Барлық қайғылы жағдайлар суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда болған. Соңғы оқиға Усолка өзенінде орын алды. Павлодар қаласының 38 жастағы тұрғыны ішімдік ішіп, тыйым салынған орында суға түскен. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері ер азаматтың денесін жарты сағаттан кейін жағаға алып шыққан.

Жалпы оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, жергілікті полиция  қызметі, прокуратура, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, бірге демалуға  тыйым салынған жерлерде рейдтік шаралар өткізуде. Дегенмен мамандар қанша рет ескерткенімен қауіпсіздік шараларына құлақ аспайтындар да бар. Мәселен, жақында полиция қызметкерлері  Ақсу қаласындағы су айдынында қараусыз жүрген 4 жасөспірімді  көріп, ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Бұл жағдай екінші рет қайталанса, ата-аналарға әкімшілік жаза  қолданылып, айыппұл салынатын болады.

- Облыс бойынша су айдындарында күн сайын төтенше жағдай қызметінен 100-ден астам маман рейдке шығады. Ал демалыс және мереке күндері қызметкерлердің саны 200-ден асып кетеді. Соған қарамастан 19 адам ажал құшты. Су қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, мас күйінде тыйым салынған және қауіпті жерлерде суға түсу, балаларды қараусыз жіберу оқыс жағдайлардың негізгі себебі болып отыр. Бұл туралы жергілікті тұрғындарға талай мәрте ескерткен едік, әлі де айтамыз. Ертіс өзеніндегі судың деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Сондықтан ескерту жазылған орында суға түсуге мүлдем болмайды, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Серік Шериязданов.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz