Музей төрінен бір орын

Айтулы шара Екібастұз қаласының тарихи-өлкетану музейінде ақын, әнші, композитор, қазақтың біртуар перзенті Естай Беркімбаевқа арналған залдың ашылуымен басталды. Оған облыс әкімі Болат Бақауов пен ақынның ұрпақтары, сондай-ақ, еліміздің әр аймағынан жиналған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиналғандар назарына  Естай Беркімбаевтың суретші Жасыбай Қабылденов салған портреті, жергілікті және Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің қорында сақталған тарихи фотосуреттері ұсынылды. Сонымен қатар, музей сөрелеріне Естай Беркімбаевтың көзі тірісінде тұрмыста қолданған заттары қойылды.

-  Өңірімізде Естайға арналған бір музейдің, не бір залдың жоқтығы қынжылтатын еді. Міне, биыл сол олқылықтың да орны толды. Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейінен Естай залы ашылды. Бұл зал тұрақты түрде жұмыс істейді. Оған ақын-әншінің тұтынған жеке заттары, сондай-ақ, Естай ата ұрпақтарынан алынған ескі дүниелер қойылды. Атап айтқанда, бұл залда Естайдың домбырасы, чемоданы бар. Сондай-ақ, 2000 жылдардың басында Қыздарбек атам Павлодардағы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырған, Естай әулеті пайдаланған жүзім сабағынан тоқылған етсалғыш, ағаш табақ секілді заттарға да орын табылды. Бұдан бөлек, залда Естайдың немере інісі Кәрібайдың да домбырасы бар. Естай інісінің үйіне қыдырып барғанда сол домбыраны тартып, ән шырқайтын болған, – дейді Естай ақынның ұрпағы, журналист Фархат Әміренов.

Естай залындағы ерекше дүниенің бірі – қос ғашық Естай мен Қорланның жас күніндегі мүсіндері. Бұл мүсіннің авторы – екібастұздық Баян Қайнышева. Бір-біріне қол созған екі ғашықтың ортасында домбыра көзге шалынады. Бұл ғашықтардың қосыла алмауы ғаламат әнге айналғандығын еске түсіреді.

- Әулетіміздегі құнды жәдігердің бірі атақты Естай Беркімбайұлының чемоданы еді. Оны Естай бабамыз 1939 жылы Алматыға барғанда әкелген екен. Ол екі қара чемодан әкепті. Бірін туған немересі Зекен апаға, екіншісін немере інісі Қыздарбек атаға тарту еткен. Өкінішке қарай, Зекен апаға берілген дүние үй өртенгенде жанып кетіпті. Ал Қыздарбек атама сыйлағаны біздің үйде сақталды. Енді, міне, құнды жәдігерді жұрт көрсін деген ниетпен музейге тапсырдық, – дейді Ф.Әміренов.

Жақсының аты өлмейді...

Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған шаралар Қаражар ауылы маңындағы Әулиекөл көлінің жағасында жалғасын тапты. Салтанатты шараның шымылдығы Естай бабамыздың көзіндей аманатқа қалған «Қорлан» әнімен ашылды.

Ауқымды шарада облыс әкімі Болат Бақауов Естай Беркімбаевтың ән әлемінде шоқтығы биік тұлға екенін атап өтті.

- Естай Беркімбайұлы - ел тарихында ерекше орын алған, әндері алты ауызға тараған талантты дарын иесі. Қазіргі уақытта Естайдың әндері елімізде ғана емес, төрткіл дүниеге танымал. Бұл - үлкен қуаныш, зор мақтаныш. Өлкеміздің тарихы руханияттың баға жетпес құндылықтарына бай. Бүгінгі күні махаббаттың символына айналған «Қорлан» әнін білмейтін адам кемде-кем. Еліне өшпес өнер, асыл мұра қалдырған Естай ақынның орны қазақ халқы үшін қашан да ерекше деп білемін. Естай бабамызды зерттеп, іздейтін ұрпағы барда, қазақ халқы барда оның мұрасы өшпек емес, - деді аймақ басшысы Б.Бақауов.

Шараға Естай Беркімбаевтың туған немересі Зекен Жанәбілқызы да арнайы қатысып, естеліктерімен бөлісті.

- Мен - Естайдың жалғыз ұлы Жанәбілден туған тұңғыш немересімін. Менен кейін Зейнеш деген сіңлім бар. Оны әкеміз кішкентайынан еркелетіп «Сары торғай» атап кеткен. Әкеміз Ұлы Отан соғысында қайтыс болды. Әкей қаза тапқаннан кейін көп ұзамай анамыз да өмірден өтті. Біз Зейнеш екеуіміз атам мен әжеміздің тәрбиесінде болдық. Өте сабырлы, кербез, салмақты, сондай парасатты жан еді. Өлең жазатын жеке үстелі болған еді. Жанында домбырасы сүйеулі тұратын. Өлең жазып болған соң қолына бірден домбырасын алып, әуенін келтіретін. «Қарғам, жақсы ата жаман балаға қырық жыл азық болады. Мен өлсем де артымда атым қалады, өшпес әнім қалады» дегені есімде, - деп еске алды Зекен Жанәбілқызы.

Бұдан соң жиналған жұртшылық мерейтойға орай ұйымдастырылған диалог алаңында бас қосты. Оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Әміржан Әлпейісов, ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, күйші Қайрат Айтбаев, сондай-ақ,  зиялы қауым өкілдері қатысты. Айтулы шарада композитор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жолдаған құттықтау хатын оқыды. Бұдан соң Естай шығармашылығы туралы тың дүниелер мен деректер туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, Екібастұз қаласындағы М.Глинка атындағы балалар музыка мектебіне Естай ақынның атын беруді ұсынды.

- Естай - шоқтығы биік қазақ өнерпаздарының бірі. Қазақ музыка тарихында екі заманды, екі дәстүрді біріктірген ірі тұлға. Ол салып берген сара жол әлі де үзілген жоқ.  Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Еліміздің әр өлкесінде халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс», – деп атап өткен болатын. Сондай біртуар перзенттердің бірі – Естай ақын.  Бүгінгі Екібастұз елінің мақтанышы, Ертіс бойын жайлаған елдің перзенті - Естай Беркімбаев. Осы Екібастұз қаласында Глинка атындағы музыка мектебі бар. Қазақстанның бүгінгі композиторлары елдің ұлын ұлықтап, Екібастұз музыка мектебіне Естай Беркімбаевтың есімін беру керек деген ұсыныс жасаймыз, - деді Б.Қыдырбек.

Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы бұл ұсынысты орынды деп тауып, 25 шілде күні өтетін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралатынын айтты.

Жыл соңына дейін Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайының алдына ақынға ескерткіш орнатылмақ. Оның іргетасы 3 тамыз күні қаланады.

Сонымен қатар, ақынның 150 жылдық мерейтойы Түркия елінде де тойланбақ. Бұл туралы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Естайдың 150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру комитетінің басшысы Алтынбек Нухұлы айтты.

Шарада жиналғандар Естайдың ақындық қуатын, өмір жолындағы тың деректерін сөз етті. Әншілік, композиторлық қырын ғылыми тұрғыдан талдады.

- Естай - қазақтың ән өнерінде де, поэзиясында да басқалардан дара тұрған өнерпаз, әлемдік деңгейге көтерілген классик. Ол - халықтың жүрегінен орын алған тұлға. Классик деген атау осындай ұлыларға айтылу керек. Осы жерде «классик болудың шарты не?» деген сұрақ туары анық. Бірінші, өзіне ғана тән дара жолы болуы керек. Ол – бұрынғы өнерпаздарға ұқсамайтын жаңа концепция, өнерді  жаңа бағытқа салатын мықты идея. Екінші, өз концепциясын көрсете алатын жаңа түр болу шарт. Үшінші, өзінен кейінгі өнерпаздарға үлгі бола алуы, яғни, өнері халықтық деңгейде қабылдануы шарт. Өнерде классиктер үлкен реформатор саналады. Олар бұрынғы өнер түрлеріне мүлде ұқсамайтын жаңа үлгі жасауы мүмкін. Қазақ ән өнерінде Біржан салдан кейінгі реформатор тұлға - Естай, - деді ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Естай әндерінің мәтінін зерттеуші Иманғазы Нұрахметұлы.

Жиналған қауым Естай Беркімбаев туралы деректі фильмді тамашалады. Аталмыш шарада аймақ басшысы Болат Бақауов Голливуд төрінде өткен халықаралық таланттар олимпиадасында ел намысын қорғап, жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын жеңісімен құттықтап, облыс атынан сыйлық тарту етті. Айта кетейік, «Бастау» тобында өнер көрсететін Темірлан Олжабай -  Естай Беркімбайұлының жиені.

Дүбірге бөлеген думан

Мерейтойға арналған шаралар легі этноауылда жалғасын тапты. Елбасы  «Рухани жаңғыру» атты мақаласында жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында ұйымдастырылған шара өзіндік ерекшеліктерге толы өтті. Қаз-қатар тігілген 30 ақшаңқан киіз үй мерекенің сәнін кіргізді. Торқалы тойды тойлауға келген халықта да қисап жоқ.

Аталмыш шарада облыс әкімі Болат Бақауов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен жастар алғаш рет Әулиекөл жағасында қырғауыл ұшырды.

Сонымен қатар,  игі шарада домбыраның шанағынан күмбірлеп күй, әуезді ән мен жыр төгілді. Әсіресе ұлт аспаптарындағы өнерпаздар халықтың әсерін әрлеп, санасын селт еткізер шараларға куә қылды.

Фестиваль аясында қазақтың атбегілік, құсбегілік өнері де дәріптеледі. Мерейтойға арналған ат бәйгесi сәйгүлiктiң құлағында ойнайтын шабандоздардың басын қосты. Дүйім жұрттың делебесі қозып, дүбiрлеген аттың тұяғына қиқу салып отырды. Аламан бәйгедегi бап пен бақтың таласқан сәтiне куә болды.

Мерекелік шара барысында аймақ-аймаққа бөлінген алаңқайлар көрермендерді таңқалдырды. Ұлттық ойындардан спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Балаларға арналған сан түрлі қызыққа толы бүлдіршіндер алаңы да жұмыс істеді.


Қойшығара САЛҒАРА, Жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
- Адамды арманшылдық алға жетелейді, табанды талапкерлік табысқа бастайды. Қайраткерлік жігерді жасытпай жасампаздыққа жеткізеді. Осы қасиеттер бір арнаға тоғысқанда адамды тұлға жасайды. Ал тұлғаның тұғырын биіктететін - білім мен білік. Осы екеуін домбыраның қос ішегі сияқты үйлестіре алса, ол адамның тұлғалық деңгейі жоғары болады. Естай - осындай азаматтардың бірі. Естай мектеп оқыған жоқ, консерваторияның есігін ашқан жоқ. Бірақ, ұлттық мектептің тәрбиесін көріп, ұлт ұстазынан дәріс алды. Қазақ тарихындағы сал-серілік кезеңнің ірі  тұлғалары атақты Біржан мен Ақан серінің қасында болып, солардың тәрбиесін алып, өнерге деген көзқарасын ұғынып, жан дүниесін түсінді. Адам баласы бірдей болып жаратылғанымен, қабілеті әртүрлі болады. Ал соның ішінде жасампаз адам болады. Олар ешқашан тасада қалмайды. Естайдың да ерекшелігі алыптардың көлеңкесінде қалмағандығында. Солардың мектебінен өтіп, үлгі-өнегесін ала отырып, музыкаға өзіндік мазмұн беріп, иірім, ырғақ  беруі – Естайды Естай қылған құдірет.


P.S. Ертіс-Баян өңірі тарихта есімдері алтын әріппен жазылған аяулы тұлғаларды әспеттеп, ұлықтауда. Бұл - елдіктің белгісі, Тәуелсіздіктің жемісі. Ертіс бойын жайлаған елді мекен төрінде теңдессіз дарын иесі Естай бабамыздың 150 жылдық мерейтойына орай өткізілген дүбірлі той, алқалы жиын - осының айқын дәлелі. Салт-санамыздың салтанатын асырып, ата-бабамыздың тарихын ұлықтай білсек, бірлігіміз бекемделіп, ынтымағымыздың арта түсері анық.

Мереке АМАНТАЙ
Екібастұз қаласының ауылдық аймағы, Қаражар ауылы.

saryarka-samaly.kz