Облыс орталығындағы «Эрзимаркет» әлеуметтік дүкенінде қанттың бір келісі – 210 теңге, ал үй іргесіндегі өзге сауда орындарында 220-225 теңге. Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Асиповтің айтуынша, «әлеуметтік» деген мәртебесі бар дүкендер үстемеақыны 10 пайыздан асырмайды әрі тұрақтандыру қорындағы өніммен қамтамасыз етіледі. Соның есебінен мұндағы азық-түлік өнімдері айтарлықтай арзан.

- Мәселен, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 214 тонна қант бар. Ол 198 теңгеден босатылып, 210 теңгеге сатылады. Жалпы, бөлім мамандары күн сайын арнайы мониторинг жүргізіп, облыс орталығындағы 40 дүкендегі бағаны бақылауда ұстайды. Яғни, бір сауда орнына әр үш күн сайын келеді. Егер өнімдерге қосылған үстемеақы меморандумда көрсетілген 10 пайыздан асқаны байқалса, тиісті шараларды қолданамыз, - дейді А.Асипов.

Павлодар қаласының тұрғыны Майра Қапанова «Эрзимаркет» әлеуметтік дүкеніндегі бағалардың көңілге қонымды, қолжетімді екенін айтады. Сондықтан күнделікті қажеттіліктерін дәл осы сауда орнынан алады.

Тұтынушылар жиі баратын сауда орындарының тағы бір түрі – дүкендер желісі. Циолковский көшесінің бойында орналасқан «Small» дүкенінің меңгерушісі Кенже Сахиева мұнда ұн, қант, өсімдік майының бағасы үнемі тұрақты болатынын атап өтті.

- Қажеттілігі жоғары әлеуметтік тауарлардың, әсіресе азық-түліктің бағасы жыл бойы тұрақты. Ал кейбір тауарларға маусымдық жеңілдіктер жасаймыз. Мысалы, қазіргі кезде тұтынушылар тарапынан сусындарға сұраныс жоғары болғандықтан, оларға түрлі жеңілдік бар, - дейді К.Сахиева.

Айта кетейік, Павлодар қаласындағы тұтыну нарығында бағаның негізсіз өсуін болдырмау әрі оны тұрақты сақтау үшін 26 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оның екеуі облыс орталығына қарасты ауылдарда орналасқан. Павлодар облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, маусым айында кейбір азық-түліктің ең төменгі бағалары біздің аймақта тіркелген. Айталық, ұн, сиыр еті, ірімшік, қант, өсімдік майы, жұмыртқа, картоп, сәбіз бен қырыққабат өзге өңірлермен салыстырғанда анағұрлым арзан.

- Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын өткен айлармен ғана емес, былтырғы жылдың, тіпті осыдан бес жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырамыз. Соған қарағанда биыл Павлодар қаласындағы дүкендерде бағаның едәуір төмендегенін байқауға болады. Бір ғана мысал – өткен жылдың шілде айында картоптың бір келісі 200 теңге болса, биыл 100-110 теңге аралығында, - деді А.Асипов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz