ҚР Парламенті Мәжілісі депутат-тарының Павлодар облысындағы жұмыс сапары жалғасуда. Қос депутат – Альберт Рау мен Александр Суслов «Темірмаш» кәсіпорнына барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Компания өкілі Дмитрий Солохиннің айтуынша, мұнда «КамАЗ» автокөліктерінің негізінде арнайы техникалар шығарылады. Кейін «ҚазТрансойл», «ҚазMinerals» сынды ірі зауыттарға жеткізіледі. Ал құрал-жабдықтың басым бөлігі германиялық «AUMA» фирмасының технологиясымен дайындалады. Сондықтан өзгерістер енгізіп, қазақстандық құрамды арттыруда сәл қиындық бар. Десе де, компания өкілдері шетелдіктермен келіссөздер жүргізіп, мәселенің оң шешілуінен үмітті. Альберт Рау атап өткендей, бұл кәсіпорынның болашағы зор. Тек қолдау көрсету керек.

- «Темірмаш» - инновациялық бағытта жұмыс істейтін, бәсекеге қабілетті компания. Өнімдері мұнай саласында жұмыс істейтін компания- лар тарапынан сұранысқа ие. Бірақ, сатылымға шығаруда түйткілдер бар көрінеді. Тығырықтан шығу үшін қазақстандық құрамды көбейту керек. Осы мақсатта германиялық тараппен келіссөздер жүргіземіз. Бұл ретте Павлодар облысында өндіріс саласы қарқынды дамығанын атап өту керек. Яғни, жергілікті кәсіпорындар өніммен қамтуға қауқарлы. Ол үшін «AUMA» компаниясының рұқсатын алсақ болғаны, - деді А.Рау.

Кәсіпорын жылына шамамен 100 техника шығарады. Жоспар бойынша, қуаттылықты 300-400-ге дейін арттыру қажет. Мұнда 70 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.

Бұдан соң депутаттар «Рубиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Павлодар қаласына қарасты Ленин кентінде орналасқан ет өңдеу комбинатына барды. Комбинат басшысы Олег Безверхов ет өнімдерін дайындаудың тұтас технологиясымен таныстырды. Мұнда барлық іс автоматтандырылған жүйеге сәйкес жүргізіледі. Мәжілісмендер кәсіпорынның жұмысына оң бағасын берді.

- «Рубиком» өнімдері Павлодарда ғана емес, Астана мен еліміздің өзге өңірлерінде де танымал. Тіпті, Ресейге экспортталып, көршілес мемлекеттің нарығынан орын алып отыр. Кәсіпорын мұндай нәтижелерге тоқмейілсімей, ет-сүт өңдеу өндірісін одан әрі дамытпақ ниетте. Бұл – құптарлық іс. Себебі, сол арқылы агроөнеркәсіптік кешен ғана емес, еліміздің тұтас экономикасының ілгерілеуіне үлес қосуға мүмкіндік бар. Атап өтерлік тағы бір тұс – өнімдердің бәрі тиісті сертификатты алған. Сол арқылы тұтынушылардың сеніміне ие болады. Сертификаттар болғандықтан, сатып алушылардың өнімнің сапасына қатысты күмәні болмайды, - деді А.Суслов.

Ал Мәжіліс депутаттарының келесі тобы - Айгүл Нұркина, Айзада Құрманова және Анар Жайылғанова Шарбақты ауданында болып, аудан аумағындағы киелі орындарға барып, тұрғындармен кездесті.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Суретті түсірген – А.Жұматов.

saryarka-samaly.kz