Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Азамат Бейсембаев қылмыскерлерді қолға түсіру бойынша операция жарты жылға жуық уақыт жүргізілгенін айтты. Бұған дейін сауда орталықтарындағы ойын автоматтарын орнатқан «ұсақ» қылмыскерлер ғана қолға түсіп, темір тордың арғы жағына тоғытылса, енді «ірілері» құрықталды. Ұйымдастырылған қылмыстық топтың өкілдеріне кісен салынған соң аймақтағы ойын автоматтарының саны да айтарлықтай азайды.

- Мемлекеттік кірістер департа-ментінің экономикалық қылмыстар қызметі, Павлодар қалалық прокуратурасы, Павлодар облыстық ІІД және антитеррорлық қызмет өкілдерінен құралған ведомствоаралық жедел-тергеу тобы 11 адамнан тұратын қылмыстық топтың заңға қайшы әрекетін анықтады. Тергеу амалдары көрсеткендей, қылмыстық топтың көлеңкелі бизнес айналымы 2,6 млрд. теңгеден асқан. Сондай-ақ, олар 250 млн. теңге болатын салық пен өзге де міндетті төлемдерден жалтарған болып шықты. Қазіргі уақытта іске қатысы бар адамдардың мүлкіне тыйым салынды. Мүліктің жалпы сомасы 1,25 млрд. теңгені құрайды. Қылмыстық іс аяқталды және сотқа жіберілді, - деді А.Бейсембаев.

Экономикалық қылмыстар қызметі бетін ашқан іс бұл ғана емес. Екібастұз қаласындағы ерлі-зайыптылардың 5 жылдан астам уақыт бойы жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны белгілі болды. Олар тауарларды тасымалдау бойынша келісімшарттар жасағанымен, іс жүзінде орындамаған. Салдарынан мемлекет қазынасына төленуі тиіс 644 млн. теңге салық түспеді. Күдікті азаматтар жауапкершіліктен жалтармақ болғанымен жолы кесіліп, іс сот қарауына жіберілді.

Үй жағдайында жалған ішімдіктер дайындап, заңсыз жолмен нәпақа таппақ болғандардың ісіне де тұсау салынды. Олардан 6 мың бөтелке спиртті ішімдік тәркіленді. Ол, ол ма? Облыстың кейбір тұрғындары ішімдіктің ғана емес, ақшаның да жалған түрін жасайтын болып шықты. Павлодарлық жалған 2 мың теңгеліктер жасап, жалпы сомасы 1 млн. 336 мың теңгені жұмсауға ниетті болған. Жеке компьютер, сканер және түрлі-түсті принтер арқылы «ақша» шығарған қылмыскер оқиға орнында ұсталды.

- Заңға қайшы әрекет етіп, көлеңкелі бизнеспен, жалған кәсіпкерлікпен айналысатындар міндетті түрде жазасын алады. Жауапкершіліктен құтыламын деп ойлау – әбестік. Қылмыс жасағандардың кейбірі ізін суытпақ болып, өзге мемлекеттерге кетіп жатады. Әсіресе, Ресейге қашып, сол жақтан пана іздейтіндер жиі кездеседі. Бірақ ол жақта да қолға түсетінін ұмытпауы тиіс. Иә, қылмыскерлерді экстрадициялауда қиындықтар туындап жататыны рас. Мәселен, былтыр қараша айында Ресейде ұсталған азамат әлі қазақстандық құқық қорғаушыларға тапсырылған жоқ. Десе де, мұндай оқиғалар ілеуде біреу. Қысқасы, қылмыс жасағандардың әрқайсысы тиісті жазасынан құтылмайды, - деп түйіндеді А.Бейсембаев.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz