Олардың ішінде 46 жүргізуші  жылдамдықты асырса, қауіпсіздік белбеуін тақпаған 59 жүргізуші анықталған. Ал 25-і көлік жүргізіп келе жатып, ұялы телефонмен сөйлескен.  Бұл жағдайда жол жүру ережесінінң 591-бабына сәйкес, 10605 теңге көлемінде айыппұл салынады. Тағы бір ескеретіні – көлік жүргізушісіне шылым шегуге де тыйым салынған. Себебі жол үстінде темекі шеккен жүргізушінің ойы бөлінеді екен. Тіпті, темекі түтіні көзге кері әсер етіп, көру қабілетін 70 пайызға дейін төмендетеді. Бұдан бөлек, полицейлер көлікті мас күйінде жүргізген 6 жүргізушіні ұстады.

Анық болғандай, бұған дейін ішімдік ішіп, жауапкершілікке тартылған жүргізушілер жаман әдеттерін тағы да қайталайды екен. Мәселен, Екібастұз қаласында тәртіп сақшылары мас күйінде рөлге отырған 24 жастағы жүргізушіні анықтады. Ол бұған дейін дәл осындай қылығы үшін 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Қазіргі уақытта оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 346-бабының бірінші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық адам жол-көлік оқиғасының салдарынан көз жұмады екен. Жаға ұстатарлық жайт.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 163 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 214 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алған. 15 адам бақилық болды. Сонымен қатар, балалардың қатысуымен 31 жол-көлік оқиғасы орын алып, 33 бала жарақаттанды. Аймағымызда жаяу жүргіншілердің қатысуымен 91 жол апаты тіркеліп, 6 адам қайтыс болды, 89 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Бұл - қасіретті таңбасы бар дерек. Қаншама адам  қара жолда қаза тауып жатыр.

Иә, «Сақтансаң – сақтаймын»  дейді ғой. Осы сөзді күнде қайталап айтсақ та,  орындай бермейтініміз өкінішті. Жүргізуші жол ережесін білумен қатар оны орындауға міндетті. Ережеге бағынбау – өзгенің өміріне қауіп төндіру екенін түсінген жөн.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz