Тәуелсіздік даңғылы мен Ак.Шөкин көшелерінің қиылысында орналасқан бұл үйлер облыс орталығының ең биік ғимараттары саналады. Сондықтан ел арасында оларды «Үш батыр» атап кеткен. Бұл үйлердің құрылысы да ерекше. Әр қабатта жедел сатыдан баспалдаққа ашық балкон арқылы өту қажет. Бұл ерекшелік осы үйдің басына бәле болып жабысқандай...

Міне, осы балкондардан жылына бірнеше адам секіріп, мерт болған. Мына бір жан түршігерлік жағдайлар!  Сол  үйлердің  тұрғындарының айтуынша, Тәуелсіздік даңғылы бойындағы бір ғана 52-ші мекенжайда орналасқан тұрғын үйден 20 жылдың ішінде 50-ге жуық адамның тағдыры қиылған. Олардың бәрі дерлік қаланың өзге аумақтарының тұрғындары. Өмірден түңілген жандарды ажалға жетелеп, тартатын бұл үйлердің қандай күш-тылсымы бар?  Жұмбақ! Осылайша 16 қабаттан тұратын «Үш батыр» өз-өзіне қол жұмсауға бел буған бейбақтардың «өз үйіне» айналған.

Биылғы жылдың 24 шілдесі күні 50 жастағы әйел Тәуелсіздік даңғылы 52 үйдің 11 қабатынан құлап, бірден жан тапсырды. Осыдан бір ай бұрын ғана дәл осы үйдің 14 қабатынан 31 жастағы ер адам секіріп кеткен болатын. Жаға ұстатарлық жағдай...

Аталмыш үйдің тұрғыны Бақыт Қабулдинованың айтуынша, жыл басынан бері бұл үйде 3  адам өз-өзіне қол салған.

- Осы үйде пайдалануға берілген кезден тұрамын. Содан бері осындай жантүршігерлік оқиғалардың куәсі болып келеміз. Өз-өзіне қол жұмсағандардың көпшілігі біздің үйдің тұрғындары емес. Өлімге құштар жандардың дәл осы үйді неге таңдайтынын түсінбеймін, - дейді тұрғын.

Осы аптадағы суицид оқиғасы 2 бірдей адамның өмірін жалмай жаздаған. Жоғары қабаттан секірген әйел есік алдында тұрған  азаматтың үстіне құлаған. Абырой болғанда соңғысы тірі қалды.

- Подъезге кіріп келе жатқан едім. Кіре беріс есікке таяған тұста бірнәрсенің құлап келе жатқанын сездім. Бірақ басымды көтеріп қарауға үлгермедім. Сол мезетте көзім қарауытып, есімнен танып қалдым. Көзімді ашқан кезде қасымда әйел адамның денесі жатқанын көрдім. Сонда ғана жоғары қабаттан адамның секіріп кеткенін түсіндім. Мен бұл үйдің тұрғыны емеспін. Біраз уақыттан бері осы аумақта қызмет істеймін. Соның өзінде бұл  мен куә болып отырған бірінші жағдай емес. Бақытыма орай дене жарақаттарын алғаным болмаса, өміріме қауіп төнген жоқ. Бірақ менің орнымда кішкентай балалар болуы мүмкін еді ғой. Мұны ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл үйдің балкондарына  тиісті қауіпсіздік шаралары қолданылмаса, әлі талай өкінішті жағдайлар болуы әбден мүмкін, - дейді Андрей Миллер.

Үй тұрғындарының мұндай оқиғалардан мезі болғаны соншалық, күні кеше тұрғын үйдің ауласында жиналып, мәселені шешудің жолдарын қарастырды. Жергілікті пәтер иелері кооперативі мен (ПИК) жауапты органдардың өкілдерін шақырған. Тұрғындардың талабы бір. Суицидтің ордасына айналған үйде тәртіп орнату. Қайғылы жағдайларға нүкте қою.

Мәселенің шешімі ретінде бірнеше ұсыныс тасталды. Бірі баспалдақ пен жедел сатыны байланыстыратын балконға темір тор орнату қажет десе, енді бірі бірінші қабатқа, балкондардың астына жіңішке сымнан тоқылған тор тартып қоюды ұсынды.

- Әлі есімде, тоқсаныншы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басындағы дағдарыс кезінде бұл үйден апта сайын адам өлімі тіркелетін. Бұл жағдай әлі толастар емес. Бәрімізді қорқыныш билеп алды. Үйге кіріп шыққан сайын жоғары қабаттарды аңдумен боламыз. Әлеуметтік желі арқылы біздің үйде болған суицид оқиғалары лезде елге тарап кетеді. Міне, 2000 жылдардың басынан бері  16 қабатты үш үйден 100-ден астам адам мерт болды. Оның басым көпшілігі біз мекен ететін үйде орын алды. Шыдамның да шегі бар. Тез арада не балконға қоршау орнатып не төменгі қабатқа тор тартып нақты жұмыстарға көшу қажет, - дейді Григорий Кузнецов.

ПИК өкілдерінің сөзінше, бұл мәселе талай мәрте көтерілген. Олар тұрғындардың талабы бойынша ашық тұрған балкондарға қоршау орнатуға да тырысқан. Алайда олардың бұл әрекеттеріне төтенше жағдайлар қызметі рұқсат бермеген. Себебі бұл ғимараттардың өрт қауіпсіздігі шараларына кедергі келтіреді.

Тұрғындарды бұл жауап қанағаттандыра қойған жоқ. Олардың айтуынша, мұндағы қауіпсіздік шаралары онсыз да сақталмайды.

Маргарита Щербакова - бұл үйдің байырғы тұрғындарының бірі. Ол шамамен 10 жасында алғашқы қайғылы оқиғаның куәгері болған. Содан бері 20 жыл өтсе де, жағдайдың түзелмей келе жатқанына қынжылады.

- Біз жергілікті пәтер иелері кооперативінен балконға темір тор орнатуды талайдан бері талап етіп келеміз. Алайда мұның қауіпсіздік шараларына қарсы келетінін айтуда. Таңқаларлық жағдай. Себебі бұл үйде тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесімен бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Подъездің жедел саты мен баспалдаққа өткендегі есіктер үнемі ашық жатады. Ол ол ма? Тұрғын үйдің бірінші қабатында апаттық шығу есігі бар. Қауіпсіздік талабы бойынша ол ашық тұруы тиіс. Алайда сол қабатқа кеңселерін орналастырып, кәсібін дөңгелетіп отырған адамдар бұл есікті мүлде ашылмайтындай етіп, бекітіп тастаған. Бұл жағдайдан ПИК өкілдері хабарсыз болуы мүмкін емес. Сондықтан тиісті органдар мәселенің анық-қанығын анықтап, дереу шешкенін талап етеміз, - дейді тұрғын.

Тұрғындардың талабын тыңдаған мемлекеттік мекеме өкілдері түсінік берді. Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитов аталған мәселені төтенше жағдайлар қызметі ғана шешуге қауқарлы екенін айтты.

- Балкон – жергілікті тұрғындар үшін ортақ мүлік. Егер төтенше жағдайлар қызметі аталған орындарға темір торларды орнатуға рұқсат берсе, оған кететін шығынды тұрғындар өз мойындарына алуы тиіс. Қаражат жинап, қандай материалмен қоршайтынын шешулері керек. Жалпы жұмыс тәжірибемізде жабық балкондардың кесірінен қайғылы жағдайлар орын алған кездер болды. Сондықтан бұл мәселеге бір жақты қарауға болмайды, - дейді Нұрлан Рашитов.

Айдана ҚУАНЫШЕВА


Түйін:
Кезінде «Үш батыр» деп әспеттелген бұл ғимараттар бүгінде Павлодар қаласындағы «ең қауіпті тұрғын үй» деген «атаққа» қалды. Тіпті кейбірі «қарғыс атқан үй" деп айдар тағып, ат қойып алған. Жыл сайын өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиі қайталанатынына қарамастан құзырлы органдардың бұл мәселеге назар аудармай келгендігі таң қалдырады. Қауіпсіздік шараларын қолға алып, жоғарыда аталған көп қабатты тұрғын үйлердегі суицидтің алдын алу үшін әлі қанша адамның тағдыры қиылу керек екені түсініксіз... Әзірге тұрғындардың өмірі үреймен өтуде...

saryarka-samaly.kz