Серіктестік директоры Анастасия Варттың айтуынша, дүние есігін енді ашқан сәбилерге киім тігу туралы ой осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік тауарлардың бағасы күрт қымбаттаған кезде туған. «Қолдан келсе, неге кіріспеске?» деген ол жеңін түріп, білек сыбана жұмысын бастап кетті. Бүгінде «Три Кота Ж» компаниясы – сапалы әрі бағасы қолжетімді тауарларды тұтынушыларға ұсынып отырған өзіміздің өндіруші.

- Жаңа туған балаларға киім-кешектің түр-түрі керек. Бірақ Павлодар қаласындағы мұндай тауарлардың басым бөлігінің бағасы удай болды. Себебі, нәрестеге қажеттіліктердің дені шетелден жеткізіледі. Сондықтан отандық арзан әрі сапасы өзгелерден кем түспейтін киім тігуді бастадық. Қазіргі уақытта шикізатты Ресейден алып келіп, арнайы тігін цехында өнімді дайындаймыз. Соның нәтижесінде жаңа 8 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға арналған киімді нарыққа шығармақ ой бар, - дейді А.Варт.

Аталмыш компанияның өнімі бұған дейін облыстық перинаталдық орталықта да сатылымға шығарылатын. Кейбір себептерге байланысты жергілікті өндірушіге бұл орынды босатуға тура келді. Ал ана мен бала орталығына облыстың түкпір-түкпірінен келетін келіншектер сауда нүктесінің қайта ашылғанын қалайтын көрінеді.

«Қазақстанның үздік тауары – 2018» өңірлік көрме-байқауында киім тігу компаниясының өнімдерімен танысқан Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов перинаталдық орталық жанынан павильон ашу туралы ойын білдірді. Сонымен қатар, шаһар басшысы көрмеде көпшілік назарына өз өнімдерін ұсынған 50 компанияның жұмыс нәтижесін байқады.

- Шағын және орта бизнестің дамуы тұтас экономиканың өркендеуіне оң серпін берері анық. Сондықтан осы бағытта іс бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге әзірміз. Бұл ретте импортты алмастыратын жергілікті, жаңа өнімдерді шығаруға мән беруіміз керек. «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өз ісінің хас шеберлерін анықтап қана қоймай, оларды да, өзге кәсіпкерлерді де ынталандырады деген ойдамын, - деді Н.Әшімбетов.

Қазақстанның үздік тауары атанудан үміттілердің қатарында «Жұматаев Т.У.» жеке кәсіпкерлігі де бар. Бұл компания өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 млн. теңге мемлекеттік грант алып, кеспе тастың түр-түрін шығаруды қолға алған еді. Әсіресе, күндіз өз бойына жинаған қуатты түнде жарық түрінде беретін кеспе тастарды ерекше атауға болады. Кәсіпорын басшысы Талғат Жұматаевтың айтуынша, небары төрт ай аралығында өнімдерге зор қызығушылық байқалуда. Тіпті, еліміздің басқа облыстарындағы құрылыс материалдары дүкендері тастарды сатып алуға ниет танытып отыр.

Арнайы сараптама комиссиясы осы және өзге де компания өнімдерінің қатарынан озығын анықтады. Сөйтіп, дауыс беру нәтижесі бойынша «Қазақстан электролиз зауыты» акционерлік қоғамы, «Эво Ойл» және «Темірмаш Павлодар зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өнімдері «Өндіріс мақсатындағы үздік тауарлар» аталымына лайық деп танылды. Жоғарыда аталған «Три Кота Ж», «Алтын Дизайн» мен «Манго Т ПВ» компаниялары «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымының лауреаттары атанды. Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» деген бағаны «Гринхаус», «Айсберг ПВ», «Павлодарсүт» серіктестіктерінің өнімі иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыс әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов құттықтап, арнайы сыйлықтарды табыс етті.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арыновтың айтуынша, дәл осы компаниялар облыс намысын республикалық көрме-байқауда қорғайды.

- Біздің өңірде өндірілетін сапалы тауар көп. Бұған жергілікті ғана емес, басқа облыс пен мемлекет тұтынушылары тарапынан түсетін жоғары сұраныстар дәлел. Сондықтан 50 компанияның қатарынан үздікті анықтау оңай болған жоқ. Барлығының дерлік тәжірибесі, тұрақты сатып алушылары мен серіктестері бар, нарықтан өз орнын алып та үлгерді. Десе де, бәсекеге қабілеттілігі, әлеуеті мен еңбек өнімділігін саралай келе, озықтарын атадық. Енді жеңімпаздар қазан айының 12-13 күндері Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысады, - деді Е.Арынов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz