Ер Қабаң

Алдымен Торайғыр ауылында осы елді мекенде 1965-1984 жылдары басшылық қызмет атқарып, ақынның ауылының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қабиден Әубәкіровтің мүсіні мен жеке кабинеті ашылды. Шараға қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов білікті басшының ерен еңбегін атап өтті.

- Қабиден Әбілғазыұлы басшылық еткен тұста ауылда 34 қой фермасы ашылып, аудан орталығымен байланыстыратын жолдың салынғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл – атқарған қызметінің бір парасы ғана. Ширек ғасырға жуық уақыт аралығында туған ауылының дамуы үшін тер төкті. Бүгінгі күні ұрпақтары да әке, ата жолын жалғап, өлкенің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді, - деді Б.Бақауов.

Еңбек ардагері Қайрат Рахметов замандасын былай еске алды:

- Қабиден Әубәкіров небары 25 жасында басшылықты қолға алып, 25 жыл тынымсыз еңбек етті. Жастық жігердің жалынымен талай істің басын қайырды. Әсіресе, осы ауылға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімін беру үшін көп ізденді, талай табалдырықты тоздырды, күшін сарп етті. Осы сынды іргелі істері арқылы елге сыйлы болып, құрметке бөленді. Ауылдың барлық тұрғыны оны «Ер Қабаң» деп атайтын.

Қ. Әубәкіровтің қызы Қарлығаш, інісі Бақыт ел азаматының еңбегін дәріптеуде қолдау танытқан облыс басшылығы мен жергілікті азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

Дәстүр дәріптелді

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойына арналған шаралар легі ауылдың іргесінде орын тепкен этноауылда жалғасын тапты. Мұнда әр аудан-қала, облыстағы ірі кәсіпорындар 27 киіз үй тігіп, ұлттық тағамдарға толы дастарқан жайып, ән мен биден шашу шашты. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» киіз үйін айрықша атап өтуге болады. Ұлттық киім киген қыз-жігіттер есік алдынан-ақ меймандарды күтіп алып, құндылықтарымыз туралы жан-жақты ақпарат берді. Барлық киіз үйде құдайы қонақтарға астың түр-түрі ұсынылды. Ал олардың аумағында сауда қызу жүрді. Жергілікті кәсіпкерлер ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларын сатылымға шығарды. Ою-өрнек салынған сан алуан киім, құрақ көрпелер, тіпті ат әбзелдері де сатылды. Киіз үйлердің жанында суретшілер әсем табиғатты қағаз бетіне түсірді. Пейзаждардың әдемі болғаны соншалық, қаумалаған жұртшылық суретшілерді сұрақтың астына алып, қас қағым сәтте тамсанарлық туындыларды салған өнер иелеріне «бәрекелді!» десті. Сонымен қатар, этноауылға жиналғандар боз кілемде бақ сынады. Қазақ күресінен кім мықты екенін білмек болып, қатысуға ниет білдіргендердің қатары қалың. Аудан-қалалардан келген спортшылар аянып қалмай, озық атану үшін тырысып бақты. Жүлдегерлер сапында «Қазақстан барысы» бәсекесінің облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, биыл спорттық додада аймақ абыройын қорғаған палуан Арман Махамбетов бар.

Одан бөлек, үстел ойындары ұйымдастырылды. Есептеудің қыр-сырын білуді талап ететін тоғызқұмалақ, шахмат пен дойбы бойынша сынға түсті. Жастар алтыбақан теуіп, әпке-жеңгелер ұлттық тағамдардың қалай әзірленетінін көрсетті.

Думандағы дуатлон

Кештің көрігін қыздырған бәсеке - дуатлон, яғни жүгіру және велосипедпен жүру жарысы. Оған жасы да, жасамысы да, барлығы 100-ге жуық адам қатысты. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары, Железин, Шарбақты, Качир аудандарының спортшыларымен қатар Алматы мен Қостанайдың велошабандоздары да жарысқа түсті. Олар этноауылдың аумағында 5 шақырым жүгіріп, кейін велосипедпен Торайғыр мен Жасыбай арасында салынған жаңа жолмен 25 шақырым жүрді.

Жарысқа қатысушылардың бірі – шарбақтылық Өміржан Ошанов. 57 жасар азамат ауданның намысын жалғыз өзі қорғады.

- Мен бұған дейін Ертіс өзенінде жүзу, велосипедпен жүру бойынша бірнеше рет рекордтық көрсеткіш орнатқан едім. Ал дуатлонға екінші мәрте қатысқалы отырмын. Жастардан қалыспай, күш-қуаты-мыздың мол екенін дәлелдейміз деген ойдамын, - деді Шарбақты аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Өміржан Ошанов.

Спортшыларға сәттілік тілеу үшін әйгілі марафоншы, Гиннес рекордтар кітабының рекордсмені Марат Жыланбаев арнайы келді. Өз ісін жетік білетін маман ой-пікірімен де, ақыл-кеңесімен де бөлісті.

- Киелі Баянауыл жерінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай думанды тойдың, дуатлонның ұйымдастырылуы – қуанышты жағдай. Тау бөктерінде, таза ауада жүгірген тым бөлек. Әрине, шіліңгір шілденің аптап ыстығында жүгіру де, велосипедпен жүру де оңай емес. Жолда қиналып қалмас үшін жарыс алдында спортшылармен бар білгеніммен бөлісуге тырыстым. Осы орайда соңғы жылдары жұртшылықтың жүгіріске ден қоя бастағанын ерекше атап өткім келеді. Қатардағы қарапайым қызметкер де, министр мен әкім де спорт залдарына барып, түрлі марафонға қатысып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуда. Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы алдыңғы қатарда. Бүгінгі жарыс - соның айқын дәлелі, - деді М.Жыланбаев.

5 шақырым қашықтықты шаршамай-шалдықпай жүгіріп, 25 шақырым бойы велосипед тізгіндеген жанды алдына салмаған павлодарлық Руслан Шакратов мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол белгіленген межеге 1 сағат 1 минут 26 секундта жетті.

- Бұл жарысқа тыңғылықты дайындалдым. Себебі, сайыстың арқалы ақын Сұлтанмахмұттың мерейтойына орайластырылуы зор жауапкершілікті жүктеді. Қазақтың біртуар тұлғасының жерлестері намысты қолдан бермей, үздік атануы тиіс еді. Бұл міндет орындалды. Жарысты ұйымдастырушыларға рақмет! Жолдың бойында барлық белгі орнатылған, сондықтан айтарлықтай қиындықтар болған жоқ, - деді ол.

Павлодар қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған №1 спорт мектебінің жаттықтырушысы Руслан Шакратовтың веложүгі-ріспен кәсіби түрде айналысқанына 5 жылдың жүзі болыпты. 20 жасар спортшы соңғы уақытта дуатлонға ден қойып жүр. Енді жүзудің техникасын жетік меңгеріп, триатлонға қатысуды жоспарлап отыр.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған»

Ақын мерейтойында өлеңдердің оқылмауы, туындылардың жазылмауы мүмкін емес. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ізін басып, ол салған сара жолды жалғастырып келе жатқан жастар да шығармашылық қырымен танылды. Айтулы тойдың алдында Баянауыл ауданы әкімдігі мен «Мәдениет» порталы «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» атты онлайн-мүшәйра ұйымдастырған болатын. Қалың қауым аталмыш порталда жарыққа шыққан өлеңдерге дауыс беріп, кейін Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек бастаған қазылар алқасы електен өткізді. Мүшәйра-ның қорытындысы Торайғырдағы этноауылда жарияланды. Осы орайда аймақ басшысы Болат Бақауов Сұлтанмахмұттың бойында талант пен талаптың шебер үйлесім тапқандығын, оның қазақ әдебиетінің кең қанат жаюына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.

- Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өшпес із қалдырған Сұлтанмахмұт Торайғыров – қазақ халқының маңдайына біткен біртуар дара тұлға. Алаш зиялысы атанған ақынның есімі мәңгілік сақталып, ұлықталары хақ. Бұл – біздің азаматтық борышымыз. Биыл 125 жылдық мерейтойы аясында ауқымды істер атқарылды, әлі де жалғасын табады. Жерлесіміздің есімі мен еңбегін дәріптеуде сүбелі үлес қосып жүрген ел ағаларына, ғалымдарға, бүгінгі думанды тойған жиналған қауымға алғыс білдіремін, - деді Б.Бақауов.

Еліміздің әр өңірінен мүшәйраға келіп түскен өлеңдер ішінен он туынды озық деп танылды. Жүлделі үшінші орын белгілі ақын, Павлодар облыстық «Регион.kz» газетінің жауапты хатшысы Жарқынбек Амантайға, алматылық Айдана Майсарбекқызы мен Көкшетаудан келген Қайрат Сейітқазинге бұйырды. Екінші орынды астаналық ақын Қарлығаш Қабай мен бас қаланың тағы бір өкілі Ұмтыл Зарыққанұлы өзара бөлісті. Бірінші орын шымкенттік Батырхан Сәрсенханға табысталса, бас жүлдеге Шығыс Қазақстан облысының ақыны Рауан Қабидолдин лайық деп танылды. Онлайн-дауыс берген оқырман мен қазылар алқасы «Ақынның Алтайға келуі» атты туындысын жоғары бағалады.

- Сұлтанмахмұт Торайғыров Алтайға келіп, Қатонқарағайда сабақ берген екен. Сол уақытта Бағила деген қызға ғашық болыпты. Өкінішке қарай, қос ғашық қосыла алмай кетті. Ал менің шығармам ақын мен арудың арасындағы нәзік сезімді арқау етті. Осындай жыр додасын ұйымдастырып, Баянауылдың баурайында дүркіретіп той жасаған Павлодар облысының ісі – көпке үлгі, - деді Р.Қабидолдин.

Сонымен қатар, С.Торайғыровтың 125 жылдық мерейтойы аясында дәстүрлі ән байқауы өтіп, күміс көмей, жез таңдай әншілерге түрлі марапат табысталды. Осылайша, ақынның туған күні кіндік қаны тамған жерде кеңінен аталып өтті. Сұлтанмахмұттың әдебиеттегі орны, өмірлік жолы дәріптеліп қана қоймай, сан алуан сайыс ұйымдастырылып, ел игілігіне бағытталған шаралар өтті. Торқалы тойға облыс тұрғындары ғана емес, көршілес аймақтардың азаматтары да жиналды. Бұл Сұлтанмахмұттың күллі Қазақ еліне ортақ екенін аңғартса керек. Алдағы уақытта Естай Беркімбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Мұса Шормановтардың мерейтойларына арналған думандар ұйымдастырылмақ. Ұлыларын ұлықтаған шаралардан қалыс қалмайық, ағайын!


Қайырбек ЖОЛАМАНОВ, Қарағанды облысының тұрғыны:
- Бала кезімізден Сұлтан-махмұт Торайғыровтың өлең-дерімен сусындап өстік. Қазақ халқының бітім-болмысын, хал-ахуалын, көзқарасы мен дүниетанымын арқау еткен шығармалары бізді жігерлендіріп, Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті. Сондықтан ақынның 125 жылдығы Баянауылда аталып өтетін естіп, жолдың шалғайлығына, күннің ыстығына қарамастан отбасымызбен келдік. Балаларымды Сұлтанмахмұтты дүниеге әкелген қасиетті жердің топырағына аунатып, тау-тасын көрсеттім. Торайғыр көлінің тұнық суына шомылып, әсем табиғатын тамашаладық. Дәл осындай шаралар өскелең ұрпақтың қазақтың тарихына, әдебиетіне қызығушылығын арттырып, ел тұрғындарын ұйыстырады деп білемін.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Торайғыр ауылы, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz