Жаз мезгілі басталғалы Павлодар облысында судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 9 адам суға кетті. Олардың мезгілсіз өлімінің басты себебі – суға түсу кезінде ішімдік ішкен. Ал балалардың мұндай қайғылы жағдайға ұшырауына ата-ананың жауапсыздығы себеп болуда. Ажал құшқан балалардың басым көпшілігі қараусыз жүрген.

Бұл туралы Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов былай деді:

- Ертіс өзені жағасында орналасқан барлық елді мекендердегі су айдындарында 22 жағажай ресми түрде ашылған болатын. Бұл орындарда шомылуға рұқсат берілгенімен апаттық жағдайлар тіркелуде. Усолка өзенінің жағажайы, Химқалашық ауданындағы су учаскесі, «Алтын құм» демалыс аймағы, Ақсу ГРЭС-нің су арнасы, Екібастұз ГРЭС-і жасанды су қоймасы, Қ.Сәтбаев атындағы арнаның су қоймасы шомылу үшін қауіпті орындар қатарында қалып отыр. Төтенше жағдайлар қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, күні-түні түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Ертіс өзеніндегі су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр.Бұл бірнеше рет ескертілгенімен, құлақ аспайтындар да кездеседі, - дейді Серік Мүбәрәкұлы.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 25 пен 40 жас аралы-ғындағы адамдар суға кетеді екен. Жағажайларға жақын орындарда суға шомылуға қауіпті жерлерде 100-ден астам ескерту және тыйым салу белгілері орнатылған. Облыс орталығы мен Екібастұз, Ақсу қалаларында қауіпсіздік қағидалары жазылған баннерлер ілінген. Қазіргі уақытта сүңгуір авариялық-құтқару жасағы да күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Адам көп жиналатын орындардың қатарында Баянауыл ауданындағы Жасыбай және Сабынды көл демалыс аймақтары бар. Сенбі-жексенбі күндері аталмыш орындардағы демалушылардың саны 10 мың адамға жетеді екен. Өткен демалыста 2 азамат катамаранда құтқару жилетін кимей, зардап шеккен. Сонымен қатар, кәмелет жасына толмаған бала биіктігі 2-3 метр биіктіктен құлап, ауруханаға жатқызылды.

Мамандар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, БАҚ арқылы ақпарат таратқанымен көпшілік ескертулерге құлақ аспайды. Құтқарушылар ішімдік ішіп, белгіленбеген орында шомылған азаматтарды да құтқарып қалды. Десе де, қызметкерлерге бағынбай, тепсінген азаматтар да кездеседі екен.

«Қазгидромет» орталығының мәліметі бойынша шілде – жылдың ең ыстық айы. Мәселен, осы айда 33-тен 40-қа дейінгі жоғары температура тіркеледі деген болжам бар.

Жаз аптабында күн өтіп, адам денсаулығы нашарлауы мүмкін. Бұл кезде ағзадағы су-тұз теңгерімін бақылаған жөн. Яғни, ол үшін минералды тұздар мен дәрумендерге бай жеміс-жидекті жеген дұрыс. Мамандар ыстық күнде бас киімсіз жүрмеуді, спортпен шұғылдануды азайту керектігін ескертеді. Шыжыған күнде көлеңкені тасалап, сулы сүлгімен сүртіну керек.

Ыстық күнге шыдай алмаған жұртшылық жағажайларды толтыратыны сөзсіз. Сондықтан барынша абай болғанымыз жөн. Мамандар тек рұқсат етілген жерлерде ғана жүзуге кеңес береді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz