Бірлесе көтерген жүк

Павлодар облыстық мәслиха-тының VІ сайланған ХХІІІ кезекті сессиясының отырысына қатысқан облыс әкімі Б.Бақауов халық қалаулылары алдында әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға бұрнағы күнгі жұмыс сапары барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын бергені болатын. Облыс әкімі Б.Бақауов бұл жергілікті атқарушы билік пен облыстық мәслихаттың бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында экономиканың тұрақты  өсімін қамтамасыз етуді тапсырып келеді. Облысымызда бұл бағытта оң көрсеткіш қалыптасқан. Жыл басынан бері жалпы өңірлік өнім көлемі 3,3 пайызға артқан. Аймақ басшысы, өндіріс саласындағы әлеуетіміздің жоғарылығын ескерсек, бұл көрсеткіштің жыл соңына дейін сақталатынына сенімін білдірді. Қаржылай тұрғыдан алатын болсақ, биыл аталмыш жалпы өңірлік өнім көлемін 2,5 трлн. теңгеге дейін арттыру жоспарланған.

Облыс әкімі Б.Бақауов аймағы-мызда бизнесін дамытуға ниетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

- Бүгінде атқарушы биліктің барлық деңгейінде инвесторларға қажетті көмек көрсетілуде. Олар кез келген мәселесі бойынша өтініш білдіре алады. Көпшілігімен жүздестім. Инвесторлар жер учаскелерін алу, рәсімдеу, инженер-лік-коммуникациялық желілерге қосылу сияқты проблемаларға жолығуда. Шешілмейтін түйін жоқ. Әрқайсысының мәселесі оң шешімін тапты. Осындай жұмыстың нәтижесі болса керек, өткен алты айда облысымызға 160 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін аймақ экономикасына тағы 350 млрд. теңге көлемінде инвес-тиция құйылмақ, - деді Болат Жұмабекұлы.

Облыста ауылшаруашылық тауарларын қайта өңдеу көлемі 6 пайызға өскен. Бұған саланы мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы оң септігін тигізуде. Биыл ауылшаруашылық саласына барлық қаржы көздерінің есебінен 12 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Облыс әкімі егістік алқаптарын әртараптандыру бағытындағы жұмыстардың нәти-жесінде сұранысқа ие дәнді дақылдардың көлемі 150 гектарға дейін ұлғайғанын айтты. Мал шаруашылығына да баса мән берілуде. Аймақта 5 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы ілгері аяқ басуда. Бүгінгі таңда облыста өндірілетін 14 өнім түрі әлемнің он бір еліне экспортталады.

Б.Бақауов саладағы түйткілді мәселелерді де айналып өтпеді. Бүгінде аймағымызда 75 мың гектар суармалы алқап бар. Алайда оның тек 63 пайызы, яғни 47 мың гектары ғана нақты іс жүзінде қолданылып келеді.

- Егістік алқаптарын суаруға арналған жүйелер әбден ескірген. Көпшілігі - кеңестік кезеңнен қалғандар. Осы бағытта қарқынды жұмыс істеудеміз. Жыл соңына дейін суармалы алқаптардың  көлемін 59 мың гектарға дейін жеткізетін боламыз. Бұдан бөлек, Ертіс өзені мен Сәтбаев каналы бойындағы 120 мың гектардан аса жерді суармалы алқапқа аударуды жоспарлап отырмыз.  Жалпы ұзындығы шамамен 13 шақырым болатын Ертіс-Успен каналын қайта қалпына келтіру бойынша  жоба әзірленді. Бұл  қосымша 10 мың гектар алқапты іске қосуға мүмкіндік береді. Аталған жобаны алдағы жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру үшін тиісті органдарға 8 млрд. теңгеге тапсырыс беріп қойдық. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, жалпы егістік алқабындағы суармалы жерлердің көлемі 3,7 пайыздан, 14 пайызға дейін ұлғаятын болады, - деді Б.Бақауов.

Мемлекет қолдауының нәтиже-сінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 пайызға артқан. Аймағымыздың 125 мың тұрғыны шағын бизнес саласында еңбек етуде. Жалпы, үстіміздегі жылға кәсіпкерлікті қолдауға 2 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаражат тиімді игерілуде. Облыс субсидияланған жобалар саны бойынша республикада үздіктер қатарында.

Өңірімізде Мемлекет басшы-сының 5 әлеуметтік бастамасы қарқынды жүзеге асырылуда. Оның аясында бизнесті шағын несиелеуге 2,2 млрд. теңге қосымша қаражат бағытталған.

Өткен алты айдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 530 млн. теңге болатын 146 шағын несие берілген. Нәтижесінде 700 жұмыс орны құрылған.

Туристік салаға жұмсалған инвестиция көлемі 2 есеге артып, 1,4 млрд. теңгені құраған. Бұл қаражатқа Баянауыл ауданында шағын әуежай бой көтерді. Торайғыр ауылы мен Жасыбай көлін байланыстыратын жол салынды. Қазіргі кезде аталған туристік аймақтарда адамдардың  жыл-он екі ай демалуына жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан бөлек, облыста медициналық туризм қарқынды дамуда. Оның өзегі – Мойылды шипажайы. Биыл мұндағы демалушылар саны 8500-ге жетеді деп күтілуде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламалар экономиканың дамуына серпін беруде. Атап айтсақ, облысымызда биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға 9,6 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл қаржының басым бөлігі жол құрылысына жұмсалды. Егер екі жыл бұрын аймағымызда 160 шақырым шамасында жол жөнделсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш үш есеге артқан. Нәтижесінде, облыс жолдарының 78 пайызының жағдайы жақсы, дейді аймақ басшысы.

Өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны 1,4 есеге артқан. Биыл 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен алты айда 81 мың шаршы метр баспана тұрғындарға үлестірілген. Бүгінде Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» тұрғын үй кешені негізгі құрылыс алаңына айналған. Оның санатына келесі жылы «Достық» шағын ауданы қосылмақ. Әзірге мұнда инженерлік коммуникациялық желілер тарту бойынша жұмыстар басталған.

Жыл басынан бері облысымызда 7117 жұмыс орны ашылды. Оның 69 пайызы – тұрақты. Өткен алты айда оңтүстік өңірлерден  аймағымызға 172 отбасы көшіп келген. Жыл соңына дейін тағы 277 отбасы қоныс аудармақ.

Облысымызда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 80 жоба жүзеге асырылуда.

Аймақта мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында маңызды жобалар қолға алынған. Атап айтсақ, Павлодар қаласында жаңа концерт залы, олимпиадалық резерв дайындау орталығы, жеңіл атлетика және футбол манежі салынуда.

Баяндама аяқталғаннан кейін аймақ басшысы облыстық мәслихат депутаттарының әр салаға қатысты сұрақтарына жауап берді. Халық қалаулылары Б.Бақауовтың есебін оң бағалады.

***

Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессиясында аймағымыздың кейбір елді мекендерінің атауын ауыстыру туралы шешім қабылданды. Атап айтсақ, Железин ауданына қарасты Березовка ауылының атауы «Ақтау» деп өзгертілді. Ал Лебяжі ауданының Аққу ауылы мен Лебяжі ауылдық округі «Аққулы» ауылы және «Аққулы» ауылдық округі болып қайта аталды.

Бұдан бөлек, тағы бір маңызды шешім Екібастұз қаласындағы М.Глинка атындағы балалар музыка мектебіне қатысты болды. Бұдан былай, облыстық мәслихат депутаттарының шешімімен аталмыш білім ордасы атақты жерлесіміз Естай Беркімбайұлының есімімен аталмақ.

Халық қалаулылары облысы-мыздың бірқатар тұрғындарына Павлодар облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы шешім шығарды.

Әкіммен ашық әңгіме

Павлодар облыстық мәслихатының кезекті сессиясының отырысынан кейін аймақ басшысы Болат Бақауов шараға қатысқан жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) өкілдерімен жеке жүздесті. Бұл облыс әкімі үшін де, журналистер үшін де үйреншікті кездесу деп айтуға келмейді. Тілшілер қауымына аймақ басшысымен бетпе-бет отырып, ашық әңгімелесу мүмкіндігі күнде туындай бермейді.

Сондықтан болар, журналистер талайдан бері көкейлерінде жүрген сауалдарын қоюға асықты. Аймақ дамуына қатысты мәселелерді көтерді. Қоғамдық проблемаларға назар аударды.

- Облыс әкімдігінде өтетін алқалы жиындарда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көптеген жайттар сөз етіледі. Бүгін де, облыстық мәслихат алдындағы есебімде осы мәселелерге тоқталуға тырыстым. Бірақ айтар ойымның барлығын бірнеше минуттық баяндамаға сыйғызу мүмкін емес. Сәйкесінше, сіздерде де кейбір мәселелерге қатысты сауалдар туындауы ықтимал. Сол себепті, жеке жүздесіп, сұхбаттасуды жөн санадым, - деді Болат Жұмабекұлы.

Жергілікті БАҚ өкілдерін қызықтырған тақырыптардың бірі – аймақтағы туризмді дамыту мәселелері, соның ішінде, Маралды көлінің болашағы. Облыс әкімі Б.Бақауов аталмыш демалыс орны павлодарлықтар арасында танымалдылыққа ие болып келе жатқанын айтты.

- Маралды көлін дамыту бағытындағы жұмыстар небары екінші жыл қатарынан жүргізілуде. Соған қарамастан, біршама нәтижелерге қол жеткізілді. Облыс қазынасынан 460,0 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, жол салынды. Бұдан бөлек, 24,0 млн. теңгеге электр желісі тартылды. Ондағы инвестор да қол қусырып отырған жоқ. Көлдің аумағы көріктендірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға 150 млн. теңге шамасында жеке инвестиция құйылды. Қазіргі кезде мұнда бірнеше демалыс үйі бой көтеруде. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Маралды көліне әр демалыс күндері сайын 7 мыңға жуық адам демалуға барады. Жалпы, биыл онда демалған туристердің саны 70 мыңға жетеді деп күтілуде. Ал 2020 жылға дейін 120 мыңға дейін жеткізу жоспары тұр, - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі үстіміздегі жылы Маралды көлінің аумағында дәмхана салынып, оның жанынан 500 адамның отырып, тамақтануына арналған орындар жабдықталғанын атап өтті. Бірнеше киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерген. Бір мың автокөлікке арналған автотұрақ салынған. Қазіргі кезде балалар аттрак-ционының құрылысы жүргізілуде. Жағажай кеңейтілмек.

Бұдан бөлек, тілшілер қауымы картоп, көкөніске қатысты баға саясатының қалай реттелетінін сұрады. Себебі күзгі жиын-терім уақытында көкөніс арзандап, ал қыста бағасы керісінше шарықтап кететіні дәстүрге айналған. Облыс әкімі бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында аймағымыз бойынша көптеп көкөніс сақтау қоймалары салынып жатқанын жеткізді.

- Күзде шаруалар жинаған картоптарын тезірек сатып жіберуге тырысатын еді. Себебі сақтайтын орын болмады. Қазіргі кезде аймағымыз бойынша мыңдаған тонна көкөніске арналған қоймалар бой көтеруде. Өңірімізде бұрын-соңды мұндай көлемде көкөніс сақтау орындары салынбаған. Кәсіпкерлер оның тиімділігін түсініп отыр. Енді, жиналған картоп аталған қоймаларда еш қиындықсыз сақталады. Сәйкесінше, қыс мезгілінде де өз өнімдерін саудаға шығара алады, - деді Б.Бақауов.

Журналистермен жүздесу барысында аймақ басшысы экология мәселелерін, соның ішінде тұрғындардың қоқыс тастау мәдениетін де сөз етті.

- Бір қуанарлығы, бүгінде халықтың экологиялық тазалық тұрғысынан алғандағы мәдениеті артып келеді. Бұрнағы жылдары халықтық мерекелеулерден кейін қала көшелерінде үлкен көлемде қоқыс қалатын. Қазір ондай олқылықты байқамаймыз. Ол-ол ма? Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, жеке-жеке тастауға дағдыланып келеді, - дейді Болат Жұмабекұлы.

Биыл шомылу маусымы қайғылы оқиғалармен ұштасып келеді. Жаздың екі айында-ақ ондаған тұрғын, соның ішінде бірнеше бала суға кетті.

- Мұндай жан түршігерлік оқиғалар орын алмас үшін ата-аналар балаларына мұқият болуы керек деп есептеймін. Қарапайым сақтық шараларын үйретіп қойса, көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар еді, - деді облыс әкімі.

Журналистер қауымы жақында ғана жауын суынан зардап шеккен екінші Павлодар шағын ауданының мәселесін көтерді. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған жобалардың тиімділігі я тиімсіздігін сұрады. Аймағымыздағы тұрғын үй құрылысының әлеуеті қызықтырғандар да болды. Аймақ басшысы тілшілердің барлық сауалына ашық әрі тұшымды жауап берді. Ал БАҚ өкілдері мұндай кездесу дәстүрге айналса деген тілектерін білдірді.

Данияр ЖҰМАДІЛ
Суретті түсірген - В.Бугаев.

saryarka-samaly.kz