Торайғыр ауылында С.Торайғыров мұражайының ашылуына көп еңбек сіңіріп, негізін қалаған ұлағатты ұстаз Аманкелді Омарұлының еңбегін ерекше атап өту керек. Ол ақын туралы көпшілік біле бермейтін мағлұматтарды іздестіріп, қаншама құнды деректер, фотоқұжаттар жинап, ақынның өмірбаяндық мұражайын алғашында мектептің бір бөлмесінде ашты. 1993 жылы С.Торайғыровтың жүз жылдық мерейтойына орай қазіргі мұражай қолдануға берілгенде, Аманкелді Омарұлына осы мұражайдың сувенирлік кілті тапсырылды. Баянауылдан шыққан әйгілі тұлғалардың мұрасын жинап, ізгі істерге ұйытқы болған А.Омаровтың басшылығымен ашылған мұражайлар бұл күндері тек ауданға емес, республика көлеміне де кеңінен танымал болды.

Бұл туралы ұстаз ақын:

«Жарты ғасыр ұстаз болдым атақты,

Төрт мұражай авторлығын өткерген», - деп жырлаған болатын. Аманкелді атамызбен көп жылдар бірге еңбек еткен ардагер ұстаз Шолпан Жақыпова оның қолжазбаларын, шығарған өлеңдерін мұражайға табыс етті. Ұлттық руханиятқа бейжай қарамай, жылдар бойы тірнектеп жинап, болашақ үшін еңбек еткен ел ішіндегі осындай қамқор жандарға ел риза!

Жанар ӘУБӘКІРОВА, С.Торайғыров мұражайының қызметкері.


Торайғыр ауылының тұрғыны, облыстық деңгейдегі дербес зейнеткер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, Еңбек Қызыл ту орденінің иегері Сайлау Байділдин - ауылда ақын мұражайын ашуды ұйымдастырған азаматтардың бірі. Осыдан 25 жыл бұрын ашылған мұражай туралы ол былай дейді:

- 1991 жылы аудан, облыс басшыларының сұрауымен Қ.Сәтбаев кеңшарының директоры болып жүрген жерімнен осы Торайғырыв кеңшарына ауыстырды. Ондағы мақсат – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың республика көлемінде өтетін 100 жылдық тойын атап өту керек, ол үшін ауылды ретке келтіру, басқа да ұйымдастыру шараларын атқару керек деп тапсырма берді. Ол кездегі облыс басшысы Даниал Ахметов, аудан басшысы Балтабай Нәжімиденов болатын. Алайда сол жылдың соңында Кеңес одағы ыдырады. Жағдай қиындағанымен, жоспарды жүзеге асыруға тырыстық. Ақынның басына мазар тұрғызып, мұражай және 14 тұрғын үй салатын болдық. Мұражай мен үй салуды Екібастұздағы «Шахтастрой» мекемесі атқаратын болып келісілді. 1993 жылдың 10 шілдесінде Торайғыр көлінің шетінде ақынның 100 жылдық тойының туы көтерілді. Малдыбұлақ (Мойылдыбұлақ) деген жерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен белгілі қонақтар, сондай-ақ жерлесіміз, белгілі қаламгер «Сұлтанмахмұт» атты трилогия жазған Дихан Әбілев бастаған ақын-жазушылар келді.

Сұлтанмахмұт қайтыс болғаннан бері бейіті таспен де, ағашпен де, темірмен де қаланған, бірақ соның бәрі дұрыс іске аспай, шіріп, құлап, берекесі кетіп тұрған-ды. Белгілі қаламгер, Баянауыл ауданына депутаттыққа кандидат болған Әбіш Кекілбаевтың басшылығымен Каспий теңізінің астынан тас тасылып әкелінді. Мектеп мұғалімдері, оқушылармен сол тасты кірпіш қылып арамен кесіп, кесене құрылысына әзірледік. Құрылысқа Атыраудан арнайы екі маман шақырылды, айтары жоқ, ақынның мәңгілік үйі сапалы тұрғызылып, айналасы қоршалды. Мұражай да салынды. Белгілі ұстаз Аманкелді Омаров сынды азаматтар мұражайға ел ішінен мәліметтер жинады. Біз кеңшар атынан мұражайға әбдіра, саба, жүк жинайтын тақта (төсек) сыйладық. Тойға дейін ауылды да көркейттік, жоспардағы 14 үйдің орнына 7 тұрғын үй салынып, көшелерге асфальт төселді, шамдар орнатылды.

Ақынның 100 жылдық тойы жоғары деңгейде өтіп, маған сол кезде аудан тарихында бірінші рет автокөлік сыйлады. Міне, содан бері 25 жыл өтіп кетіпті. Аяулы ақынға деген ел құрметі, ел махаббаты жоғалған жоқ. Әрине, Сұлтанмахмұт есімі халықпен бірге жасай беремек!


Академик Қаныш Сәтбаев Баянауыл мемориалдық мұражайы директорының міндетін атқарушы Айбат ЫДЫРЫСОВ:

- Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұражайы - Баянауылдағы академик Қаныш Сәтбаев мемориалды мұражайының филиалы. Қазіргі уақытта ақын мұражайында 500-ге тарта жәдігер бар. Биылғы мерейтойға орай С.Торайғыров атындағы ПМУ мұражайдың экспозициясына өңдеу жұмыстарын жүргізді, компьютер және теледидар сыйлады. Теледидар бағдарламасында ақынның бейнепортреті бар. Мұражай ағымдағы жөндеуден өтті. Ақынның туған күні қазан айына қарай Баянауылда «Өрмелеп шығып күн болған» атты облыстық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылады, сондай-ақ қыркүйектегі Қазақстан халықтарының тілдер күні қарсаңында Торайғыр ауылындағы мәдениет үйінде «Сүйемін туған тілді - анам тілін» атты әдеби-сазды кеш өткізу жоспарланды. Оған облыс көлеміндегі белгілі қаламгерлер, өнер адамдары, зиялы қауым өкілдері шақырылмақ. Міне, осы секілді ақын шығармашылығын насихаттауға арналған іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Жазып алған - Сая МОЛДАЙЫП.
Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz