Бұл туралы 2018-2019 жылғы жылыту маусымына дайындық жөнінде өткен жиында Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Елена Мешкова мәлім етті. Оның айтуынша, облыс орталығындағы 1308 көпқабатты тұрғын үйдің 350-і жылыту маусымына дайын. Алайда қазіргі уақытта оның тек 19-ы тиісті акт алған.

- Осы жылдан бастап әрбір тұрғын үйден дайындығын растайтын акт талап етілетін болады. Себебі жылу беру маусымы кезінде апаттық жағдайлар туындаса алдымен дайындық жөніндегі құжаты қаралады. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 350 үй 100 пайыз дайын болса, тағы 315 үйдің 60-80 пайызы ғана дайын. Қалған 734 үйдің жылыту маусымына дайындығы әзірге 50 пайызды құрайды. Акт алмаған пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс жүргізілуде, - деді Е.Мешкова.

Қазіргі уақытта тұрғындар жинаған қаражат есебінен облыс орталығындағы 639 үйдің инженерлік жүйелері жаңартылып, ішкі жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жиында тұрмыстық қалдықтар мәселесі де сөз болды. «Айсберг» ПИК басшысы Константин Плахатнюктің «Иртыш Синема» кинотеатрының басшылығы мен қызметкерлеріне тазалық мәселесіне қатысты наразылығын білдірді. Оның айтуынша, аталмыш кинотеатр қызметкерлері қоқысты тиісті жерге тастамайды. Осының салдарынан қоқыс контейнерінің айналасы қағаз қораптар мен шөлмектерге, сондай-ақ, пластмассадан жасалған қалдықтарға, ал тұрғын үйлердің айналасы күл-қоқысқа толады.

- Бей-берекет тасталған қоқыстар тұрғын үйлердің маңының көркін қашыруда. Қаланың қақ ортасы болса да, ешкімнің шаруасы жоқ. Кинотеатр иесінен тазалық талап етіліп, тиісті шаралар қолданылуы қажет, - деді К.Плахатнюк.

Бұл ретте Е.Мешкова апта сайын жергілікті полиция қызметкерлерімен рейд жүргізілетінін атап өтті. Осы аптадағы рейд барысында кинотеатр маңайын бақылауға алатынын айтты.

Е.Мешкова биыл қаламызда қоқыс шығару мәселесінің күрделі тұрғанын жеткізді. Қазіргі уақытта «Спецмашин» және «Ак сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қоқыс жинау жұмыстары бойынша жүйелі кесте құруда. Сонымен қатар, Е.Мешкова қоқыс жинауда тұрғындардың да атсалысу қажеттігін атап өтті. Тұрғындардың көбісі қоқыстарды контейнерге салмай, жанына қоя салатынын айтады. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің меншіктеріне іргелес жатқан аймақты таза ұстауы тиіс. Бұл өз кезегінде тазалаушы компания мен тұрғындар арасында түсініспеушілік тудыруда. Сондықтан тазалыққа әр тұрғын жауап беруі тиіс, дейді ол.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz