«Smart Павлодар» жобасы арқылы ата-аналар өз балаларын балабақша кезегіне үйден шықпай-ақ қоя алады. «BFGroupInc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі енгізген осы жүйе арқылы балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек.

Цифрлық жоба ата-аналардың көңілінен шығып отыр. Себебі бұл жүйе балғындардың балабақшаға келген және кеткен уақытын білуге мүмкіндік береді. Тіпті, мектепке дейінгі мекемеден баланы кез келген адам әкете алмайды. Өйткені деректер базасына балабақшадан алуға құқығы бар адамның деректері ғана енгізіледі. Ол үшін ата-ана деректер базасына берілген пароль арқылы кіріп, өзіне қатысты жеке мәліметтерін де оқи алады.

- Ата-аналар баласын тобына әкелген кезде құрылғыға саусағын қояды. Жүйе мәліметтер базасымен сәйкестендірсе, жасыл түс жанады. Яғни, кіруге рұқсат беріледі. Содан кейін тәрбиеші саусағын қою арқылы баланы қабылдап алады. Жұмыс уақыты аяқталған кезде балалардың шығу уақытында да осы әрекеттер орындалады, - дейді «BFGroupInc» ЖШС-ның басшысы Сергей Голышев.

«Smart Павлодар» қосым-шасының мүмкіндіктері арқылы ата-аналардың ұялы телефондарына баланың қатысуы, төлем сомасы және төлеу мерзімдері туралы хабарлама келеді.

Бала балабақшада үш күннен көп уақыт болмаған жағдайда осы жүйе автоматты түрде дәрігерлік анықтаманы сұрайды және ата-анасын басшыға немесе дәрігерге жолдайды. Тіпті, ата-аналар мобильді қосымша арқылы балабақшаның әкімшілігіне өтініш қалдыра алады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz