Кино мен жазушылықты қатар алып жүрген Ермек Кәрімжанұлы осы күнге дейін 13 кітап жазған. Әсіресе, орыс тілінде жарық көрген «Мамлюк», «Мелочи жизни» шығармалары жоғары сұранысқа ие. «Мамлюк» кітабын Серік Сарыбаев қазақ тіліне аударған.

«Мәмлүк» кинороманы XIII ғасырда Мысырды билеген, қазақтан шыққан Бейбарыс сұлтан жайлы жазылған. Автор аталған туындыны жазу жолында Таяу Шығыс елдерінің ерте ортағасырлық тарихын ұзақ уақыт зерттеген. Романның әр жолында автордың сол замандағы абыздар мен пайғамбарлардың, дін жолында азап шеккен ғазиз жандардың жүріп өткен соқпақты жолы айқын көрсетілген. Осы шығарма арқылы автор қатардағы еріксіз тұтқынның жаужүрек жауынгерге айналып, ақыл-парасатымен, қажыр-қайратының арқасында ел билеген сұлтан болғандығын шебер суреттеген. Бұл кітап оқырманды өзіндік ой қорытуға, білім көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.

Көпшілікпен емен-жарқын әңгімелескен кинорежиссер отандық кино саласында өзін толғандыратын мәселелердің бар екендігіне де тоқталып өтті.

- Кешегі Шәкен Аймановтың, Абдолла Қарсақбаевтың тұсындағы мөлдір де соны туындылар қазір жоқ. Біз дәстүр сабақтастығын үзіп алдық. Қазіргі режиссерлер де, көрермендер де жеңіл ойдың жетегінде жүр. Кино ақша табудың төте жолына айналып кеткендігі қынжылтады. Бұқара халықтың көзқарасы мен үшін бәрінен де маңызды. Жұртшылық мен түсірген киноны көгілдір экран арқылы тамашалаған кезде көрерменнің көңіл-күйіне, жүрек толғанысына мән беремін, - дейді Е.Тұрсынов.

Режиссердің ойынша, отандық киноның деңгейін жоғарылату үшін көрермен талғамын өзгерту керек. Сапалы дүниеге сұраныс артқан кезде қазақ киносының аяқалысы түзеледі.

Автор атышулы «Келін» кинофильмі жарыққа шыққан сәтте жұртшылықтың қатаң сынына қалғандығын да жасырмады. Аталған кино туралы біреулер қарсы пікірлер айтса, кейбірі заман ағымына сай туынды деп тұжырымдаған.

Ермек Тұрсынов алдағы уақытта өзі жазған «Мәмлүк» кинороманы бойынша тарихи фильм түсіруді қолға алсам дейді. Осы тақырыптың төңірегінде 12 жыл бойы ойланған кәсіби маман тарихи туындыға үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтты.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz