Осы және басқа да шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы Успен ауданының әкімі Бауыржан Қасенов журналистермен болған брифингте тілге тиек етті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жалпы құны 8,9 млн. теңгені құрайтын 80-нен астам қоғамдық, әлеуметтік-мәдени шаралар енгізілген. Аудандағы білім саласында оң өзгерістер бар. «Мектебіме тағзым» акциясы бойынша аудан мектептерінің түлектері білім ордаларына 3683,2 мың теңге көлемінде көмек көрсеткен. Сондай-ақ «Галицкое» ЖШС Галицкое, Новопокровка, Богатырь ауылдарындағы мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қол ұшын беруде. Бір атап өтерлігі, басқа облыстар мен өзге республикадағы қандастардың көшіп келуіне байланысты Ольгино ауылының мектебінде биыл қазақ сыныптары ашылады деп күтілуде. 1-5-қазақ сыныбында оқитын балаларға «Серпін» бағдарламасы арқылы тәлім алған 7 жас маман білім беретін болады.

- 2018 жылдың соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Успен, Лозов, Қоңырөзек ауылдарында арнайы кабинеттер ашылатын болады. Осыған дейін «Нұр Отан» партиясының бастамасымен аудан орталығында «IT-сынып» іске қосылған болатын. Бүгінде аталған сыныпта 640 адам цифрлық сауаттылық, 80 адам робототехника негіздері бойынша білім алуда, - дейді аудан әкімі Бауыржан Қасенов.

Аудан оқушылары жазғы демалыс кезінде Баянауыл аудандарының киелі жерлеріне саяхаттайды. Сондай-ақ Атырау облысына сапар шегетін облыстық топтың құрамында 5 успендік оқушы бар.

2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Г.Потанин атындағы облыстық өлкетану музейінде Успен ауданы тумаларының шығармашылық көрмесі, «Туған жер» жобасы шеңберінде ауданның танымал тұлғаларымен кездесулер өткізіледі. Ағымдағы жылдың тамыз айында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтеді.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz