- Шешем Нұрила «Пенде берсе бірді береді, Құдай берсе мыңды береді» деуші еді. Алладан адал еңбегіңмен сұрайсың. Тілекті бала-шағаңа ғана емес, бүкіл халыққа тілеген дұрыс. Мен өзім алдымен «әлемдегі тіршілікті сақтай гөр» деп жалбарынамын. Одан соң «әлемдегі мұсылман елдерді жарылқай көр», одан әрі «қазақ үмметін сақта» деп сұраймын. Төртінші, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ұрпақтарының амандығын тілеймін. Тек маған берсін деген болмайды. Тіпті, ішкі ойың да ана жақта жазулы тұрады. Сондықтан бәрін адал тілеген абзал.

Ғылым әлемі шексіз ғой. Мәшекең қабілетті болған. Менде оның қабілетінің 5 пайызы ғана болуы мүмкін деп топшылаймын.

Әкем Фазыл 1890 жылы туған, соғыс басталғанда 51-де екен. Адам жетпеді ме, бәрібір майданға шақыртқан екен. Содан бұларды бір орға секірткен дейді. Әкем аяғынан мертігіп, командирі оны қалдырып кеткен. Ол анадайда жүрген балаларға ақша көрсетіп шақырған екен, әлгілер болса шанамен ауруханаға жеткізген. Кейін командирі келіп, күштеп алып кетпекші болғанда, дәрігер «шынымен аяғы сынған» деп бермепті. Әкемнің аман қалуының себебі - Мәшекеңнің бейітінің басында шырақшы болуы керек, әрі мазарына жыл сайын жөндеу жүргізу керек. Атамыз көзі тірісінде төбеге 2 бөлмелі үй салдырған, әуелде жұрт оның себебін түсінбеген. Ауыз жақта қазандық орнатылған, келушілердің жайғасуына арналған. Әрі қарай төргі бөлме, онда қайтыс болғаннан кейін Мәшһүр Жүсіптің денесі ашық қойылған. Үстінен ақ кебін ғана жабылған, оның өзін ауық-ауық жаңалап отырған. Бала кезімде көрдім бұл үйді. 1952 жылы бұзылды ғой. Әңгіме әріге кетіп қалса да айтайын. Жасыбай көлінің жағасында Әбжалап диуана болған екен. Жалаңаяқ жүреді көбіне, қыста бірдеңе кимесе, үнемі солай. Қонысы Ескелдіден 30 шақырымдай қашықтықта. Қыс болса керек. Мәшекең: «Бүгін күн суық екен, бәлем, Әбжалап, боқты келерсің» деген екен. Сөйтсе, кешке қарай «Мәшһүр, неге іздедің?» деп диуана жетіп келіпті. Әлгі сөзін сонша қашықтықтан естіген болып тұр. Сол Әбжалап қайтыс болғанда, Мәшекең жерлеуіне қатысады. Қоярда жуып-аруланған дене кебінде жоқ болып шығады. «Әбжалаптың денесі көрде жатпаса, менің денем 40 жыл шірімейді», деген екен сонда Мәшһүр атамыз. Шынында 1930 жылдан 1952 жылға дейін атамыздың денесі сақталып жатқан. «Бір бақайым ғана шіриді, бала мысықты жазатайым басып кетіп едім» дегенді айтқан. Кейін асқақалдардан естігенім, шынында бір бақайы ғана бұзылған екен.

Неге Алла Тағала осылай жаратты? Өйткені Мәшекеңдей әулиелерді бермесе, халық діннен безіп кетер еді.

Атамыз өзінің ұрпағының жайын болжаған. Шәрәпи, Әмен деген ұлдарының 1937 жылға дейін қайтыс болатынын, ал Фазылдың тірі қалатынын білген. Бірақ бәрібір өкіметтің саясатынан арашалауды жөн санаған. Сондықтан да «Бір ұлым к...-нен кете туған» деп айтып кеткен. Сонда көрсеткіштер: «Е, бұған тимеу керек, кейін кете туғанын әкесінің өзі айтып кеткен жоқ па?» дейді екен. «Бұл сөздер мен туралы айтылған» дегенде, әкемізге жұртшылық қарқылдап күледі екен. Осы сөз оны сақтап қалды. Ауылда қарапайым бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етті. Өзі мұғалім болған соң сенімге де ие болған, егін тұқымын таситын арбаны жүргізген. Аштық жылдары жол шетіндегі адамдарға ыстық суға толтырылған ыдыстарына аз-аздан арпа-бидай салып кетеді, әлгілер бұқтырып жейтін көрінеді. Осындай да көмегі болған.

20 томдықты аударуымыз – анам Нұриланың арқасы. Шешей ақшаға қаттылау кісі еді. Соның алдында ғана Семейде тұрмысымыз нашарлап, Екібастұзға көшіп келдік. Мұнда бір жеке меншік оқу орны шақырып, жақсы жалақы төлейтін болды. Аяқтан тұру үшін шешейден ақша сұрадым. «Жоқ, бұйырмасын» деді. Арада аз уақыт өткенде, 50 мың теңге ме, әйтеуір көп ақша жіберіпті. Сөйтсем, анамның түсіне атамыз кіріпті. «Қолыңдағы ақшаңды Қуандыққа бер» деген екен. Атамнан қатты қорқатын. Айтқанын екі етпепті. Барлық ақшаны Нартайға беріп, Алматыдағы Қазақ Ғылым академиясының қорында сақтаулы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларын алуға жұмсадым. Көшірмесін жасап береді, ақшасын төлесең болғаны. Не керек, қордағы барын жеткізді. Сөйтіп, бұл қолжазбаларды біз сатып алдық, анамның берген ақшасына.

Мәшһүр Жүсіп атамыз - әртүрлі стильмен жазған адам. Асығып жазып отырады, ғарыштан жеткен үнді естіп отырады. Дауыссыз дыбыстарды ғана қояды, қарәкәт түсірмейді. Өзің тауып алуың керек. Үйге әкелген шығармаларды асықпай көшірдік. Бала-шаға түгел жабылып кеттік. Ертай ұлым ҚазМУ-дің шығыс-парсы тілдері бөлімін бітірген. Әдейі соған түсуіне Семейде кафедра меңгерушісі болып жүргенімде жүгірген едім. Ол біраз шығармаларды аударуға мүмкіндік жоғын айтты. Себебі, оларды атамыз орта ғасыр тілімен жазған. Тегі, совет өкіметі оқымасын деген болуы керек. Ал Ертайдың оқығаны – Тегеран диалектісі. Ол - бертінгі жазу. Шамам жеткеннің бәрін аударып, 20 томдығын шығардық қой. Әуелде Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттің сол кездегі ректоры Ерлан Арынға «5 томдығын шығаруға жәрдемдесіңіз» деп едім. Ол барлығы қанша томдық шығатынын сұрады. Қаржылай көмек көрсетуге уәде берді. Сөйтіп айналасы аз ғана уақытта бала-шағамызбен жабылып, аударманың апыр-топырын шығардық.

Мәшһүр атамыздың ұзақ жылдар жұрт көзінен тасада жатқан шығармаларын осылайша жарыққа шығардық...

Жазып алған - Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

saryarka-samaly.kz