Дәмесі зор...

Еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өндірісін мықтап қолға алу үшін келесі жылдан бастап қоқысты жинау, шығару және полигондарға жеткізу ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Байқаған болсаңыздар, облысқа қарасты үш қалада өткен жылдан бері батареялар мен шамдарды жинауға арналған жеке контейнерлер орнатылды. Ал осыдан біраз уақыт бұрын аулаларда пластикалық өнімдерге арналған арнайы жәшіктер қойыла бастады. Мұның барлығы тұрғындардың бойында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап шығару мәдениетін қалыптастыру әрі оларды өңдеу кезіндегі жұмысты оңтайландыру үшін қажет.

Павлодар қаласындағы қалдықтарды шығару «Спецмашин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелген. Жыл басынан бері аталмыш компания жергілікті билік өкілдеріне тарифті көтеру туралы бірнеше рет ұсыныс жасаған болатын. Айтуларынша, тариф осыдан 5 жыл бұрын өзгерді. Қазіргі кезде бір адам қоқыс шығарғаны үшін 159 теңге төлейді. Ал осы уақыт аралығында кәсіпорынның шығындары еселене түскен. «159 теңгелік тарифтен табыс көрмек түгілі жыртығымызды жамауға жетпейді» деп отыр компания өкілдері. Тіпті, осы айдың басында «Спецмашин» ЖШС жұмысшылары демалыс күндері қоқыс жинауға шықпай, қаланың иісі қолқаны қабатын қалдықтың құрсауында қалып, адамдардың аяқ алып жүргісіз жағдайға жеткені есімізде. Сол тұста серіктестік басшысы Вячеслав Рудько тариф 322 теңгеге дейін көтерілмесе, мүндай келеңсіз жайт қайталанатынын аңғартқан еді. Бұрнағы күні облыстық әкімдікте экология мәселелері талқыланған жиында компания өкілі Сүйіндік Нұрымов тарифтің бес жыл бойы тұрақты болуының салдарынан келесі жылы қалдықты сұрыптап жинауға дайындықтың кемшін екенін айтты.

- 2019 жылдан бастап тұрмыстық қоқысты жинауға қатысты өзгерістер енгізілетінінен хабардармыз. Бірақ, оны іске асыруға дайындық шаралары тұралап тұр. Себебі, қаржылай жағдайымыз нашар. Қосымша 10 техника сатып алуды жоспарлаған едік, бірақ қолдың қысқалығынан ол да мүмкін болмай отыр. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың қоқыс шығарғаны үшін төлейтін ақысының бірдей көлемде белгіленуі дұрыс емес. Энергетика министрлігі осы мәселені назарға алса игі, - деді С.Нұрымов.

Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, 3 тамызда қалалық мәслихат депутаттары тарифті 250 теңге көлемінде бекіту туралы мәселені қарайды. Бірақ, С. Нұрымов бұл да мәселені толыққанды шешпейді дейді. Қалдықты сұрыптап жинауға кірісу үшін шамамен 1 млрд. теңге қажет. Облыс әкімі Болат Бақауов орынбасары Дәурен Мақажановқа бұл жағдайды жіті назарға алып, қаржылық модельді егжей-тегжейлі әзірлеуді жүктеді.

Ауылдық жерлердегі полигон мәселесі де мәз емес. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев елді мекендерде 345 қоқыс полигонын салу үшін 52 млрд. теңге керек екенін айтты. Бұл қомақты сома болғандықтан, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау орнының оңтайландырылған типтік жобасын әзірлеу туралы ұсыныс құзырлы министрлікке жолданған көрінеді. Десе де, аймақ басшысы Б.Бақауов полигонның барлығын бір стандарт негізінде салу мәселені шешпеуі мүмкін екенін білдірді. Сонымен қатар, ауылдарда құрылыс материалдарын жеке жинау қажет екенін қадап айтты.

- Көптеген ауылдың іргесінде құрылыс материалдары да, тұрмыстық қалдықтар да бір жерде жатады. Баянауыл ауданында су құбыры салынып жатыр, ал одан шыққан құрылыс қалдықтарын 300-400 метр жерге апарып, лақтыра салады. Тіпті, өзен-көлдердің бетінде қоқыстардың қалқып жүргенін көз көріп жүр. Сондықтан, ауылда құрылыстан қалған қалдықтарды шығаруға жеке жер қарастыру қажет. Кейін олар қаладағы құрылыстар кезінде кәдеге жарауы мүмкін, - деді Б.Бақауов.

Осы орайда аймақ басшысы қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетін мектеп қабыр-ғасынан қалыптастыру қажет екеніне мән берді. Бірақ, белгілі болғандай, оқу орын-дарының барлығы бірдей пластиктер мен шыныларға арналған контейнерлермен қамтылмаған. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы арнайы жәшіктер Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы мектептердің бәрінде барын, ал ауылдардағы білім беру мекемелеріне қыркүйек айына дейін жеткізілетінін айтты.

Кәсіпорындар не тындырып отыр?

Біздің облыстың еліміздің өндірістік орталығы аталуы тегін емес. Өңірде түрлі бағытта жұмыс істейтін ірі зауыттар баршылық. Сондықтан болар, тұрғындар өз денсаулықтарына алаңдаушылық білдіріп, аталмыш өндіріс орындарының экологиялық талаптарды қаншалықты сақтайтынын білмек болуға талпынады. Қ.Сәтиев атап өткендей, биыл аймақтағы 12 кәсіпорынмен меморандум жасалды. Соның аясында зауыт басшылары арнайы брифингтер өткізіп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстармен таныстырды. Одан бөлек, өзара келісімге сәйкес зауыттар экологиялық көрсеткіштерді онлайн-мониторингтен өткізу қондырғаларын орнатуы тиіс. «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы бұл істі келесі жылы қолға алса, басқалары 2020 жылы кіріседі. Өндіріс орындарына жүктелген тағы бір міндет – көріктендіруге үлес қосу. Кәсіпорындардағы санитарлық зонада 14 мың жасыл желек отырғызылыпты. Бұл тұста облыс әкімі Б.Бақауов «Аза» компаниясын өзгелерге үлгі етті. Аталмыш кәсіпорын айналасына көшеттер отырғызып, оны күтіп-баптауды оң жолға қойған. Нәтижесінде өндіріс орнының маңы жайқалып тұр. Ал Павлодар қаласындағы көшеттердің кейбірі қурап, тіпті, өспей қалған. Шаһар басшысы Н.Әшімбетов мұны мердігер компания жұмысшыларының талдарды дұрыс суармауымен байланыстырды.

Бұдан соң көшеттермен қамту мәселесі де сөз болды. Мемлекеттік орман тәлімбағын ашу үшін шамамен 300 млн. теңге, ал оны күтіп-ұстау үшін жыл сайын тағы 20 млн. теңге қажет.

- Қазіргі күні 1 көшеттің бағасы – 7 теңге. Бірақ оларды ұлттық парктер сата алмайды. Ал кәсіпкерлердің сауда жүргізуіне рұқсат. Сондықтан бұл істі бизнесмендердің қолына беру керек, - деді Б.Бақауов.

Облыстың бас ұстазы Д.Болатханұлы биылдан бастап аймақтағы мектептер тың жобаны қолға алатынын атап өтті. Бұған дейін мектеп түлектері білім ордасының ауласында ағаш отырғызса, енді оқу орнының табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер «Менің талым» жобасы аясында көшеттер отырғызады. Сөйтіп, алтын ұядан қанат қағып шыққанша өзінің ағашын күтіп-баптайды. Негізгі идеясы – осы. Бірақ, бұл ойды облыс әкімі құптай қоймады.

- «Талды осы сынып оқушылары отырғызсын» деген қатып қалған қағида жоқ. Мектептің барлық оқушысы туған жерінің көріктенуіне атсалысуы тиіс, - деді Б.Бақауов.

Жиын барысында көтерілген тағы бір мәселе – кәсіпорындардың өз қалдықтарын жасыруы. Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Жомарт Кәрімовтің айтуынша, ірі өндіріс орындары қалдықтарын басқа компанияға өткізіп, ең соңында ол қалдықтың қайда кеткені белгісіз болып қалады. Яғни, не қалдықты сақтау орны, не өңдеу цехы жоқ күмәнді компанияларға беріп отырған. Осылайша, өндірістік қалдықты шығарғаны үшін төленуі тиіс эмиссиядан жалтарады. Бүгінгі күні «KSP Steel» ЖШС мен Қазақстан электролиз зауытының қалдықтары қайда екені беймәлім. «Бұлай болмауы тиіс. Қатаң қадағалауға алу қажет» деді Б.Бақауов.

Жалпы, жыл басынан бері 70 млн. тонна өндірістік қалдық шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 млн. тоннаға аз. Өткен алты айда экология департаментінің мамандары 80 тексеріс жүргізіпті. Соның нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын сақтамау бойынша 116 факт анықталып, жалпы сомасы 7 млн. 712,9 мың теңгеге айыппұл салынды. Осы уақытқа дейін 3 млн. 999,1 мың теңгесі өндірілді.

- Өндірістік аймақ үшін 7 млн. теңгеге айыппұл салу түк емес. Бұл ретте ірі өндіріс орындарының табиғатты қорғау шараларына қомақты сома бөлетіні белгілі. Бірақ олардың нақты нәтижелері туралы дерек жоқ. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру керек, - деді Б.Бақауов.

Сонымен қатар, жиын барысында экологиялық технологиялар бойынша құзіреттілік орталығының директоры Ахан Өмірбек баяндама жасады. Оның айтуынша, Былқылдақ көлін сауықтыру бойынша алғашқы тәжірибелік қадамдар жасалды. Атап айтқанда, көлдің маңындағы топыраққа қабырға тұрғызу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Сондай-ақ, аталмыш орталық Ақсу қаласындағы қазандық құрылысы барысында жаңа экологиялық технологияларды қолдану бойынша жобаларды қолға алды. Бірақ, атқарылған істер облыс әкімі Б.Жұмабекұлының көңілін көншітпеді.

- Орталықтың жұмыс істегеніне 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында бір проблемалар қайталана береді, бірақ одан шыққан нәтиже жоқ. Орталықты кәсіпорындар қаржыландырып отырғандықтан, сіздер сол кәсіпорындағы экологиялық ахуалды жақсартудың тиімді тетіктерін көрсетулеріңіз керек. Оларға жаңа технологияларды енгізудің жолдары талқылануы тиіс. Алайда, іс жүзінде олай болмай отыр, - деді Б.Бақауов.

Ал облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшысы Ирина Сорокина елді мекендерді таза ауызсумен қамту және шыбын-шіркеймен күрес мәселелеріне тоқталды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, осы уақытқа дейін 346 ауылда тексеріс жұмыстары жүргізілді, тамыз айының соңына дейін тағы 23 елді мекенде сараптамалар жасалмақ. Соңғы қорытындылар қолға тиген соң таза ауызсуға қатысты нақты байламдар мен жұмыс жоспары таныстырылады. Әзірше белгілісі, Ертіс ауданы мен Екібастұз ауылдық аймағындағы кешенді блок модульдердегі судың сапасы қанағаттанарлықсыз. Ал биыл тұрғындардан масаға қатысты шағым түспеген көрінеді.

- Биыл облыста «Экология жылы» жарияланғаны белгілі. Соның аясында қоршаған ортаны жақсарту бағытында ауқымды істерді атқаруымыз керек. Бүгін алғашқы жартыжылдықты қорытындыладық, жетістік те, жетілдіретін тұс та бар. Енді екінші жартыжылдықта жұмысты жүйелендіріп, діттеген мақсат-міндетімізді орындауымыз қажет. Бұл тұтас облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, бастысы тұрғындардың денсаулығына оң әсер беруі тиіс, - деп қорытындылады жиынды Б.Бақауов.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz