Абайға

Халқымның ақын бабасы,
Халқымның абыз данасы.
Абай жайлы жырлаған
Қазақтың барша баласы.

Жырлады Абай ерлікті,
Еркіндік пен теңдікті.
Қисық мінез, қиқар ой
Қазаққа біткен тірлікті.

Қара сөзбен ой салды,
Ақылмен айтып байсалды.
Адам қандай болар деп
Болашаққа жол салды.

Қандай ғажап жырлары,
Теп-тегііс келер қырлары.
Жайылып жатар алдыңда
Табиғаттың сырлары.

Қазақтың қолын матаған,
Бес дұшпанды атаған.
Бес досын және көрсетіп,
Болма деді жатаған.

Ақылы биік кемеңгер,
Елі оны емен дер.
«Болмасаң да ұқсап бақ»
Артық айтты демеңдер.

Абай - біздің піріміз,
Абай - біздің тіліміз.
Таусылмайтын ғасырлар,
Абай - мәңгі жырымыз.

Атама арнау

Өмір-өзен бізді алға бастырған,
Бала - Әке – Атаны алмастырған.
Ұстаз болып еліне ұлағатты,
Балаларың ісіңді жалғастырған.

Халқыңнан жақсы болды алған бағаң,
Арманың көп екен ғой жалғанбаған.
Немеремді көрсем деп армандапсыз,
Мен едім сол немерең армандаған.

Еске алғанда, жан ата, өзіңізді,
Көз алдыма келтірем жүзіңізді.
Бұл жалғаннан мен Сізді көрмесем де,
Жалғастырғым келеді ізіңізді.

Рухың көкте, ата, сеземін мен,
Жас тамады көзімнен, өзегімнен.
Сағынсақ та қаншама, қайтейік біз,
Жалғасады ұрпақтар кезегімен.

Отан

Отан деген - туып-өскен мекенім,
Сол мекенді мәңгі мақтан етемін.
Отанымның арқасында білім ап,
Биіктегі арманыма жетемін.

Отан деген - отбасың мен достарың,
Отан деген - өзен, көлің, аспаның.
Кең дүниенің құйттай ғана бөлшегі,
Отан десе елжірейді жас жаным.

Мейлі бізді менсінбесін басқалар,
Отан десем, жанарымнан жас тамар.
Шеті де жоқ, шегі де жоқ дүниеде,
Отан деген өз үйімнен басталар.

 

Сәния ҚАЙЫРБЕКОВА, 11-сынып оқушысы, Есқара орта мектебі, Железин ауданы

 

 

Әні әуелеген Жадыра

6 жасар баянауылдық Жадыра Ағзам – болашағынан үлкен үміт күттіретін жезтаңдай әнші. Ол «Ұлы дала дарыны» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауында «Ең жас өнерпаз» аталымына ие болды.

Жадыра – Баянауыл ауданы Жаңажол ауылындағы орта мектептің даярлық сыныбында оқиды. Кішкентай болса да, мектепішілік және аудандық ән байқауларының жеңімпазы болып үлгерді. Сонымен қатар, сурет салып, жатқа өлең оқығанды ұнатады. «Өнерлі өрге жүзер» демекші, республикалық үлкен сахнада өнер көрсеткен Жадыраның талабына бұл байқау үлкен қанат бітірді.

- Мен Роза Рымбаевадай үлкен әнші болғым келеді. Ата-анам да әнші болғанымды қалайды. Ол үшін сабақты жақсы оқып, күн сайын ән айтып, еңбектенуім керек, - дейді Жадыра.

Талабыңа нұр жаусын, Жадыра!

Ақгүл БАЙХАНОВА, Жаңажол ауылы, Баянауыл ауданы.

 

 

Көктем келді далаға

Павлодар қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 орта мектептегі 1 «Б»-сыныбындағы балалар шетінен өнерлі екен. Сынып жетекшісі Ғалия Рамазанова – шәкірттерінің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз жайлы өлеңдерін жіберіпті. Сендер білесіңдер ме, балалар, біздің жақта Наурызды 1 мамырға дейін тойлаймыз, Ұлыстың ұлы күні жайлы айтамыз. Сондықтан Наурызды қарсы алып қойсақ та, осы күн жайлы мақала, өлеңдерді мамырға дейін жариялаймыз.

 

Наурыз

Наурыз деген - жылдың басы, білемін,
Наурыз келсе, қар да еріп, күлер күн.
Апам қашан Наурызкөже істер деп,
Сағынышпен мен де күтіп жүремін.

Әрбір ана дастарханын жаяды,
Қоспа, талқан, құртын, майын қояды.
Жаңа жылды ұзақ күткен балалар,
Осы күні тәттіге бір тояды.

Нұрай БАҒДАТОВА,
1 «Б»-сынып оқушысы.

Наурыз келді, тамаша,
Жайнады дала жаңаша.
Сәлем саған, Наурызым,
Қуанды адамдар балаша!

Адина НҰРЫМОВА,
1 «Б»-сынып оқушысы.

 

Күн менен түн теңеледі,
Табиғат әсем гүлденеді.
Наурыз келіп еліме,
Далам әнге бөленеді.

Камила ӘУБӘКІРОВА,
1 «Б»-сынып оқушысы.

 

saryarka-samaly.kz