Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Баян Мергенбаева жаңа бағдарламаның басты ерекшеліктерін түсіндірді. Айтуынша, бағдарламаға қатысушы ҚР азаматы болуы тиіс. Кем дегенде алты айлық кіріс болуы қажет. Тағы бір міндетті талап – өтініш берушінің атында баспана және өтелмеген тұрғын үй берешегі болмауы.

Жаңа бағдарламаның негізгі операторы - «Баспана» ипотекалық компаниясы. Ол еліміздің екінші деңгейлі банктерімен жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама аясында БанкЦентрКредит, АТФ, РБК, Халық, Еуразиялық, Цесна және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ипотекалық кредит алуыңызға болады. Банктер өтініш қабылдауға дайын. Алдағы уақытта Сбербанк және Forte банктері де қатыспақ. Әр банктің талабы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ, ол талаптар бағдарламада көрсетілген шарттарға қайшы келмеуі, олардан асып түспеуі қадағаланады.

Екінші деңгейлі банктер несиені тұрғындарға 7 пайызбен береді. Одан бөлек, банктер ешқандай артық төлем немесе комиссия талап етуге құқығы жоқ. Бұл бағдарламамен баспаналы болу үшін алатын пәтер құнының жиырма пайызын бастапқы жарна ретінде салуыңыз керек. Ал несиені 25 жылға дейін рәсімдеуге болады. Яғни, қалауыңыз әрі қалтаңызға қарай қарыз алатын мерзімді банкпен бірге бекітеді. Жағдайыңыз жараса, берешекті уақытынан бұрын өтеп тастауға да болады. Ол үшін ешбір банк ешқандай айыппұлдық шара қолданбайды.

Елімізде аталмыш бағдарлама бойынша берілетін ипотекалық несиенің шектік мөлшері де белгіленген. Мәселен, Ақтау, Алматы, Астана мен Атырау қалаларында ең максималды сома 25 млн. теңге болса, өзге өңірлерде баспана құны 15 млн. теңгеден аспауы тиіс. Дегенмен, одан да қымбат үйге таңдауыңыз түссе, шектік сомадан артық ақшаны тұрғындар қалтасынан қоса алады. Пәтерді міндетті түрде жаңадан қолданысқа берілген үйден алу керек. Мамандардың айтуынша, өтініш білдіруші пәтерді таңдап, банкке барады. Қажетті құжаттарды тапсырады. Қаржы ұйымы құжаттардың барлық талаптарға сәйкестігін тексереді. Өтінішті қанағаттандырғаннан кейін тұрғындар құрылыс компаниясымен сату-сатып алу шартын жасайды. Бастапқы жарнаны салады. Ал қалған соманы құрылыс компаниясына банк төлейді. Сөйтіп, банктен алған қарызды тұрғындар белгіленген мерзім ішінде ай сайын төлеп отырады. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша сатылатын баспаналар Павлодар қаласы бойынша Тәуелсіздік даңғылы және Суворов көшесінде, сондай-ақ, Екібастұз қаласында бар.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баиловтың мәлімдеуінше, бағдарламаның ережесіне сәйкес алғашқы іріктеу кезінде сатылатын үйдің барлық пәтерлерін иеленетін үміткерлер толмаса, онда екінші іріктеуде барлық азаматтар қатыса алады. Бұл жерде азаматтардың басында пәтері бар-жоғын растау қажет етілмейді.

Айта кетейік, бағдарламаның шарттарын Ұлттық банктің ресми сайтынан да қарауға болады. Сонымен қатар, Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталында қандай үйлерде пәтерлер қандай бағамен сатылатыны жазылып тұрады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz