Естай Беркімбайұлы – Қабдыкәрім Ыдырысовтың ақын, тіпті әнші болуына ықпал еткен, көкірегінде ән-өлең ұшқынын тудырған ұстаз. Бұл туралы естеліктер сөй-лейді. Мәселен, Қабдыкәрім: «Соғыс салған зардапты ел арасында өз көзіммен көрдім. Әсіресе, 42-інші жыл болса керек, біздің ауылдан біркелкі он төрт жігіт майданға аттанды. Кейін біреуі ғана аман оралды. Сол шақтағы ана зары, әкенің көз жасы ұзаққа есімде қалды. Ел арасында еңсесі түскен жұрттың көңілін көтеру біздің үлесімізге тиді. Төпелеп жүріп, домбыра шертуге үйрендім. Ән айта бастадым. Әнші бала атандым», деп еске алады.

Осындай қиын-қыстау уақытта Естай ақынмен жүздесудің сәті туады.

«1944 жылы ел арасында сауыққойлардың олимпиадасы өткізілді. Ауылдан зорлап шақыртып, мен де қатыстым. Бір-екі әләуләй әнім жұрт көңілінен шығып, аудандық төрешілер комиссиясы атақты әнші Естай Беркімбаевты, Ленин колхозынан Шәріп қария, Он төртінші ауылдан Нұрғожа қария және мені облыстық олимпиадаға қатысуға жіберді.  Павлодарға келсек, өңшең ығай мен сығай, менің әншілік өнерім олардың маңайын көрмейтін сияқты. Қысылған мен (бірге келген үш қария да әрі әнші, әрі ақындар) сол кездегі Отан жағдайын, қаншама сұрапыл соғыс жүріп жатса да, елдің жеңіске деген сенімін, көтеріңкі көңілін, тағы басқаларды қосып, өлең шығарып, қалалық пионерлер үйінің сарайында «Аққұмның» әнімен айтып бергенім бар. Сол жолы Естай әнші ерекше құрметке бөленді. Қалғанда-рымыз да бос қайтпадық. Есағаң бірінші сыйлыққа, Шәріп қария екеуміз облыстық олимпиаданың екінші сыйлығына ие болдық. Мен 36-ыншы размерлі әйел туфлиін алып, жұрт әзіліне ұшырағаным бар», - деп жазады Қ.Ыдырысов «Менің өмірбаяным» атты есте-лік қолжазбасында.

Кейін Алматыда әдеби ортада жетіліп, шығармашылық тұрғыда толысқан соң да Қ.Ыдырысов Естайдың мұрасын өзінің те-мірқазығы ретінде ұстанды десек, артық айтқандық емес. Рас, оған бала кезінде дүлдүл ақын Иса Байзақовтың да берген бағыт-ықпалы зор болған... Бірақ Естайдың орны әсіресе әншілік қабілетінде терең байқалған. Бұл туралы Халық қаһарманы, Қазақстанның Халық жазушысы  Қасым Қайсенов былай деп еске алады:

«Қабдыкәрімнің сырын біліп алған соң кейде үйге сыйлы үлкен қонақтар келген кезде бірге болсын деп оны қосып шақыратын едім. Біраз отырып Қабдыкәрім терлеп бабына келген кезде:

- Қабдыкәрім,  мына ағаларыңа «Қорлан-ды» айтып берсеңші, - деп қолқа салатынмын.

Ол қолына домбыра алып, Естай атаның «Қорланын» аңырататын еді. Тыңдаушы біздердің көзімізге жас үйірілмейтіні аз болушы еді. «Қорланды» Қабдыкәрімдей айтатын әншіні естіген емеспіз дейтін тыңдаған ағалары. Шынында да солай еді. Өзі жүрегі нәзік ақын адам «Қорланды» аяқтап ауыр күрсінетін. Оны мен сүйіп құшақтайтын едім. Не керек, сол асқақ әнші жанның сол шабытты әнін күйтабаққа кім түсірді дейсің!

Қабдыкәрім асқақ ақын және әнші еді» (Қ.Қайсенов, «Дархан дарын» естелігінен).

1978 жылы бүкіл елге танылған ақын, әнші Қабдыкәрім Ыдырысов  Павлодарға өзінің 50 жылдық мерейтойын өткізуге, сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Жұбан Молдағалиев, сырлас достары Сағи  Жиенбаев, композитор інісі Әсет Бейсеуовтермен бірге келген.  Бала кезде төсінде талай тербелген туған жерді армансыз аралаған ақын Краснокутск ауданы Чкалов атындағы совхозға аялдап, Естай Беркімбайұлының басына тәу етеді. Бұл ақынның ұстазына, оның аруағына деген шексіз ілтипаты, биік құрметі еді. Өзі де осы сапардан кейін оқыстан дүние салғаны мәлім...

Қалай айтсақ та, Естай Беркімбайұлы саф өнерімен, асқақ рухымен Кереку өңірінен талай тарлан тәрбиеленіп, түледі. Қазақ аман болса, солай жалғаса да бермек.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz