Павлодар ауданына қарасты Жаңақала ауылының суармалы егістік алқаптарына жаңадан су құбыры тартылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 100 млн. теңге шамасында қаражат жұмсалыпты. Аталған қаржыға жаңа насос станциясы тұрғызылып, 1,5 шақырымнан астам құбыр өткізілген. Мемлекет қолдауының нәтижесінде жергілікті шаруалар егістік алқаптарын біршама ұлғайтқан. Өнім көлемі де арта түседі деп күтілуде.

- Суармалы егін шаруашылығының маңызын, тиімділігін барлығымыз жақсы түсінеміз. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді мақсат тұттық. Алайда, оған қажетті құрылғыларды орнатып, құбыр тартуға кететін шығындарды қалтамыз көтермейтін болды. Абырой болғанда, мемлекет қолдады. Биыл мол өнім жинайтынымызға сенімдіміз. Мысалы, бір гектардан 350-500 тонна жүгері жинауды жоспарлап отырмыз. Алқаптарды суаруға арналған заманауи техника сатып алдық, - дейді «Жаңа қала» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Тұрлыбаев.

Сондай-ақ, кәсіпкер келесі жлы суармалы егістік алқаптарын екі есеге ұлғайтуды көздейді. Жаңа тауарлы сүт фермасын салуды да жоспарлап қойған.

Өңірдегі мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлер де төрт түлікке қажетті азықты суармалы әдіспен өсіруді тәжірибеге енгізуде. Олар бұл мақсатта соңғы үлгідегі техникаларды пайдалануда. Бұл суармалы алқаптардан мол өнім алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, шығын аз. Павлодарлық шаруалар жоңышқаның алғашқы өнімін алды. Аталмыш мал азығын гектарынан 15 центнерден жинауда. Мұның барлығы - тұрақты суарудың нәтижесі.

Әзірлеген - Д.АЙТПАЙ.

saryarka-samaly.kz