- Менің әкем Төлеубай Шарапиұлы (атамыздың «Бір балам бар өзіме жете туған» деп баға берген үлкен ұлы Мұхаммед Шарапиден. С.М.) Құдиярдың Мұсабайынан тараған ұрпақтарымен амандасқанда ылғи “Әй, Бестымақтар, екі апамды «өлтірдіңдер», қашан құнын төлейсіңдер» деп әзілдеп тиісетін. Екі апа дегені, бірі - Мәшекеңнің қарындасы Мәдина, ал Әмина - Мәшекеңнің екінші қызы. Атада Бәтима, Әмина деген екі қыз болған. Кезінде әкейдің осы сөзіне мән бермеппіз. Тек «Екі апамыз кімдер?» деп сұрағанда әкемнің айтқаны: «Мәшһүр атамның туған қарындасын Мәдинәні Айдабол Жанғозы Еламан Тұрсынбай Құдияр Мұсабайдан тараған Жүсіпке тұрмысқа берген. Мәшһүр атаның есімімен қатар аталмайын деп күйеу баласы атын Түлкі деп өзгертеді. Кейін Түлкі молла атанып кеткен. Мәдинә апамыз балалы-шағалы болып өсіп-өнгеннен соң ағасы Мәшһүр Жүсіпке келіп: “Мені Құдиярға бердің, енді мына қызың Әминәні менің ұлым Қасенғалиға бересің» деп болмай отырып алады. «Әй, жынды қыз, болмадың ғой» деп Мәшекең екінші қызы Әминәні жиені Қасенғалиға берген екен, тұрмысқа. Атаның күйеу баласы Түлкі молла мен қарындасы Мәдинәдан Қасенғали, Жолмұрат, Әдеш, Шадым, Қаражігіт, Шәмшиқан, Бақа (Мағаз Шәкімановтың шешесі), Бәкіш, Бәтима, Кенжетай туған. Қасенғали мен Жолмұратты көзіміз көрді. Қасекең 83 жасында 1969 жылы қайтыс болды. Ұлты ноғай кемпірі бар болатын. Осы Қасекең жас кезінде Мәшһүр бабамыздың тәрбиесінде болған екен. Бабамыз ол жиенін “құйма құлағым” дейтін көрінеді, өйткені бір айтқанда жаттап алатын және ұмытпайтын қасиеті болыпты. Бабамыз қартайған шағында шығармаларының кейбір жерлерін есіне түсіре алмай жатқан кезде Қасенғалиға: «Әй, құйма құлағым, айтып жіберші, әнеубір жерінде қандай сөз жазылып еді» дегенде Қасекең сол әуелгі қалпындағы сөзді жатқа айтады екен бабамыздың есіне түсіріп.

Кейін Мәшһүр бабамыз екінші қызы Әминәні осы Қасенғалиға, яғни жиеніне, қарындасы Мәдинәнің сұрауы бойынша қосады. Қасекең мен Әмина 5-6 балалы болады. Есімдерін білмедік, кезінде әкемізден не Жұқаш ағайдан сұрап алмаппыз. Тек Қайыржан деген бір қызы Екібастұзға қарасты Комсомол совхозында тұрды (Шиқылдақ), анда-санда бізге туысшылап келіп жүретін.

Әкей айтатын: «Атам қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң, 1932 жылы ашаршылық басталды. Бәріміз Ескелдіден Жарлыкөлге келіп, балық аулап күнелттік. Қасенғали, інісі Шадым және мен үшеуіміз қайықпен ау саламыз. Малдан жалғыз бір биеміз болды. Оны шидің арасына тығып қойып түнде сауып келемін. Күндіз барсаң шолақ белсенділер көріп қойса, үкіметке деп тартып алып кетеді кәмпескелеп. Жарлыкөлдің балығы мол болды, шешеміз Ақзейнеп тұздап кептіреді. Жас балық та, тұздалған балық та жетерлік, тамағымыз мол болды. Әкем Төлеубай былай дейді: «Бір күні Қасекең «Қарағанды облысы Осакаровка ауданында кен орны ашылыпты, еңбекке қант-шай, тамақ, ол-пұл береді екен» деп сол жаққа жиналды. Әкеміз Шәрәпи Қасекеңе ренжіп: «Заман болса мынау, түтігіп тұр, жол бойы аштықтан халық қырылып жатыр, оны көзің көріп отыр, қайтесің қызыл қарын жас баламен танымайтын жерге барып. Заман түзелгесін көрерсің. Жағдайымыз әзірге осында да жаман емес, қайта бізбен бірге бола тұрмайсың ба, не көрсек те бірге көрейік» дегенін тыңдамай, ат-арбасын жегіп, шәйнек самауырын, киім-кешегін артып, апайымыз Әминә мен бала-шағасын салып ап, Қарағанды жаққа жол тартып кете барады. Шәрәпи әкеміз сезгендей, Қасекең бір жылдан соң атының жүгенін ғана ұстап жалғыз өзі елге оралды дейді. Әминә мен балаларын жол бойы ашаршылыққа ұрындырып, жерлеп отырған, барған жеріндегі кен орны ашылмай қалған көрінеді.

Әкеміз Төлеубай айтатын «екі апамды өлтірдіңдер» дейтіні осы жағдайлар екен. Әминә апамыз көркем, өте әдемі болыпты, оны Жұқаш аға айтып отыратын. Қасекең балаларын жақсы тәрбиелеп еді, бәрі тәртіпті болатын, әттең, не керек, бәрі ашаршылықтың құрбаны болды дейтін. Ал Қасенғалидан кейін туған Жолмұрат 80-ші жылдары қайтыс болды. Шәрәпи атамыздан кейін Алматыға Мәшһүр бабамыздың еңбектерін апарып тапсырған екінші адам - осы. Өзінен ұрпақ жоқ. Біздің үйге 1974 жылдары келіп жүргенде «Шарапи нағашымнан кейін Алматыға Мәшһүр атамның еңбектерін Руссияның қара паровозына отырып архивке тапсырып келген едім», деп отыратыны есімде.

Айтпақшы, әкем Төлеубай Сүйіндік ағатайымның Рамазанын Шадым деп атайтын. Неге олай деп сұрағанымызда Қасекең мен Жолмұраттың інісі Шадымға түрі, жүріс-тұрысы ұқсайды дейтін.

Әкейдің «Әй, Бестымақтар» дегені несі?» деп Жұқаш ағайдан сұрағанымда ол: «Біздің бабаларымыз момын, діндар болған көрінеді, бастарына бірінші орамал, сонсоң тақия, одан кейін бөрік, оның үстіне тымақ киеді екен. Әкең Төлеубай соларын көріп өсті ғой, содан барып бізді ылғи Бестымақтар деп кетті. Біздің Құдиярдан тараған Мұсабай мен Исабай қажылар өте діндар адамдар болған, бар өмірлерін дін жолына арнаған ғой. Мәшекең тегіннен-тегін оларға поэма шығармаған. Қарындасы Мәдинә мен екінші қызы Әминәні біздің әулетті сыйлаған соң берген ғой. Әкең Төлеубайдың әзілдеп екі апамды өлтірдіңдер, құнын төлеңдер, Бестымақтар, дейтіні осы» деп еді Жұқаш аға.

Мәшһүр бабамыздың үлкен қызы - Бәтимә, одан ұрпақ жоқ. Ол кісі өз ажалымен, соғыс кезінде болу керек, қайтыс болған. Тек қана қарындасы Мәдинәдан тараған ұрпақ бар деп естідік, кезінде әкейден, Жұқаш ағайдан олардың қайда екендерін тәптіштеп сұрамаппыз, ол кісілерден бар естіген әңгімелерден білгенім осы.

Мәшһүртанушы Жұқаш Кәрібаев (1915-2007) - шежіреші, тарихи әңгімелерді көп білетін, Екібастұз қаласының сыйлы ақсақалы болды. Мәшрап ұстаның немересі, Мәшһүр бабамызды көріп өскен адам. Атасы Мәшрап ұста Түлкі молланың туысы, Мәшһүр бабамыздың ат-арбасын жөндеп, доңғалақтарының шенін тартып, аттарын тағалап, ай сайын Ескелдіге келіп шашын алып беріп тұрған. Баянауыл төңірегінде Құмдыкөл деп аталатын жерде жел диірмен орнатқан ұстаның бірі.

Міне, Мәшекеңнің көзін көрген, тәрбиесін алған о замандағы туыс-туған, ағайындар, бабамыздың қыз балалары, қарындасы жайлы естіген-білгенім осы.

Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz