Павлодар қаласында толассыз жауған жаңбыр салдарынан 1 Май, Крупская, Естай, Ломов, Ак.Бектұров, Ак.Сәтбаев, Торайғыров, Муялдинская, Железнодорожников, Целинная, Алтай, Иса Байзақов, Астана, Қамзин көшелері су астында қалды. Көшедегі көлкіген су көлік кептелісін тудырды.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары жаңбыр бастылысымен жұмысқа білек сыбана кіріскен. Бүгінде жоғарыда аталған нысандар қалыпқа келтірілуде.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жол жөндеу секторының басшысы Николай Казаниннің айтуынша, мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшкен. Су сору жұмыстары алдымен екінші Павлодар шағын ауданынан басталған. Қазіргі күні қала бойынша сыйымдылығы 10 текше метрлік үш техника су сору жұмыстарына жұмылдырылған. Ауа райы қалыпқа келгеннен кейін жаңбыр суы салдарынан зақымданған жол жабындысы жөнделеді.

Сонымен қатар, жаңбыр салдарынан орталық жағажайдың Толстой көшесімен қиылысындағы 30 метрлік бөлігі апатты деп танылған. Қазіргі уақытта мұнда «Казсервис ПВЛ» фирмасы жұмыс істеуде. Мердігер фирманың техникалық директоры Мұхамбетқали Алдоңғаровтың айтуынша, судың көп мөлшері кеспе тастардың құлауына әкеп соққан. Жаяу жүргіншілер жүретін жолдың шеткі бөліктері 2-3 күннің ішінде қалыпқа келтіріледі деп сендірді.

Мұндай жұмыстар «Сарыарқа» шағын ауданындағы тұрғын үйлерде де жүргізілуде. Аталмыш үйлерге жауапты «Жемалутдинов» қызмет көрсету компаниясы ның жетекшісі Вадим Жемалутдинов жертөлелерді өз сорғысының күшімен тазалап жатқанын айтады.

Айта кетейік, Павлодарда жексенбі күні екі сағатта жауын-шашынның бір айлық нормасы түскен. Осыдан 26 жыл бұрын тәуліктік жауын-шашынның ең жоғары көрсеткіші 78 миллиметрге жетсе, 2017 жылы 49 миллиметр болған.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz