үлкен-кіші, ер-әйел отыра алмады дейді.

Шіркін, сонда көпшілік орны толмас қазаға күйзеліп жүріп, Бибіш ананың зарын жазып алатын кісі болмады деседі.

Сұлтанмахмұттың қайтыс болуы елдің жайлауға көшіп кетуімен тұспа-тұс келеді. Жалғыз-жарым пәтері мен үй айналасының шөбін қорып қалғандар болмаса, ауыл тұтас Келбетке - жайлауға көшіп кеткен мезгіл екен. Қалған ағайын аяулы Сұлтанмахмұтты Шоқпыттың Торайғыр көлі жағасындағы қыстауынан екі жүз қадамдай жердегі жаңа қорымға Монтай әжесінің қасына қоймаққа пәтуаласады. Мұнда Монтай әжеден басқа Әбдірақман молда, Ыбырай ақсақал болатын.

Алдыңғы күні болып кеткен Жүсіпбек Сұлтанмахмұттың қазасынан бейхабар Павлодарға аттанды. Ол көрген-білгенін Баянауылға сот болып келіп жатқан Сәбит Дөнентайұлына айтып берген. Бұлардың бәрі де Семейден бірін-бірі жақсы білетін.

Сәбит Сұлтанмахмұттың көңілін сұрауға асықты. Әттең, қаламдас дос тілдесуге үлгермей қалды. Оң жаққа қойылған ақын табыты үстінен шықты. Ертеңіне ақын аруланып, ақырғы сапарына аттандырылды. Ақын қазасына Сәбит Дөнентайұлы, өз ағайын-тумалары – Ыбырай балалары Қасен, Қасейін, Қасым және олардың әйелдері, Аппас және оның бәйбішесі Мәрия, баласы Шайбай, он жасар ұлы Айдарқан, бір жақтан жеңіл трашпенкемен немересі Әйтікенге делбесін ұстатқан Ұрқия бәйбіше жетті. Қимас қалыңдық Мәлике өз үйінде отырып қара тұтты. Әкесі Мұқтар, шешесі Күлзипа, ағалары Жәми, Әбікен, Зейніл және олардың әйелдері ақын аруағына бірге туғандай Бәшенмен бірге қызмет етті. Мәликенің ерке сіңлісі Нағима мен кішкентай Қасен де осында жүрді. Сөйтіп, ақынды жерлеуге отыз шақты адам қатысты. Хабар жетпегендіктен алыстағы ағайындар келе алмады. Бәрінен бұрын жайлауға көшіп кеткен Кенжетай болмай қалды. Маралдыда темір жол қызметінде жүрген Шәймарданның болмағаны көзге түсті. Есебін ішіне сақтайтын Шерияздан Мәшһүр Жүсіптің бір тапсырмасымен Тәшкенге жүріп кеткен болып шықты. Сірә, ол Мәшһүрдің ұлы Әменді көшірісе кеткен болу керек.

Осылайша қазақ халқы ардақты азаматымен, айтулы ақынымен мәңгілік қоштасты.

Ермек Өтебаевтың «Сұлтанмахмұт» атты еңбегінен берілген бұл үзінді Торайғыр ауылындағы С.Торайғыров мұражайынан алынды.

saryarka-samaly.kz