Өндірістегі оң өзгерістер

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары аймағымыздағы ірі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен, соңғы тың жобаларымен танысудан басталды. Алдымен Мемлекет басшысы алюминий кластерінің осы уақытқа дейін жеткен нәтижесін бағамдап, алдағы уақытқа белгіленген міндет-межелерді саралады. Өткен жылы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында ашылған «Giessenhaus» кәсіпорны қоспалы алюминийді шығарады. Бұл инвестициялық жобаның жалпы құны – 5 млрд. теңге. Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі іске асуда. Жыл басынан бері алюминийді өңдеу орны 381 млн. теңге болатын 1000 тонна өнім өндірді. Ал келесі жылы толық қуаттылыққа көшкен кезде 36 мың тонна қоспалы алюминий шығаруға қауқарлы болады. Сондай-ақ, Н.Назарбаев дәл осы қоспалы алюминийден дайындалатын көлікке арналған дискілер өндірісімен танысты. Өткен жылдың соңында іске қосылған «КиК Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғашқы жарты жылда 50 мың дана дөңгелекті шығарып үлгерді. Бағамен бағамдасақ, бұл – 458 млн. теңге. Ал жыл соңына дейін тағы 650 мың дана диск дайындау жоспарланып отыр. 2017-2020 жылдары, яғни үш кезеңде жүзеге асатын жобаның жалпы құны – 6,7 млрд. теңге. Екінші кезең барысында, атап айтқанда 2018-2019 жылдары 910 млн. теңге қарастырылып, қосымша 6 құю машинасы мен механикалық өңдеудің  2 желісі орналастырылмақ. Сөйтіп, келесі жылдың соңында аталмыш кәсіпорын жылына 1 млн. дана дөңгелек шығара алатын жағдайға жетеді.

«Павлодар» арнайы экономикалық аймағында Мемлекет басшысына өңірдегі өзге де өндіріс орындарының, әсіресе экспортқа бағытталған кәсіпорындардың жұмыс барысы баяндалды. Мәселен, құю өндірісімен айналысатын «CNN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі теміржол, ауыл шаруашылығы мен мұнай-газ саласына қажет 3 мыңға жуық өнім түрін шығаруды қолға алды.

- Біз жылдамдығы сағатына 300 шақырым болатын пойыздардың жүруіне арналған теміржолдарды салу барысында қолданылатын анкерлерді, яғни қаланған тастарды байланыс-тыратын темірлерді өндіреміз. Бұл өнім еуропалық теміржолдардың құрылысында қолданылады. Бүгінде Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. Бұл ретте біздің баспана салушыларды жылына 1 млн. секция алюминий радиаторларымен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 4 миллионға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, - деді компания директоры Евгений Москалев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осындай экспорттық өнімдерді шығаратын кәсіпорындарға ел билігі қолдау көрсетуге әзір екенін айтты.

Сондай-ақ, кездесу барысында теміржол дөңгелектерін шығаратын өндірістің іске қосылғаны айтылды. Бүгінде Екібастұз қаласындағы «Проммашкомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі технологиялық  үдерістерді реттеп, өнім шығаруға кірісті. Зауыт өкілдерінің айтуынша, осы уақытқа дейін теміржол өнімдерін Ресейге жеткізуге қатысты екі келісімшартқа қол қойылды. Енді АҚШ, Иран және Еуропа елдерімен байланыс орнатпақ.  

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кабель мен сым шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі - «Казэнергокабель» акционерлік қоғамында болды.  Компания құрылтайшысы Владимир Бобровтың айтуынша, мұнда өнімнің 7 мыңнан астам түрі отандық және шетелдік нарыққа жол тартады. Жыл басынан бері 10 млн. метр кабель мен сым, 1,5 мың тонна оқшауланбаған сым және 32 тоннадан астам алюминий созба сымы дайындалды. Мемлекет басшысына зауыттың дайын өнімдерінің үлгілері таныстырылды. Ендігі кезекте компания ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін қолдана отырып, стандарттар сериясын әзірлеуді ойластырып отыр.

Елбасының жұмыс сапары Павлодар мұнай-химия зауытында жалғасты. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Данияр Тиесов атап өткендей, былтыр зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 180,5 млрд. теңге жұмсалды. Аталмыш сома әуелде италиялық мамандар жүргізген сараптама бағасынан анағұрлым төмен. Данияр Тиесовтің айтуынша, мұның басты себебі – жаңа қондырғыларды салмай-ақ, қолда барды соңғы талаптарға сай жаңғыртуда.

- Соның нәтижесінде өнімділік анағұрлым артты. Қазіргі уақытта Павлодар мұнай-химия зауыты К-4 және К-5 өнімдерін шығарып, әуе көлігінің отынын өндіруді қайта қолға алды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта мұнай саласының қызметкерлері цифрландырудың тиімділігіне көз жеткізді. Бұрындары мұнай өңдеу зауыттарының әр цехында операторлар болса, бүгінгі таңда кәсіпорындар бір ғимараттан басқарылады. Операторлық бөлімге технологиялық қондырғылардан барлық ақпарат адамның қатысынсыз-ақ келіп түседі. Атап өтер тағы бір жайт – қауіпсіздіктің күшейтілуі. Яғни, біздің зауыттарда жүргізілген сараптамалар нәтижесі осы уақытқа дейін кәсіпорында болған оқыс оқиғалардың 90 пайызы адами фактор салдарынан орын алғанын көрсетті. Ал жаңа қондырғылар мұндай жайттардың алдын алады, - деді Д.Тиесов.

Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру ісі өндірістегі жұмысты жүйелендіруі тиіс екенін айтты.

- Басқару бір ғана пункттен жүргізіліп, автоматика жұмыс істеп, еңбек өнімділігі артуы үшін цифрландыру тетіктерін енгізу керек. Сол кезде бәрі белгіленген кесте аясында жүзеге асады, - деді Н.Назарбаев.

Данияр Тиесов мұнай өңдеудің тиімділігін арттыру бағытында ауқымды істердің жүзеге асып жатқанын атап өтті. Биыл жанармай өндірісінің жоспарлы көрсеткіші 2,952 млн. тонна болса, 2019 жылы ол 5,2 млн. тоннадан асып түсуі тиіс. Сол арқылы қазақстандық зауыттар өзіміздің нарықтың сұранысын өтеп қана қоймай, өнімді шетелге экспорттай алады. Дәлірек айтқанда, «ҚазМұнайГаз» АҚ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан нарықтарынан ойып тұрып орын алмақ ниетте.

Бірегей көрмені аралады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аймағымызға жұмыс сапары барысында аялдаған негізгі нысандардың бірі - С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана.

Елбасыны өңіріміздің талантты жастары қарсы алып, аймағымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды көрме арқылы таныстырды. Бұл ретте Ертіс-Баян өңірінің киелі орындарын аймағымыздағы белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы ұсынды. Қасиетті жерлер бейнеленген шығармаларды «Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасы арқылы Түркістаннан Павлодарға көшіп келген талантты суретші Жеңіс Молдабек таныс-тырды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жас суретшілерге тыңнан шабыт сыйлауда. Бұдан кейін Елбасы назарына «Ғасырлар үні» атты экспозиция ұсынылды. Оған Қаныш Сәтбаев, Естай Беркімбайұлы, Құдайберген Әлсейітов, Байғабыл Жылқыбаев және Кәукен Кенжетаев сынды облысымыздан шыққан тарихи тұлғалардың өздері ойнаған домбыралары қойылды. Сонымен қатар, жастар ұмыт бола бастаған қазақ ұлттық музыкалық аспабы – адырнамен ән шырқады.

Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 бағытын орындау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Мәселен, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағытын жүзеге асыру мақсатында облыстық Иса Байзақов атындағы филармонияның симфониялық оркестрі Италия елінің  7 қаласында  22 концерт ұйымдастырды. Өнерпаздар алдағы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері, Египет, Өзбекстан елдеріне гастрольге шығуды жоспарлауда.

«Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша 78 нысан іріктеліп, оның 5-еуі республикалық маңызы бар тізімге енгізілген. Олардың қатарында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі, Исабек ишан кесенесі, Қоңыр әулие үңгірі, ортағасырлық Ақкөл-Жайылма қалашығы және Жасыбай батырдың монументі бар. Бүгінде барлық нысандарға ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды.

«Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде XIX ғасырдағы ұлы тұлға Сұлтанбет сұлтанның ордасы мұрағаттық құжаттардың негізінде қайта қалпына келтірілді. Қазіргі таңда ғимарат ғылыми зерттеу кешеніне айналған.

ERTIS телеарнасының жүргізуші редакторы Марина Сахарова 100 үздік оқулықтың маңыздылығына тоқталды, оның қазақ тіліне аударылуы жастарға халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік беретіндігін, тіл мамандарына да қажеттілігін айтты.  

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» арнайы жобасына Павлодар облысынан 300 үміткер ұсынылған болатын. Солардың 5-еуі жеңімпаз атанды. Олардың қатарында балалар хирургі Ерлан Рамазанов, үздік педагог Жанар Байсейітова, әлемдік математикалық сайыстардың жеңімпазы Қуат Есенов те бар. Бұл ретте математиктің анасы Мемлекет басшысына ұлына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Қазіргі уақытта Қуат Есенов Рhd докторы атанып, Калифорния штатындағы «Google» компаниясында жұмыс істеуде.

Цифрлық сапаға көшкен...

Павлодар облысында «Цифрлы Қазақстан» жобасы жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл ретте Елбасыға білім беру және денсаулық сақтау медицина саласындағы жетістіктер баяндалды.

Бүгінде өңірдің медициналық ұйымдары 100 пайыз ақпараттық жүйемен қамтылған. Барлық анықтамаларды электронды форматқа көшіру ісі сәуір айынан бастап қолға алынып, қазір құжаттардың 91 пайызы электронды форматта орындалады. Сонымен қатар, электрондық форматта көрсетілетін қызмет түрі де 74 пайызға артқан. Қағазбастылықтан арылу үрдісі дәрігердің науқасқа көбірек көңіл бөлуіне жол ашты. Осы орайда, Damumed мобильді қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен тұрғындар үйден шықпай-ақ қабылдауға жазылып, үйге дәрігер шақырта алады, жазып берген дәрілердің тізімін қарай алады. Елімізде алғашқы болып Павлодардағы жедел медициналық жәрдем станциясының барлық санитарлық көліктері GPS навигаторларымен жабдықталған болатын. Қала ішінде жедел жәрдем қызметінің келу уақыты 12 минуттан 9 минутқа қысқарды. Емделушінің сараптама нәтижесін онлайн режимде қарауы, онлайн режимде қабылдауға жазылу шаралары кезек күту уақытын 20 пайызға азайтқан. Бір жылдың ішінде медицина саласындағы үнемделген қаражат мөлшері 300 млн. теңгені құрайды. Аталмыш қаржы құрал-жабдықтар мен компьютерлерді сатып алуға жұмсалмақ.

Экономикалық серпін көрсеткіштері

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен облыстық кітапханада Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тақырыбында жиын өтті. Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының жетекшілері, соның ішінде ERG директорлар кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Проммашкомплект» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Д.Сыздықов, «Стальмонтаж» ЖШС-нің бас директоры А.Терентьев, «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры О.Крук және басқа да азаматтар қатысты.

Облысымыздағы жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысы жайлы аймақ басшысы Болат Бақауов баяндап, Елбасы Жолдауы мен бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру және «Рухани жаңғыру» бағытындағы нақты іс-шараларға тоқталды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша, аймақтағы жалпы өнімнің көлемі алғаш рет 2 трлн. теңгеден асып түсіп, 3,6 пайызға артқан. Мұндай көрсеткішті биыл да сақтап қалу көзделуде. Алғашқы жарты жылда өнеркәсіп көлемі 4,6 пайызға көбейген.

- Павлодар облысында кәсіпорындардағы өнеркәсіпті цифррландыру бойынша тапсырмаңыз қолға алынуда. Технологиялық қайта жарақтануға жергілікті өндіріс ошақтары  200,0 млрд. теңге жұмсады. Соңғы екі жылда тұралап қалған екібастұздық вагон жасау компаниясы үкімет қолдауының нәтижесінде жұмысы жандана түсті. Аталған кәсіпорынның қатарға қайта қосылуымен өңіріміздің  машина жасау саласындағы өндіріс 1,2 есеге артты. Қазіргі уақытта аймақтағы барлық кәсіпорындар тұрақты түрде дамып, өндірістің дамуына инвестиция құюда. Өткен жылы облыс экономикасына 484 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осылайша алғашқы жартыжылдықта инвестицияның өсімі 2 пайызға артты. Индустрияландырудың екінші бес жылдығы аясында 19 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 3 мың жұмыс орны ашылды. Өзіңіз іске қосқан Бозшакөл кен байыту комбинаты толық қуатына шықты, - деді Болат Бақауов.

Болат Жұмабекұлының сөзінше, өңір экономикасының дамуына «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының қосып отырған үлесі зор. Биыл индустрияландыру картасы аясында тағы 8 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Соның бірі – Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясындағы «№2 Жер қабатын аршудың циклдық-ағымдық кешені» тамыз айында іске қосылмақ. Сондай-ақ, бүгінде қытайлық компаниялармен Ақсу қаласындағы екі энергоблокпен Павлодар қаласындағы электролиз зауытының үшінші кезегінің құрылысына қатысты келіссөздер жалғасуда. Мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірдегі аграрлық сектор қарқынды дамуда.

- Суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Биыл бұл көрсеткіш 59 мың гектарға жеткізіледі. Бұдан бөлек, Ертіс өзені мен Сәтбаев каналы бойында 120 мың гектардан астам алқапта суармалы егістік шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Облысымыз үшін жаңа бағыт – қант қызылшасы өндірісін жолға қоймақпыз. Облысымызда жердің құнарлылығы нәтижесінде шаруашылықтың бұл түрі кеңінен дамыған оңтүстік өңірлерге қарағанда облысымызда мол өнім алуға болады. Қазіргі уақытта қант қызылшасын өңдейтін кәсіпорын салу мәселесін талқылау үстіндеміз, - деді Болат Жұмабекұлы.

Жиын барысында Елбасы өңірдегі туризмді дамыту мәселелеріне назар аударды. Аталған бағыт бойынша есеп берген аймақ басшысы бірқатар жобалардың қолға алынғанын айтты.

Өңір экономикасының дамуына тың серпін беруге қауқарлы саланың бірі – туризм. Осы орайда, еліміздегі туристік әлеуеті зор аумақтардың бірі – Баянауыл. Жыл сайын аталмыш орында 200 мыңға жуық турист демалады. Өткен жылы аудандағы туристік инфрақұрылымды дамытуға 5,0 млрд. теңге бағытталды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 405 шақырым жол жөндеуден өткізілмек. Ауданда орталықтандырылған су құбырының құрылысы жүргізілуде. Бұл 6000 тұрғынды таза ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

- Облыстың демалыс аймағында инженерлік инфрақұрылым өз деңгейінде дамымай отыр. Мысалы, Жасыбай демалыс орнында жарықтандыру мәселесін шешу керек. Бұл ретте электр желісінің құрылысын жүргізу қажеттігі туындайды, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің есебін тыңдаған Мемлекет басшысы тыңнан қосылған туристік аумақ Маралды демалыс орнын одан әрі дамыту мәселесіне назар аударды. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы аталмыш туристік аумаққа кәсіпкерлерді көптеп тартуды, сол арқылы демалушыларға жан-жақты қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

- Жалпы, еліміз бойынша инфрақұрылымды дамытуға көп көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Ұлттық қордан аталған мақсатқа 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлдік. Республика шеңберінде 5,5 мың шақырым жол салынуда. Әлі де салынады. Мұндай ауқымдағы жұмыс бұрын-соңды болмаған. Сондықтан ел көшінен қалмай, инфрақұрылымды дамыту қарқынын арттырған жөн, - деді Н.Назарбаев.

Елбасы ауыл халқының таза ауызсумен қамтылу мәселесіне ерекше назар аударды. Осы орайда, өңір басшысы өткен жылы жалпы ұзындығы 360 км болатын су жүйесі тартылғанын және жыл соңына дейін тағы да 270 шақырым су жүйесі құрылатынын айтты. Нәтижесінде аймақтағы 23 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылмақ.

Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бағыттағы жұмыстарды ерекше бақылауға алып, халықтың таза сумен қамтамасыз етілуіне көңіл аударуды жүктеді. Сонымен қатар, облыстағы тұрғын үй құрылысының қарқынына көңілі толатынын айтты. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өңірде 13 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп, 2,5 мың отбасы жаңа баспананың кілтін алған болатын. Н.Назарбаев жақында ғана қолданысқа енген «7-20-25» бағдарламасының маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, бұл бастама жылдар бойы пәтерге қол жеткізе алмай келе жатқан жұртшылыққа үлкен қолдау болмақ. Қазір еліміздегі банктердің көпшілігі 50-60 пайыз көлемінде алғашқы жарна салуды талап етеді. Сондықтан жаңа бағдарлама жас отбасылар үшін зор көмек болмақ. Тұрғын үй құрылысы саласының көсегесін көгертуге бағытталған аталмыш бағдарламаға  кәсіпкерлерді де үлес қосуға шақырды.  

Болат Жұмабекұлы облыстағы әлеуметтік саланың жағдайы тұрақты екенін айтты. Жыл сайын өңірде 13 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды.

- Аймағымызда оңтүстік өңірлерден еңбек күшін тарту мәселесі оң жолға қойылған.  Өткен жылдан бастап аймағымызға  172 отбасы көшірілді. Жыл соңына дейін тағы 277 отбасы келеді деп күтілуде. Қоныстанушылардың тұрғын үй және жұмысқа орналасу мәселесі бойынша қиындық туындаған жоқ, - деді Болат Бақауов.

Сөз соңында аймақ басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста 165 жоба жүзеге асып жатқанын, бұл мақсатқа 8,5 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Оның бес миллиардтан астамы демеушілер есебінен түскен. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ.

Аймақ басшысының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған  есебінен кейін Елбасы бірқатар мәселелерге назар аударды. Бұл ретте ерекше атап өтерлігі ел Президенті аймақтағы цифрландыру саясатының табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оң бағасын берді.

- Павлодар облысының өсіп-өркендеуі, мемлекеттік бағдарлама-лардың орындалу мәселесі мені ойландырады. Өздеріңіз білетіндей, біздің мақсатымыз биік. 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына енуіміз қажет. Ол үшін көп жұмыс істеу керек. Біз көптеген бағдарламаларды қабылдап жатырмыз. Олардың қатарында «Рухани жаңғыру»    5 әлеуметтік бастама, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары да бар. Осыларды жүзеге асыру арқылы бәсекеге қабілетті, ғылым мен техниканы жетік меңгерген білімді жастарды тәрбиелеу керекпіз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда Павлодар өңірін ең үлгілі өңір ретінде қабылдап отырмыз. Облыста жақсы бастамалардың қолға алынып жатқанын көрдім. Десе де, әлі назар аударатын тұстар бар. Өкінішке қарай, Павлодар өңірінде тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. 370-тен астам елді мекеннің 76 пайызының таза ауызсуға қолдары жетпей отыр. Сондықтан осы бағытты назарға алуды тапсырамын, - деді Н.Назарбаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы аймақтағы суармалы егістік шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл аударуды жүктеді.

Алқалы жиын барысында аймағымыздағы жүйе құраушы кәсіпорындардың басшылары сөз алды. Олар еліміздегі экономиканың қарыштап дамуы, өнеркәсіптің өркен жаюында Елбасының өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.


Түйін:

Павлодар облысына жұмыс сапарын қорытындылаған Нұрсұлтан Назарбаев мұндағы әлеуметтік-экономикалық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

- Облыс экономикасының шамамен 50 пайызы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл - Қазақстан өңірлері арасындағы жоғары көрсеткіш. Павлодар облысы - географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан аймақ. Бұл өңір Ресей Федерациясының өнеркәсібі дамыған облыстарымен шектеседі. Облыстың өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы әлеуеті зор. Облыстың транзиттік әлеуеті кеңейіп келеді. Біз құрылыс материалдарын шығару, терезе жақтауларын, ыдыс-аяқ және алюминийден фольга жасау мүмкіндігін қарастыруымыз қажет. Міне, осы іске инвестиция тартып, күш жұмылдыру керек», - деді Елбасы.

Президент әуелгі жоспар бойынша Баянауыл ауданында болуға тиіс екенін, бірақ өкінішке қарай бара алмағанын айтты. Өзімен кездесуге ниет білдірген ақсақалдармен Астанада жүздесуге ниетті екенін білдірді және осы істі ұйымдастыруды облыс басшылығына жүктеді.


Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz