ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге соның ішінде туа сырқат болған немесе кейіннен қандай да бір жағдаймен еңбекке жарамсыз болған азаматтардың жағдайын жасауға ерекше мән береді. Елбасы өткен жылғы Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізуді тапсырған болатын.

- 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырамын. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейін қаржы қажет болады. 2018 жылы республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінген шығын 12 пайызға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асқан, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, аталмыш маңызды құжатта осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетінін де тілге тиек етті.

Облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің бөлім басшысы Алмагүл Мұхамедованың сөзінше, 18 жасқа толмаған бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі балаларды өз отбасыларында бағып отырған 761 адам бар. Міне, солардың 80 пайызына осы шілде айынан бастап 29 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Қалған 20 пайызы құжаттарын әзірлеу үстінде.

- Мемлекет бұған дейін мұндай балалардың өздеріне ғана әлеуметтік жәрдемақы төлеп келген болатын. Енді олардың ата-аналары мен күтушілерінің еңбегі үшін жәрдемақы беруді міндет етті. Ол үшін сол баланың мүгедектігін растайтын анықтама және басқа да қажетті құжаттарды уақытында жинап беруі керек. Тағы бір атап өтерлігі, мұндай ақша мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға берілмейді, - дейді Алмагүл Мұхамедқызы.

Еске сала кетер болсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16%-ға дейін өскен болатын.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz