Дүбірлі думан орталық жағажайда орналасқан «Ertis Promenade» сахнасында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға шаһардың шырайланып өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері мен олардың өнегелі ісін жалғастырушы жас ұрпақ, сондай-ақ, қала жұртшылығы мен қонақтары көптеп жиналды.

Шаһар тұрғындарын Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

- Павлодар қаласы - еңбекшіл қоғамның тұрақты шаһары. Бүгінде алып өндірісі бар қаланың өрісі өрге жүзіп келеді. Қаламыз облысымыздың ғана емес, еліміздің дамуына орасан зор үлес қосуда. Бұл – тұрғындардың қызметінің нәтижесі. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін,- деді Н.Әшімбетов.

Аталмыш шарада шаһар басшысы қаламыздың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты Павлодар қаласының Құрметті азаматы атағымен марапаттады. Омбы мен Новосібір басшыларына екі жақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлестері үшін ерекше құрмет көрсетіп, сый-сыяпат табыс етті. Сонымен қатар, бұл кеште әр саланың үздіктері елеусіз қалған жоқ. Оларға да Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Бұл күні жиналғандар мерекелік шараларға куә болды. Ел назарына ұсынылған ерекше көрмелер көптің қызығушылығын тудырды. Думан сән-салтанаты жарасқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Өңірдегі өнер ұжымдары ән мен жырдан шашу шашты. Кереку аспанын күй күмбірі кернеп, дәстүрлі әншілер шырқаған әсем әндер тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Театрландырылған көріністер көптің көңілінен шықты. Осылайша думанды шара соңы мерекелік отшашуға ұласты.


Сүлеймен БАҚЫТБЕК, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Павлодар – сан түрлі арман қиялдарды жүзеге асырып, сан-қилы тағдырларды тоғыс-тырған қала. Қарт Ертістің жағасында әсем қаланың сұлу бейнесі алыстан көз тартып, көңіл баурайды. Қаламыз жыл санап жаңарып, жасарып келеді. Жаңа жобалар жүзеге асып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қала аумағы кеңейіп, сәулеті келісті ғимараттар бой көтеруде. Мұның барлығы кеудемізге қуаныш ұялатады. Қаламыздың болашағы жарқын болсын.


Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz