Павлодар облысы «қанатты» металл өндірісімен танымал екені белгілі. Тіпті, былтыр металдың бұл түрін өңдеудің төртінші кезеңіне көшіп, қоспалы алюминий және одан алюминий дискілерін шығаратын қос бірдей кәсіпорын іске қосылды. Металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтаған облыс әкімі Болат Бақауов «Қазақстанда жасалған» белгісі бар өнімдердің әркез бәсекеге қабілетті екенін атап өтті.

- Бүгінде алюминий кластері – еліміздің металлургиялық саласының басты тірегі. Павлодарлық глинозем Ресей нарығынан ойып тұрып орын алса, алюминий Еуропа мен Азия елдерінде жоғары сұранысқа ие. Осы орайда ERG компаниясының әлеуметтік жауапкершілікті ұмыт қалдырмайтынын баса айтқым келеді. Компания мен облыстық әкімдік арасында жасалған меморандумға сәйкес, жыл сайын жаңа спорт нысандары ашылып, көпқабатты үйлер бой көтеруде. Әріптестік сабақтастығы үзілмей, әлеуметтік мәселелерді шешуде бірлесе еңбек етерімізге сенім мол, - деді Б.Бақауов.

«Қазақстан алюминийі» акцио-нерлік қоғамының президенті Роман Романов өндірісті ілгеріле туде ауқымды істердің атқарылатынын тілге тиек етті.

- «Қазақстан алюминийі» және «Қазақстан электролиз зауыты» - еліміздегі өндірістің негізі. Жыл басынан бері 750 мың тонна глинозем, 2 млн. тонна боксит, 1 млн. тонна әктас, 127 мың тонна алюминий шығардық. Бұл көлемді көбейту үшін талмай, тынбай еңбек етеміз. Металлургтерді кәсіби мерекемен құттықтай отыра, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді Р.Романов.

Бұл күні «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 50, ал «Қазақстан электролиз зауытының» 14 үздік қызметкерінің суреті Құрмет тақтасына ілінді. Сонымен қатар, мереке аясында алюминий дивизионының 500-ден астам жұмысшысына түрлі деңгейдегі марапат табыс-талды. Ал үздік 30 адам «Ертіс Promenade» сахнасына көтеріліп, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамотасын, Алғыс хатын, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан алюминий» АҚ "Еңбек сіңірген қызметкері», «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы» белгілерін иеленді. Өз ісінің білікті әрі кәсіби мамандары ескерусіз қалған жоқ. Атап айтқанда, Сергей Черных «Қазақстан электролиз зауытытынң үздік бригадирі», Елубай Сәкенов аталмыш өндіріс орнының «Үздік тәлімгері» атанды. Марапатқа лайық деп танылғандардың бірі – Балтабай Нұрмұхамбетов. «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалы – Краснооктябрь боксит кен басқармасының жүк тиегіш көлігінің жүргізушісіне Еуразиялық Топтың Алғыс хаты берілді.

- Кеніште жұмыс істегеніме 30 жылдан астам уақыт өтті. Бұл кезеңде өндіріс саласы айтарлықтай өзгергеніне куәмін. Бүгінгі күні қауіпсіз жағдайда еңбек етуіміз үшін барлық жағдай жасалған. Ширек ғасырдан астам уақыт атқарған қызметім еленіп, марапат иеленгеніме қуаныштымын, - дейді Б.Нұрмұхамбетов.

Металлургтерді отандық эстрада әншісі Луина мен көпшілікке белгілі ресейлік орындаушы Дима Билан құттықтады. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл күні Ертіс жағасына 50 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары жиналыпты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz