Депутаттар оқушылар сарайында ашылған, құрамында мамандандырылған студиялар, робототехника, 3D-модельдеу кабинеті, стартап және астрометеорологиялық бөлім, ІТ-сынып бар технопарктың жұмысымен танысты. Оларды жергілікті оқушылардың ІТ саласындағы тың жобалары таң қалдырды. Әсіресе, астрономиялық зертхананың жұмысы ұнады. Онда бүгінде 80 бала ғарыш саласының қыр-сырымен танысуда. Мұндай мүмкіндік олардың астрономияға емес, жалпы қолданбалы ғылымға бет бұруына жол ашады. Бұдан бөлек, аутизммен ауыратын балалардың бұлшық еттерін, буындарын дұрыс жаттықтыруға көмектесетін мобильдік бағдарламаның жұмысы да керемет. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Александр Сусловтың сөзінше, мұндай жоба аталған сырқатқа шалдыққан балалардың ата-анасына зор көмек.

- Павлодарлық оқушылардың заманауи білім, жаңа технологияға деген қызығушылықтары қуантады. Журналист болуды мақсат тұтқан оқушылардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған бейнероликтерінің идеясын, сапасын ерекше атап өтер едім. Бүгінде еліміздегі білім ошақтарында ерекше мән беріп отырған бастамаларының бірі – ІТ-сыныптар ашу. Балалар мектепте компьютерлік білімнің негіздерін меңгереді. Ал аталмыш ІТ-сыныптарда осынау теориялық білімін тереңдете түсіп, тәжірибе жүзінде пайдалануды үйренуі тиіс. Мұндай бастама өзге өңірлерде енді ғана қолға алынса, Павлодар облысында іс жүзінде жүзеге асып, оқушылардың тың жобаларды меңгеріп жатқаны таң қалдырды - дейді Александр Суслов.

Бұдан бөлек, депутаттар облыс орталығындағы №122 мектепке дейінгі гимназияның материалдық-техникалық базасымен танысып, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Инновациялық Еуразия университетінің ұжымымен кездесті. Сонымен қатар, бүйрек ауруларын емдейтін «BB NURA» медициналық орталығы мен №2 қалалық емхананы аралады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА


Цифрландырудың үлгісі

Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрам Пішембаев, Александр Суслов, Альберт Рау, Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова, Анар Жайылғанова «Қазақстан алюминийі» зауытына арнайы барды. Депутаттар іргелі кәсіпорынның ілгері істеріне куә болды.

Өндіріс орнының өкілдері кәсіпорындағы өндірістік үдерістердің барысымен таныстырды. Глинозем өнімі өндірілетін цехтардың жұмысын да көріп қайтты. Мәжілісмендер кәсіпорынның еңбек ұжымымен де кездесіп, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының басымдықтарын түсіндірді. Айгүл Нұркина бес бастаманың әрбір бағытына тоқталды. Олардың барлығы әрбір азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Кәсіпорын басшылығы қызметкерлеріне әлеуметтік тұрғыдан барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Мәселен, былтыр «Қазақстан алюминийі» АҚ қызметкерлеріне 80 пәтер берсе, биыл 120 пәтердің кілті табысталмақ. Одан бөлек, студенттерді тарту мақсатында дуалды білім беруге баса назар аударылады. Қызметкерлеріне кәсіпорын пайызсыз несие беретін көрінеді. Мұндай тәжірибеге он жылдан астам уақыт болған. Өндіріс орнында 6,5 мың адам еңбек етуде. Жұмысшыларын демалыс орындарына, шипажайларға жіберу жағы да ойластырылған.

Тағы бір айта кетерлігі, іргелі кәсіпорында цифрландыру ісі мықтап қолға алынған. Мейрам Пішембаев еліміздегі өнімі экспортқа бағытталған қуатты өндіріс орны цифрландыру жағынан өзгеге үлгі бола алатынын атап өтті.

- Кәсіпорында басқарушылықтың да түрлі заманауи тәсілдері қолданылып жатқанын аңғардық. Бұл өнім көлемін еселеуге, еңбек өнімділігін арттыруға айтарлықтай септігін тигізеді. Сәйкесінше, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы, бұл өндіріс орны еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып отыр, - деді М.Пішембаев.

Ал мәжілісмен Александр Суслов Елбасының өнеркәсіптерді цифрландыру бойынша тапсырмасының жүзеге асып жатқанын айтты. Цифрландыруды екіге бөліп қарау керек, дейді. Біріншісінде тау-кен кәсіпорындарына басымдық берілсе, екіншісінде өңдеу өндірістеріне көңіл бөлінеді. Президент жыл соңына дейін өңдеу секторында 7-10 кәсіпорынды цифрландыруды жүктеген болатын. Бұл ретте, өндіріс барысында еңбек өнімділігі мен қауіпсіздігіне әсер ететін адами факторды мейлінше азайту көзделеді. А.Суслов та ERG тобындағы компаниялар цифрландыру бойынша алда екенін атап өтті.

- Бүгін «Қазақстан алюминийінде» заманауи технологияларды қолданудың озық тәсілдерін көрдік. Мысалы, Қостанайда қазып алынатын шикізат вагондармен павлодарлық кәсіпорынның арнайы цехына кіреді. Дәл осы сәтте бірден мұндағы бакцидтің құрамы анықталады. Ал бұл өндірістік үдерісті оңтайландырып, шығынды да азайтады. Цифрландырудың көздегені де осы емес пе?!- дейді А.Суслов.

Өндіріс орындарында да адамдардың қауіпсіздігі үшін түрлі датчиктер жұмыс істейді. Олар артық қадам жасаудан тыяды. Бұл дегеніңіз, өндірістік жарақаттың алдын алады. Сонымен қатар, депутат цифрландыруды енгізу үшін заңнамалық тұрғыдан да толық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Пилоттық жобалар ретінде іріктеліп алған кәсіпорындарда цифрландыру тетіктерін енгізу шығындарын субсидиялау жағы да қарастырылыпты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ


Алаңсыз қарттық қайда бар?

Зейнетақы жүйесі – реформаға көп ұшырайтын саланың бірі. Сондықтан болар, халық арасында зейнетақыны есептеу, тағайындауға келгенде көп түсініспеушілік туындайды. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Нұр Отан» партиясының жергілікті кеңсесінде қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Халық қалаулыларының көмегіне үміттеніп келген-дердің көпшілігі осы зейнетақы мәселесін қозғады.

Тұрғындардың мәселесін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина мен Анар Жайылғанова тыңдады.

Павлодарлық Зоя Калюгина он жыл бойына қоғамдық жұмыспен айналысқан. Өкінішке қарай, «мемлекеттік қызметшілердің салғырттығынан бар еңбегім зая кетті» деп отыр. Ол 2001 жылы жергілікті жұмыспен қамту бөліміне жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрған. Сол уақыттан бері 2011 жылға дейін аталмыш мемлекеттік мекеменің бағыттауымен қоғамдық жұмысқа жұмылдырылған. Уақытылы жалақысын алып тұрыпты. Бар мәселе зейнетке шығар кезде басталады. З.Калюгина жоғарыда аталған он жыл ішінде бірде-бір зейнетақы салымы аударылмағанын, сәйкесінше бұл кезең жалпы еңбек өтіліне қосылмағанын біледі.

- Павлодар қаласының жұмыспен қамту бөліміндегілер мән-жайды түсіндірмек болып, қолыма зейнетақы жүйесіне қатысты заңнама талаптары жазылған бір парақ қағазды ұстатты. Онда қоғамдық жұмысқа тартылған мүмкіндігі шектеулі азаматтардан зейнетақы салымдары ұсталмайтыны жазылған. Бұл мен үшін «жығылған үстіне жұдырықтай» болды. Себебі, мен мүгедек емеспін. Денім сау. Осылайша, мемлекеттік мекеме өкілдері өз қателіктерін түзетуге тырысқан сыңайлы. Біршама еңбек өтілімнен, зейнетақы салымдарымнан айрылып отырмын. Салдарынан қазір алып жатқан зейнетақымның мөлшері де аз, - дейді зейнеткер.

З.Калюгина бұл мәселені сот арқылы шешуге құқылы. Еңбек өтілін толықтырып алатындай барлық мүмкіндігі бар. Бұл ретте, зейнеткерге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының заңгерлері көмектеспек. Халық қалаулылары аталған жағдайдың оң шешілуін өз бақылауларына алатынын атап өтті.

Зейнетақының машақаты облыс орталығына қарасты Павлодар ауылының тұрғыны Любовь Чеканникованы да Мәжіліс депутаттарының алдына алып келді. Ол бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында тұрған. Бұл өңір Семей ядролық полигонының салдарынан радиациялық қауіп жоғары аудан болып есептеледі. Осы жағдай ескеріліп, Л.Чеканникова зейнетке 45 жасында шыққан.

- Денсаулығым сыр бергеннен кейін зейнетке шыққан соң жұмыс істеуді тоқтаттым. Ол кезде жалпы еңбек өтілім 25 жыл шамасында еді. Өкінішке қарай, үстіміздегі айда күшіне енген жаңа талаптарға сәйкес, зейнетақыға жоғары үстеме қосу үшін еңбек өтілі 33 жылдан кем болмауы тиіс екен. Мұндай боларын білсем, сырқатыма қарамастан жұмыс істей берер ем. Сіздерден радиациялық аумақта тұрған азаматтардың зейнетақысын есептеу жүйесіне өзгерістер енгізуге көмектесулеріңізді сұраймын, - дейді Любовь Николаевна.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Нұркина еліміздің зейнетақы жүйесі жетілдіріліп келе жатқанын атап өтті.

- Бұған дейін зейнетақы тағайындау кезінде тұрғындардың еңбек өтілі ескерілмейтін еді. Бұл олқылық жойылды. Сондықтан еліміздің зейнетақы жүйесі оңалып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта сіздің зейнетақыңызға радиациялық аумақта тұрғаныңыз ескеріліп, 8 мың теңге көлемінде үстеме төленетінін білеміз. Алайда, қазір сіз ол өңірден көшіп кеттіңіз. Сондықтан қандайда бір қосымша жеңілдіктердің қайта қарастырылуы қиын. Дей тұрғанмен, бұл мәселені бақылауға аламыз. Алдағы уақытта сізге қандай көмек көрсетуге болатынын саралайтын боламыз, - деді халық қалаулысы.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz