Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға 4 жыл білім алып, маман атанып отырған жастардың ата-аналары, туған-туыстары жиналды. Барлық оқу бітіруші түлектерді ПМПУ-дің ректоры Алтынбек Нухұлы құттықтап, жас мамандарға ақ жол тіледі.

- Астананың 20 жылдығында Павлодар мемлекеттік педа-гогикалық университетінде Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алған алғашқы түлектер де қанат қақты. Олар - аталмыш бағдарлама бойынша білім алған Ертіс-Баян өңіріндегі бірінші студенттер. Олардың барлығы еліміздің, өңіріміздің дамуына зор үлес қосады деген ойдамын. Атап өтерлігі, кезінде институтқа қабылданған түлектер биыл алғаш рет университетті тәмамдап, диплом алып отыр. Жас мамандар білімдерін магистратурада, кейін докто- рантурада жалғастырады деген ойдамын. Университет мәртебесі білімді жалғастыруға жол ашып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін, - деді Алтынбек Нухұлы.

Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша 135 түлек оқу бітірді. Олардың 50-60 пайызы облысымызда жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Жалпы, ағымдағы жылы 1163 студент маман иесі атануда. Оның 477-сі күндізгі бөлімде білім алған. 214 түлек оқуды қызыл дипломға тәмамдап отыр.

Шымкент қаласы Сарыағаш ауданынан келген Маржан Арсабай мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша білім алып, қызыл диплом иегері атанды. Жас маман білімін магистратурада жалғастыруды жоспарлауда.

- «Серпін» бағдарламасы туралы естігенде Павлодар облысында білім алуды қаладым. Өзге өңірден келсек те, барлығымыздың сапалы білім алуымыз үшін жақсы жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Сондықтан Павлодар – білімді жастардың қаласы деп толық айта аламын. Себебі жаңа жатақхана, заманауи кітапхана, жоғары жылдамдықтағы әлеуметтік желінің барлығы кез келген студент үшін қажетті нәрсе. Мұндай жағдайда білім алған студент тек сабаққа ғана көңіл бөледі. 4 жылдың ішінде көптеген дос таптым. Сондықтан білім берген ардақты ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін, - дейді Маржан Арсабай.

Жанат Беркімбекова Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан баласы Мөлдір Әшімді құттықтау үшін арнайы келіпті.

Алғашқы уақытта қызым Павлодар облысына оқу аттанғанда уайымдағанымыз рас. Алыс жер, қысы суық, таныстарымыз жоқ болған соң баламды оқуға жібергім келмеп еді. Бірақ қызым мұнда студенттер үшін жасалған жағдайды айтқан соң көңіліміз орнына түсті. 4 жыл уақыт зымырап өте шықты. Алдағы уақытта балам Астана қаласында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сондықтан бұл бағдарламаны білім алатын жастар үшін зор мүмкіндік деп білемін, - дейді ол.

Салтанатты шарада республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен үздік диплом иегерлеріне ерекше құрмет көрсетілді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz