Туған жерге тағзым

Әр уақыт, әр дәуір өзіне ғана тән ерекшеліктерімен тарихта ізін қалдырып отыратыны мәлім. Ал өткен шақтардың сол ерекшеліктерін танып, оны зерттеу кейінгі ұрпақтың еншісінде. «Түбін білмеген түгін білмейді» - дейді дана халқымыз. Тегін айтпаған. Бүгінгі таңда осы жай баршаның жан дүниесін билеп алғандай. Қазақ халқы - тегін, тарихын тереңнен таратып, шежіре мен өнерді әспеттей білген, өнегелі дінін қастерлей білген дана халық. Осы бір асыл қасиеттеріміздің тамырына балта шауып, танымымызды тарылтып, санамыздан өші-руді мақсат тұтқан отаршылдық дәуірдің қамы тын шешкенімізге де 27 жыл өтті.

Осы мерзім ішінде халқымыздың рухын өсіріп, ұмытқанымызды еске түсіріп, ұрпақтарымызға жеткізу үшін ұлтымыздың зиялы қауымы талай-талай шаруалар атқарып, қағаберіс қалған асыл мұраларымызды хатқа түсіріп, халық игілігіне жаратып келеді.

Осы орайда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы елдегі тарихи-мәдени зерттеулерге, халқымыздың рухани жандануына жаңа бір серпіліс берді. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған осы «Баянаула перзенттері» сериясы Елбасымыздың жария еткен «Туған жер» және «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасымен тікелей үндесіп отыр.

Мемлекет басшысы: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады», - деп айтқан болатын. Демек, үлкен тарих - кіші Отан, туған жердің тарихынан бастау алады. Ұланғайыр Қазақстанымыздың әртүрлі шалғай жатқан аймақтарынан елін, жерін танытатын белді азаматтар туатыны әрі олар өз өлкесінің мақтанышы болатыны - дәлелдеуді қажетсінбейтін құбылыс. «Ердің атын ел шығарады, Елдің атын ер шығарады» деген сөздер осының айғағы болса керек. Ендеше, еліміздің төл тарихының төрінен орын алатын Баянауланың осы тұрғыда маңызы ерекше.

Әлемдегі әр ұлттың өз тарихында кие тұтатын мекендері бар. Қазақ халқының тарихында осындай жерлер көп. Алтай мен Жетісу, Ұлытау мен Қаратау, Еділ мен Жайық, Ертіс пен Сыр, Маңғыстау – қазақтың төл бесігі болған киелі мекендер.

Осы қатарда Баянаула да бар. Баянаула елі - қазақ халқының киелі де қастерлі жері. Бағзы заманнан бұл жерді ата-бабаларымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра еткен. Әр заманда Баянаула елі - қол бастар батырынан, сөз бастар биінен, қасиет дарыған әулиелерінен, суырып салма ақыны мен жыршысынан арылмаған жер. Ата-баба дәстүрінде тәрбиеленген ұрпақтан ғұлама ғалымдар, әдебиетшілер, өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлері еліне ерен еңбек етті. Осы күнгі жастардың талпынысы кешегі заманда өткен Бұқар жыраудың, Едіге, Шоң, Шорман, Торайғыр билердің, Мұса мырзаның, Мәшһүр Жүсіптің, Жүсіпбектің, Қаныштың, Әлкейдің, Шапықтың, Шәкеннің, т.б. салып кеткен жолының өшпегендігін айқындайды.

Сарыарқа маржаны – Баянаула

Баянауыл – бірегей экожүйесі мен табиғи ландшафы қалыптасқан таулы орманды табиғи кешен.

Орта Ертіс өңіріндегі Баянауланың тамаша табиғаты әрқашанда жыр болып айтылып келе жатыр. Ол туралы Жаратушымыз табиғаттың ғажайып сұлу көріністерін барлық аймақтарға бөліп бергенде, соңында қалып қойған бір бөлігі Баянаулаға бұйырған екен деген аңыз да бар.

Баянаула тауларында табиғи тастан «жа-салған» небір таңғажайып бейнелерді кездестіреміз. Мысалы, «Кемпіртас», «Дана-тас», «Ат басы», «Көгершін тау», «Найзатас», «Бүркіт тас», «Екі суыр», «Жылан бас» және т.б. Сонымен қатар тау беті жасыл орманмен көмкеріліп, тастарды жарып шыққан ағаштардың өсіп тұруы да таңқаларлық.

Баянауладағы Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, Біржан көлдерінің көркін сипаттауға тіл жетпейді. Айнала тылсым тыныштыққа бөленген таңертеңгі шақта айнадай жарқыраған көл бетіндегі бүкіл таулар мен бұлттардың көлеңкесін тамашалау қандай ғанибет! Көлдердің суы да, оған келіп құятын бұлақтар да мөп-мөлдір, кіршіксіз таза. Көппен тілдескен қалың қарағай мен жұпардай аңқыған көкорай шөптердің хош иісін қанша жұтса да көкірек бір тоймайды.

Баянауланың негізгі су артерияларының бірі - Ащысу мен Түндік өзендері. Ащысу Баянауыл тауларын солтүстіктен айналып өтіп, Алқамерген көліне барып құяды. Осы өзеннің шаруашылық үшін маңыздылығын халық Асанқайғының сөзімен жеткізген: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен». Өңірдің оңтүстігінде Қызылтау және Мыржық таулары арасынан Ертіске қарай Түндік өзенінің ағысы бағытталған. Осы өзендердің бойы ертеден-ақ ел үшін құтты орындар болған. Одан басқа Қарасу, Елемес, Еспе, Көкөзек және т.б. ағып жатыр. Ерте замандардан бері Баянауланың малға, жанға ыңғайлы болуы осы өзендердің де болуы еді.

Баянаула – тарихы аңыздармен әрленген киелі мекен

Ел зердесінде сақталған аңыздарға қарағанда осы өңірдің жер-су атауларының пайда болуы бірде дала философы Асанқайғы есімімен байланыстырылса, келесіде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» хикаясы аясында айтылады. «Жерұйықты» іздеп қазақтың сар даласын кешкен Асанқайғы Баянауланы көргенде: «Жетім бала, жесір қатын қиналмай күн көретін жер екенсің. Тасың сөйлеп, қарағайың шулап тұр екен», - депті. Ал Мәшһүр Жүсіптің Сарыарқа тарихына арналған еңбегінде осы және басқа да Сарыарқаның топонимдері Баян сұлу есімімен байланыстырылған: «Өлеңтінің аяғында: «Қараоба», «Сарыоба» деген екі төбе бар. Түбі-тегі қазақ: Қарабай, Сарыбай деген екі байдың қоныс қылған мекені екен. Сол Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері Баянаула тауы екен дейді. Туған жері сол болғандықтан, тау аты «Баянаула» аталып қалған. Осы қыздың қарқарасы түсіп қалған жері «Қарқаралы-Қазылық» аталған. Домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жері «Домбыралы», «Моншақлы» аталған. Сандығы түсіп қалған жер «Алтынсандық», «Ақшатау» аталған. Өлең айтып, той қылған жері «Өлеңті» аталған. Аттарының шідері түсіп қалған жері «Шідерті» аталған... Қайыр - Сарыарқадағы жер аты – бәрі қазақтың ата-бабасының аттары».

Тарихшы зерттеушілердің пікірінше, «Баянауыл» атауы көне түсінік «Байана» мен тікелей байланысып жатыр. Байана –жер-су иесі, ол адамды, жер бетіндегі аң-құс, ағаш-шөп, т.б. жарылқаушы күш. «Баянаула» атауы жөнінде кезінде ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов түркі-моңғол тілінің «Баян» - молшылық және «Ола» - тау деген сөздерден шыққан деп пікір айтқан болатын, яғни берекелі мекен, молшылық тауы деген мағынада. Күні бүгінге дейін Баянаула жері сол атауға сай қүтты қонысымыз болып отыр.

Қазіргі таңда «Баянаула» мен «Баянауыл» сөздері тең қолданылады. Негізінен түркі дәуірінен қалған Баянаула атауы «бай таулар» мағынасын берсе, «Баянауыл» сөзі бүгінгі күні географиялық, әкімшілік-территориялық аймақтың және жеке елді мекен атауын білдіреді.

Елбасының бастамасымен елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жалпыұлттық қасиетті орындар қатарындағы бірегейі болып табылатын –Киелі Баянауыл.

Жалпы ұлттық маңызы бар 100 киелі орындар тізіміне Павлодар облысынан 5 нысан кірген болатын. Оның үшеуі тікелей Баянауыл ауданында орналасқан болса (Қоңыр Әулие үңгірі, Жасыбай батыр бейіті және Мәшһүр Жүсіп кесенесі), ендігі қалған екеуі де Баянауламен тығыз байланысты. Мысалы, сол бестіктің ішіндегі Ақкөл-Жайылма қалашығы (Әулиекөл ортағасырлық археологиялық кешені) орналасқан құтты мекен ерте заманнан бері-ақ Баянауланы мекен еткен көшпелі халықтың жаз жайлауы болған. Ақкөл-Жайылмадағы археологиялық ескерткішті Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті археологтарының зерттеп келе жатқанына бірнеше жыл болды. Жалпыұлттық киелі нысандар қатарындағы тағы бір тарихи жәдігер – Исабек ишан мазары. Діни-ағартушылық, уағыздаушылық істерімен ел есінде қалған Исабек ишанның туған жері – Баянауыл. Әкесі Мұрат ишан Арқа еліне алғашқы келгенде Баянауыл жеріндегі Тоқсанбай деген байдың ауылына орныққан. Кейіннен қожалар Ақкөл-Жайылманы өзінің тұрақты мекені еткен. Жалпы, облыс бойынша белгіленген киелі, қасиетті нысандар ішінде Баянауланың үлесі қомақты. Міне, осыдан-ақ Баянауланың еліміздегі ерекше тарихи-мәдени ошақтарының бірі екендігін байқауға болады.

Қасиетті Баянаула ерте заманнан бері адам болмысына өте ыңғайлы әрі тартымды болған. Ғасырлар бойы осы өңір жанға, малға толы болғанын тарихи (жазба, археологиялық, этнографиялық) деректер растап тұр. Тас дәуіріне жататын ежелгі тұрақтар мен тас еңбек құралдары, қола дәуірінің молалары, ерте темір дәуірінің обалары, тау жоталарына салынған көне суреттер (петроглифтер) осы жерде көптеп кездеседі. Түркі, қимақ-қыпшақ кезеңдеріне жататын ескерткіштер - орта ғасырлық Баянаулада елдің көптеп болғандығының тағы бір айғағы. Баянаула тауларындағы ел ерекше қадір тұтатын қасиетті орындардың бірі - «Қоңыр әулие» үңгірі. Тасқа біткен бұл үңгірді адам баласы ерте кезден кие тұтқан. Бұл арада қазақтың көнеден сақталып келе жатқан наным-сенімдерінің айқын нышаны байқалады. Мәшһүр Жүсіп «Алладан пәрмен сұрайтын жері» бұл орынның киелілігін дәріптеген. Күні бүгінге дейін осы үңгірге келіп тәу етуші, тілек-армандарының орындалуын сұрайтындардың саны толастамаған.

Қазіргі таңда Баянауладағы көненің көзі – археологиялық ескерткіштер ғалымдар тарапынан зор қызығушылық тудырып отыр. Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің археологиялық жасақтары жыл сайын Торайғыр көлі, Кемпіртас маңындағы орналасқан қола, сақ, ертетүрік кезеңдерінің тарихи жәдігерлерін зерттеп келеді. Сондықтан, бірегей ғалым, қазақстан археологиясының негізін қалаушы Ә.Марғұланның туған өлкесінде әлі де талай ғылыми жаңалықтар ашылатынын толық сеніммен айта аламыз.

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен...

XV ғасырдың ортасында Жәнібек пен Керей Қазақ хандығының іргетасын қалады. Қазақ хандығы аз уақыттың ішінде Орталық Азияның күшті мемлекеттерінің біріне айналады. Осы кездің өзінде-ақ Баянаула өңірін Орта жүздің белді тайпасы -арғындар иеленген сыңайлы.

XVII ғасырдың 30-шы жылдары Батыс Моңғолия территориясында Жоңғар мемлекеті пайда болды. Соғысқұмар жоңғар билеушілері бірінші кезден-ақ қазақтың кең-байтақ даласына көз салды. Шығыстан келген жау әуелден Ертіс өзені бойын басып алып, қазақтарды батысқа қарай ығыстырады, содан соң Сарыарқаның біраз бөлігін де иемденеді. Сөйтіп 100 жылға жуық уақытқа қазақтар солтүстік-шығыс Қазақстанның, орталық Қазақстанның бір бөлігінен, соның ішінде көркіне көз тоймайтын Баянауладан да қол үзіп алады.

Қазақтар бұл өңірге XVIII ғасырдың 30-шы жылдарының басында, қазақ әскери қосындарының алғашқы ірі жеңістерінен кейін қайта орала бастайды. Мәшһүр Жүсіп қазақтардың осы көші жайлы құнды мәлімет келтірген: «Бұлардан бұрын Арқада: Он екі Қазылық, Ой Түндікте наймандар бар екен деседі. Қанжығалы, Бәсентиін бар екен деседі. Ауып, жүдеп келген ел Наймандардың қырық биесін бір түнде сойып алыпты. Наймандар: «Бұл қырық бие еруліктерің болсын, өзімізге рұқсат қылыңдар», - деп, өрге қарай көшіп кетіпті. Жеті момын отырып қалыпты. Зорлық жасамапты. Қанжығалы Абыз Шомақтың қызын қолынан емес, жолынан алғандай алып, Қаз дауысты Қазыбектің тұңғышы Қонайға қосыпты. Шідертінің бойындағы Қонай жастайынан өліп, Шідертіде өзеннің жағасына қойыпты. Шідертінің бойындағы «Қонай» суының аты «Қонай» атаныпты. Қанжығалы, Бәсентиіндер Баянаулаға келіп орнығыпты. Сүйіндік келіп қоныстана бастаған соң, бұлар одан да сырғып, Ақкөл, Жайылма түсіп кетеді». Баянаулаға қайтып оралған Арғынның немересі Сүйіндіктің ұрпақтары бұл жерді өзінің тұрғылықты мекеніне айналдырған. Солардың ішіндегі ірі рулар Қаржас, Орманшы, Тұлпар, Күлік, Айдабол, Ақбура және Бегендік руы Қозғандар болды. Елді бастаған халқымыздың Ұлы перзенті, ел арасында көмекей әулие атанған, Қаржас руынан шыққан Қалқаманұлы Бұқар жырау болды.

Жалғасы бар.

Алтынбек НУХҰЛЫ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, х.ғ.д., профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz