Жетекші ауылының тұрығыны Жақсылық Ғабдылсаттарұлының бұл елді мекенге Ақтоғай ауылынан көшіп келгеніне 12 жылдың жүзі болыпты. Ауыл ақсақалының айтуынша, осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерді. Әсіресе, соңғы жылдары жұртшылықты алаңдатқан күрмеулі мәселелер шешімін тауып келеді.

- Жетекші ауылының іргесінде 40 жыл бойы жиналып қалған қоқыс алаңы бар еді. Оның иісі қолқаны қапқаны былай тұрсын, тұрмыстық қалдықтар желмен ауылға ұшып кіріп, бұл жер ит-құстың «мекеніне» айналды. Мұның барлығы жеке тұрғын үйлерді салуға да айтарлықтай кедергі келтірді. Қуанышымызға орай, бұл маң қоқыстан толығымен тазартылып, терең тыныстай бастадық. Оған қоса, жарықтандыру мен жолдың жағдайы жақсаруда. Қобыланды батыр көшесінде асфальт төселіп, жол тақтайдай тегіс болды, - дейді ауыл тұрғыны.

Жетекші ауылының әкімі Нұрлан Сәрсембинов ауылды көріктендіру бағытында ауқымды істердің атқарылғанын атап өтті.

- Осы жылдың сәуір айында «Капитал-ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы уақытқа дейін тұрмыстық қалдық шығарылып келген аймақты тазартып, рұқсат етілмеген қоқыс алаңын тегістеді. Бұл мақсатқа 9 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сонымен қатар, дәл осы уақытта «Иртыш Альянс Трейд» компаниясы зиратты қоршап берді. Оған қалалық бюджеттен 3 млн. 734 мың теңге бөлінді. Жол жөндеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биылғы маусым айында «Мироторг ПВ» серіктестігі Қабанбай батыр, Геологическая, Строительная көшелеріндегі асфальт жолды ағымдағы жөндеуден өткізді. Жұмыстың жалпы сомасы 19 млн. 612 мың теңгені құрады. Қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген әкімшілік ғимараты да биыл қалпына келтірілді. Ол үшін 4 млн. 700 мың теңге қарастырылды, - деді Н.Сәрсембинов.

Жылдар бойы шешілмеген жарықтандыру ісі де биыл қолға алынды. «Хлебстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі апаттық жағдайдағы КТП-103-ті ауыстырып, Геологическая, Мир және Гагарин көшелеріндегі ескі желілерді жаңартты. Ал «СтройЛэпМонтаж» компаниясы Абай көшесіне 8 шам орнатты. Қазіргі уақытта Павлодар ауданы Шақат ауылынан желілер тартылуда. Оған қоса, 5-6 трансформатор салынбақ. Осылайша, Жетекшіде жарықтандыру мәселесінің түйіні тарқап қана қоймай, тұрғындардың үй салуға мүмкіндігі туады. Себебі, бұған дейін үйлердің бәріне жарық жетпегендіктен, құрылыс тұралап тұрған еді.

Жаңа баспаналар салынса, тұрғындар саны да көбейеді. Ал ауылдағы орта мектеп оқушыларға тарлық етеді. Сондықтан мұндағы білім ордасына қосымша ғимарат салынбақ. Ол 300 шәкіртке және шағын орталыққа баратын 100 бүлдіршінге арналады. Мектеп директоры Зәуреш Өтегенованың айтуынша, ескі ғимаратты да кәдеге жарату жоспарда бар.

- Біздің мектеп 250 оқушыға арналған. Ал қазіргі уақытта мұнда 300 бала оқиды. Оған қоса, шағын орталық жұмыс істейді. Балалар саны жобалық қуаттылықтан көп болғандықтан,  оқушылар екі ауысымда сабақ оқиды. Ауылдың үлкендері бұл мәселені жергілікті билік өкілдеріне айтып еді, өтініш-тілектері ескеріліп, қосымша ғимарат салынатын болды. Бүгінде мектебімізде мәжіліс залы болмаса, жаңа ғимараттың жобасында ол бар. Үш қабатты қосымша ғимаратқа 5 мультимедиялық тақта мен 11 компьютер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Ал ескі мектепте вокал, домбыра үйірмелері мен спорт секциялары өтеді, - деді З.Өтегенова.

Таяуда мектептің қазіргі ғимаратындағы ескі терезенің барлығы ауыстырылып, орнына пластикалық терезелер қойылды. «Стройдизайн-ПВ» компаниясы 1 ай аралығында тиісті міндетін атқарып шықты. Олардың бұл қызметі үшін 8 млн. 480 мың теңге төленді. Сонымен қатар, осы айда мектеп жаңа автобус сатып алмақ. Алдағы оқу жылынан бастап ауылдың шеткі аудандарында тұратын оқушылар мектепке осы көлікпен жететін болады.

- Алдағы уақытта ауылда мәдениет үйі мен дене шынықтыру–сауықтыру кешенін салу жоспарда бар. Қос бірдей нысанның жобасы сараптамаға тапсырылды. Қаржыландыру мәселесі шешілген соң құрылысқа кірісеміз. Сөйтіп, бір-екі жыл дересінде екі жаңа нысанды ел игілігіне бермек ойдамыз. Оған қоса, орталықтандырылған су жүйесін тартуға қатысты жұмыстар басталды. Келесі жылы бұл жобаны да аяқтап, тұрғындарды таза ауызсумен қамтимыз, - деді Н.Сәрсембинов.

2,5 мың тұрғыны бар Жетекші ауылында атқарылған істер – осы. Белгіленген жоспарлары діттеген жерге жетсе, тұрғындар саны еселене түседі деген сенім мол.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz