Торайғыр ауылдық округінің Кемпіртас шатқалында орнатылған алты қанат ақ ордада ауданның әлеуметтік-экономикалық, өнер мен мәдениет және ағарту саласының дамуына зор үлес қосқан көнекөз қариялардың басы қосылды. Олардың қатарында Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары ардагер ұстаз Зекебай Солтанбаев, Майқайың соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбенов, Социалистік Еңбек Ері Сағадат Ысқақов, еңбек ардагері Бекет Есманов, еңбек ардагері, «Баянауыл аудандық ақсақалдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Рахметов, Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері Қорабай Шәкіров, еңбек ардагері Сайлау Байділдин, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Әнуарбек Кісентаев, Баянауыл ауылы қоғамдық кеңес төрағасы Ғайниден Жұманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бейсенбек Камашев, зейнеткер Айнабай Жортуылов бар.

Кездесу барысында облыс әкімі Б.Бақауов Елбасының баянауылдық ақсақалдар жайлы айтқан жылы лебізінің бейнежазбасын көрсетті. Мемлекет басшысы тығыз жұмыс кестесіне байланысты Баянауыл ауданына бара алмайтынын айтып, жергілікті ел ағаларын Астанаға шақырған болатын. Олармен елорда төрінде жеке жүздесуге әзір екенін айтты.

Шараға қатысқан жергілікті ақсақалдар Елбасының сәлемін ерекше ықыласпен қабыл алды. «Елбасының облысымыздың дамуын оң бағалап, бізге арнайы сәлем жолдауы – елге деген құрметі. Ал бұл – баршамыздың мерейіміз», - деді олар.

Еламан ХАСЕНҰЛЫ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz