Шараға автордың әріптестері, достары және студенттер қатысты. Өнердегі жолдастары Александр Пархоменконың шығармашылығы туралы айтып, жас кезіндегі естеліктерімен бөлісті.

Тамыз айына дейін жалғасатын көрмеге елорданың ажарын ашып тұрған, көрікті ғимараттар бейнеленген 30-ға жуық фото-суреті қойылды. Александр Пархоменконың аталмыш салада еңбек етіп жүргеніне 40 жыл-дан астам уақыт толған. Осы аралықта оның фотоаппаратының объективіне ілінбеген бас қаладағы нысандар кемде-кем. Әсіресе, Астананың қалыптасу кезеңінен бастап осы күнгі бейнесіне дейінгі көрініс фотосуретшінің назарынан тыс қалған емес. Автордың жұмысы сонысымен құнды. А.Пархоменконың фотосуреттері бас қаладағы зәулім ғимараттарды тосыннан түсірілгенімен ерекшеленеді. Күндізгі және түнгі Астананың қызу тіршілігі көрініс тапқан суреттер ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар, Хан Шатыр, «Нұр Астана» мешіті, Тәуелсіздік сарайы, өзге де ғимараттардың суреттері қызықты ракурста енгізілген. Әсіресе, «ЭКСПО» көрмесінің аумағы, елорда тұрғындарының көңіл-күйі әдемі берілген.

А.Пархоменконың еңбектері шетелдік көрмелерде орын тауып, оның фотосуретте-рін Франция, Германия, Испания, Чехославакия, Сингапур, Румыния, Ресей халқы да тамашалаған.

Александр Пархоменко бала кезінен-ақ суретке түсіруге деген қызығушылығымен көпшіліктің көзіне түскен. Оқушы болып жүріп бірқатар байқауларда жеңімпаз атанып үлгереді. Ол құстар мен жануарлар әлемін зерттеп, Тянь-Шань тауында ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысқан. Оның табиғаттың сұлулығын бейнелейтін суреттері де жоғары сұранысқа ие. Қазіргі уақытта А.Пархоменко өзінің жылдар бойы жинаған тәжірибесін жастарға үйретуде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz