Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Ернұр Әйткенов аудандағы ауқымды істерге тоқталды. Жүйелі жұмыстар жөнінде айтты.

- Ауданда Жамбыл орта мектебіне 860 000 теңге, Потанин орта мектебіне 1 млн. 200 мың теңге және Әбілқайыр Баймолдин атындағы орта мектепке 1 млн. 600 мың теңге бөлінген. Сонымен қатар, биыл жаз айларында Шарбақты және Қазы орта мектептерінде «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылады. Айта кетейік, биыл ел игілігіне берілген Аққу ауылындағы «Коворкинг бэйби» және Черное ауылындағы коворкинг орталықтардың жұмысы бүгінде жүйелі жолға қойылған, - деді Е.Әйткенов.

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы елдің өркендеуіне серпін берді. Бұл бағытта өңірімізде ілкімді істер атқарылып, жүйесін тауып келеді. Мәселен, бағдарлама аясында Лебяжі ауданындағы жүзеге асырылған істер ел көңілінен шығуда. Аудан басшысының айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша облыстық жобалар тізіміне үш ішкі бағдарлама бойынша 8 жоба енгізілген. Бүгінгі күні тағы қосымша 5 жоба әзірленуде. Оның ішінде жас еріктілердің көмегімен көгалдандыру, «Батырлар аллеясы» Социалистік еңбек ерлеріне ескерткіштер орнату, ауданның имидждік өнімін шығару, Шәмші ауылында саябақ құрылысы және ауданнан шыққан беделді азаматтардың қатысуымен «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумын ұйымдастыру жоспарланған.

Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жас саяхатшы» жобасы аясында мектеп оқушылары еліміздегі қасиетті жерлерді аралай бастаған. Ағымдағы жылы 30 оқушы Түркістан қаласына барып қайтса, 50 оқушы Павлодар қаласының көрікті жерлерін тамашалаған. Ал 2019 жылы Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарына бару жоспарлануда. Сондай-ақ, «Мектебіме тағзым» жобасы аясында аудан мектептерінің 141 түлегі 22 млн. теңгеге демеушілік көмек көрсеткен.

Айта кетейік, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Лебяжі ауданында киелі тоғыз орын белгіленген. Бүгінде үш орын облыстық картаға енгізіліпті. Аудан басшысы бүгінде бұл орындардың қоршалып, оларға Q-кодтар орнатылғанын айтты.

- Сакралды орындарды анықтау үшін ауданда арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде анықталған жерлерді қоршауға алып, әрбіреуіне төлқұжат пен Q-кодтар орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік желілерде парақшалар ашылды. Елбасының мақаласын насихаттау мақсатында аудан бойынша «Рухани жаңғыру» тақырыбына 11 билборд орнатылған, - деді ол.

Е.Нұрмұханұлының айтуынша, киелі тоғыз орынның ішінде сынықшы, емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті, Базылғазы тасы ескерткіші, Тұз қала көлі, Қамқалы көлі, аңыз-әңгімелерге толы Малыбай көлі, Әбубәкір Хазірет бейіті, Бөрлі көлі, Ғибадолла Ғабдізәкірұлы бейіті бар. Бүгінде аталған нысандар бойынша толық деректер әзірленген.

Жиында Ернұр Нұрмұханұлы ауданда жүйелі түрде қолға алынған «Рухани қазына» ішкі бағдарламасы туралы мәлімдеді. Аталмыш бағдарлама аясында «Рухани құндылықтар – ел жүрегінде» атты жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, аталмыш бағдарламаның «Жаһандағы жаңа заман мәдениетін қалыптастыру» бағыты бойынша вокалды-аспапты ансамбль құру мақсатында музыкалық аспаптар сатып алынбақ.

Аталмыш баспасөз конференциясында аудандық кітап-хананың кітапханашылары жинал-ғандардың назарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында инсталляциялық шығармашылық көрмені ұсынды. Көрмеге ауданның стелласының көшірмесі мен Қазақстан ғылым академиясының академигі, абайтанушы Ғарифолла Есімнің кітабына жасалған инсталляция қойылды.

- Өздеріңізге белгілі, 2012 жылдан бері ауданымызда Хәкім Абайдың туған күні дәстүрлі түрде аталып өтіп келеді. Мұндай шаралар биыл да жалғасын табады. 10 шілде күні аудан атынан Абайдың туған топырағы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданына баратын делегацияға экскурсия ұйымдастырылады, - деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жаннұр Ахметжанова.

Бұдан басқа, жиналғандар назарына 60 кітаптан құрастырылған «Алтын адам» мен «Ұлттық домбыра күніне» орай домбыраның инсталляциясы, Ертіс өңірінің 80 жылдық мерейтойына орай белгілі ақын-жазушылардың кітаптары, Астананың 20 жылдығына арналған туындылар ұсынылды.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz