Бүгінде облыс орталығындағы екінші Павлодар шағын ауданында Павлодар технология  колледжі мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерінен құралған жасақ жұмыс істеуде. Негізігі жұмыстар шілде айынан басталған. Бүгінде олар мұндағы үйлердің аулаларын тазартып, күл-қоқыстан арылтуда. Абаттандыру жұмыстарын атқаруда. Жасақ сарбаздары жерасты суынан зардап шеккендерге осылайша қолдау білдіруде.

- Колледж студенттерінен құрылған жасақта 20 студент бар. Жұмыс басталғалы 8 үйдің жөндеу жұмыстарына атсалыстық. Әр үйге әлеуметтік көмек ретінде жеткізілген құм мен кірпіштерді аулаға кіргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, үш көшені арамшөп пен қоқыстардан тазарттық. Судан зардап шеккен тұрғындарға ғана емес, егде жастағы зейнеткерлерге де көмектесудеміз, - дейді технология колледж жасағының командирі Данияр Ақылбеков.

Мұндай шаралар айдың соңына дейін жалғасады. Бүгінде мұнда 90 студент еңбек етуде. Таңғы сағат 8.00-ден түскі 14.00-ге дейін жұмыс істейді. Олардың әр біреуі айына 68 мың теңге жалақы алады.

- Осындай игі шараларды ұйымдастырған қала басшылығына, бізге көмектесуге келген студенттерге ризамын. Мен - жалғызбасты зейнеткермін. Бүкіл өмірімді осында өткіздім. Денсаулығым болмаса да, жазғы уақытта бау-бақша отырғызғанды ұнатамын. Бүгін сарбаздар бақшадағы картоптың шөбін жұлып, үйдің жан-жағын қоқыстан тазартып берді, - деді шағын аудан тұрғыны Галина Меланич.

Айта кетейік, мамыр айының ортасында  Павлодар қаласындағы Алтай, Якутск, Таллин, Целинная, Днепропетровск, Димитров көше-леріндегі 200-ге тарта үйді су басқан болатын. Бүгінде тұрғындарға көмек көрсетіліп, аталмыш аумақта жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz