Жақында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы орта мектептің ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары РҺ.Д. докторы, жапон елінің Осака қаласының тұрғыны Токо Фудзимотомен кездесті.

Ғалым өз елі туралы слайд көрсетіп, жапондықтардың тіршілігі туралы әңгіме айтты. Оқушылар жапон елі туралы өздерін қызықтыратын бірқатар сауал қойды.

Токо Фудзимото Мәшһүр Жүсіп атаның кесенесіне барды. Атамыздың өмірі мен ерекше қасиеттері, шығармашылығы туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп атаның мектеп оқулықтарына енген шығармалары жайлы сұрастырды. Ғалымның мақсаты қазақтың салт-дәстүрлері туралы мәлімет жинап, оларды өз елінде шығаратын ғылыми кітапқа енгізу екен.

Кездесу соңынан оқушылар Токо ғалыммен ескерткіш суретке түсті.

С.ӘЛТАЕВА, мектептің оқу ісінің меңгерушісі, Баянауыл ауданы.

 

Жан анам
Ақылдым, қамқор анам,
Өлең жазуға алдым қалам.
Ана, Ана, Ана,Жүректегі жалғыз ән.
Өмір берген, аялаған асыл жан,
Жүрегінің түбіндегі бақ-арман.
Баласының мұңдасы мен сырласы,
Ғұмыр бойы махаббатқа ораған.
Ардақты, құдіретті анашым,
Бесігімді талмай тербеткен,
Өмірге жол көрсеткен,
Алғашқы менің ұстазым!
Мәңгілік Сізге тағзым!

Алдияр ҚҰДАЙБЕРГЕН, 8-сынып оқушысы, Кенжекөл орта мектебі, Павлодар қаласы.

 

Наурыз
Ағайындар, бауырлар,
Наурыз келді, алақай.
Көже пісті әр үйде,
Бір тойдың қой, балақай.
Бәйшешектер гүл ашты,
Мұзды ерітіп Наурыз.
Күн жайыпты құлашты,
Жарқырай бер, Наурыз!з!

Жаннұр НҰРЛАНҚЫЗЫ, 3 «Ә»-сынып оқушысы, Бірлік ауылы, Баянауыл ауданы.

 

ЭКСПО-ға арнау
Астананың төрінде,
Қазақтың байтақ жерінде.
ЭКСПО көрме болады,
Болыңдар сендер қонағы.
Бүкіл әлем келеді,
ЭКСПО-ның бар керегі.
Ғылым менен жетістік,
Бұл көрменің берері.
Елімнің түспес беделі,
Бар халық оны демеді.
Ғылым мен білім қашанда,
Алыптарды жеңеді.

Жәнел ЖАЙЫҚ, 2 «Б»-сынып оқушысы, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі, Павлодар қаласы.

 

 

Қонақжайлық қасиет

Қонақжайлық - біздің ұлттық болмысымыздағы ақ көңіл, ашық ниетпен босаға аттағанда көрсететін ықылас. Осы қасиет біздің қазақ халқына тән. Бұл -қазақтың діліндегі алдыңғы қатарда тұрған ұстанымы. Осы ұстаным Қазақ Атаның ұлан-байтақ жерінде өмір сүріп, өсіп-өніп отырған қаншама ұлттарға жайлы мекен, жылы ұя болды. Иә, біздің кең даламыздай халқымыздың да пейілі кең, қонақжайлығы ешбір ұлтта жоқ үлкен қасиет саналады.

Зейнеш РАҚЫШҚЫЗЫ,зейнеткер, Павлодар қаласы.

 

Ұстаз - ұлы есім

Дүниедегі мамандық атаулының төресі ұстаздық. «Мұғалім мамандығы барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ.

Мұғалімнің алдынан алған тәлім-тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтейтін шамшырақ. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған. Бізге білім беріп жүрген ұстазымды мақтан тұтамын, қадірлеймін.

Барлық ұстаздарға құрмет көрсету парызымыз, олардың үмітін ақтау міндетіміз деп білемін

Мұстафа СОЦИАЛ, 3 «Б»-сынып оқушысы, №37 орта мектеп, Павлодар қаласы.

 

Алғашқы қадам

Алғашқы менің ұстазым
Шолпан апай аяулы.
Үйренеміз апайдан
Қатал болу, аяуды.

Қандай көркем мектебім,
Қандай жақсы Әліппем.
Болашаққа қадамым,
Басталады әріптен.

 Анама

Анашым, менің жан анам,
Тірегімсің, панамсың.
Қымбаттысың сен маған,
Мұңаймашы ешқашан.

 

 

Демалыста

Менің көктемгі демалысым өте қызықты өтті. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз есімде қалды. Қала орталығындағы алаңда көптеген киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Спорттық іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырылды. Қаладағы өнерпаздар ән салып, би биледі. Мен Жанарман ағамен, Жансая, Мерей деген сіңлілеріммен алтыбақан тептім. Демалыста Баянауылға Ж.Аймауытов атындағы ауылға әжеме қонаққа бардым. Мен сол ауылда туғанмын. Туған күнімді де осы ауылда жүргенде қарсы алдым. Бөлелеріммен бірге «Maxi park»-та түрлі ойындар ойнап, балмұздақ жедік. Сосын анаммен бірге белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубекованың концертіне бардым. Әншімен суретке түсерде ол кісі маған бір шоқ гүлді сыйға тартты. Мен қатты қуандым, Гүлбаршын апайға ризашылық білдірдім.

Міне, төртінші тоқсанға да аяқ бастық. Мен 4-сыныпты жақсы бағалармен аяқтауға тырысып жүрмін. Жазғы демалыс та жақындап қалды. Ал демалысқа қазірден бастап жоспар жасап қойдым. Әрине, «Айналайынды», газет-журнал, әдеби кітаптарды да оқуым керек. Өйткені мен бір сыныпқа есейдім, есейген бала білімді, ақылды болу керектігін жақсы түсінемін.

Нұрайлым АЙТКЕН, 4-«Б»-сынып оқушысы, №11 орта мектеп, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz