Биыл субсидия берілмейді

Өсімдік майын алу үшін күнбағысты көптеп өсіруіміз керек екені бесенеден белгілі. Качир, Успен, Ақтоғай, Шарбақты ауданының шаруалары бұл көрсеткіш бойынша алда тұр. Дәл осы аудандарда аталмыш майлы дақыл көп себіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, Качир 69 мың гектар, Успен 36500 гектар, Шарбақты 23200 гектар алқапқа, ал жалпы облыс бойынша 186 мың 937 гектар аумаққа күнбағыс егілді. Былтыр бұл өсімдік 178 мың гектарда өсіп, күзде 110 мың 300 тонна өнім жиналған болатын.

Десе де, шаруалар былтырғы өнімділіктің көңіл көншітпегенін айтады. Оған қоса, шикізаттың бағасы күрт төмендегенге ұқсайды. Ақтоғай ауданындағы «Надежда» шаруа қожалығының басшысы Владимир Филипишиннің айтуынша, 2016 жылғы жағдай едәуір жақсы болған еді.

- 2016 жылы бір гектардан 8-10 центнер жинасақ, өткен жылы небары 3-4 центнер алдық. Осыдан екі жыл бұрын өнімнің 1 тоннасын 110-115 мың теңгеге, былтыр 75 мың теңгеге саттық. Яғни, өткен жылғы жиын-терім нәтижесі көңіл көншітерлік болды деуге келмейді. Ал биыл 1200 гектар аумаққа тұқым салдық. Өнімнің қалай болары әзірше белгісіз. Ауа райы қолайлы болса, көп жинаймыз деп үміттенеміз, - дейді В.Филипишин.

Былтыр дәл осы күнбағыс өсіретін шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген болатын. Атап айтқанда, қайта өңдеу кәсіпорындарына шикізат өткізген кәсіпкерлерге әр тонна үшін субсидия берілді. Өкінішке қарай, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Биыл бұл бағдарлама жоқ. Демек, субсидиядан дәмеленбейді.

- Өткен жылы қайта өңдеу орнына тапсырылған 1 тонна күнбағыс үшін мемлекет 10 мың теңге субсидия төледі. Облыс бойынша барлығы 37 мың 200 тонна шикізат жөнелтілді. Былтыр өнімді өткізген шаруаларға 371 млн. 938 мың теңге, биыл қалған сома, яғни  273 млн. 566 мың теңге берілді. Осымен тәмам. Күзде күнбағыс жинап, оларды өңдеу орнына тапсырған шаруаларға субсидия берілмейді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Байболат Рахымжанов.

Өнімді өңдер орын болса...

Тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие болар өнімді әзірлеу үшін өсімдікті өсіріп, өткізумен шектеліп қалмау керек. Шикізатты өңдеп, одан дайын өнім алса ғана агроөнеркәсіптік кешеннің серпілері анық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Татьяна Нагуланың айтуынша, өңірімізде күнбағысты өңдейтін 10-ға жуық орын бар.

- Өңдеу орындарының барлығы рафинадталмаған май шығарады. Кейін өнім облыстың дүкендерінде сатылады. Ал кей шағын цехтар өз қажеттіліктері үшін ғана шикізатты өңдеумен айналысады. Качир ауданындағы «GreenHouse–Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі рафинадталған май дайындау желісін іске қосуды жоспарлаған-ды. Бірақ, қазіргі уақытта бұл кәсіпорынның жұмысы белгілі бір себептерге байланысты тұралап тұр, - дейді Т.Нагула.

Әлбетте, өзіміздің өңдеу орны болса, шаруаларға да, жергілікті тұтынушыларға да тиімді болар еді. Себебі, күнбағыс өсірушілер делдалсыз-ақ, өңдеу орындарына тікелей жеткізеді. Ал өнім өз өңірімізде дайындалса, жол және басқа да шығындар болмай, сатып алушыларға арзан өсімдік майын сатып алуға мүмкіндік туады. Бірақ, әзірше бұлай болмай тұр. Бүгінгі күні делдалдардың дегені болып, өндірушілер ұтылып отыр.

- Қазіргі кезде күнбағысты делдалдар сатып алып, облыстағы Жолқұдық пен Рождественка элеваторларында өңдеп, кейін басқа облыстар мен мемлекеттерге жөнелтеді. Күніміз делдалдарға қарағандықтан, сұраныстың қалай боларын да болжап білмейміз. Өз өңірімізде өңдеу орны ашылса, егіс алқабын ұлғайтуға әзірміз. Сол кезде жергілікті май зауытымен тікелей байланыс орнатып, нақты сұранысқа сай жұмыс істер едік, - дейді В.Филипишин.

Шаруалардың бұл тілегі көп ұзамай орындалуы мүмкін. Өйткені, облыс орталығына қарасты Жетекші ауылында май зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қытайлық инвестор - «Гринланд Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталмыш өндіріс орнын қараша айында іске қосуға ниетті. Компанияның бас директоры Чжан Янь Цю «тәулігіне 300 тонна шикізатты өңдеп, жылына 30 тонна өсімдік майын шығарамыз» дейді.

Демек, өңірімізде өңдеу орындары көптеп ашылса, шаруалар шикізатпен қамтуға әзір. Тіпті, егіс алқабын кеңейтіп, өнімділікті арттыру үшін жаңа технологияларды қолданудан тартынбайды. Тек өңдеуді қолға алатын инвес-торлар табылып, іске білек сыбана кіріссе болғаны.

Баға бақылана ма?

Күнделікті ас мәзірін өсімдік майынсыз елестету қиын. Сондықтан, дәл осы өнім тұтынушылар тарапынан зор сұранысқа ие. Сауда орындарындағы сөрелерде Шығыс Қазақстан облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласының өнімдері самсап тұр. Өкінішке қарай, олардың қатарында павлодарлық тауар жоқ. Біздің облыста майдың рафинадталмаған, тазартылмаған түрі ғана шығарылатынын жоғарыда атап өттік. Сатып алушылардың дені бұл өнімге мұрын шүйіре, сапасына күмәндана қарайды. Сол себепті әдетте таңдау рафинадталған, иіссіздендірілген, арнайы құтыларға құйылған майға түседі. Ал шындап келгенде, тазартылмаған май адам денсаулығына анағұрлым пайдалы көрінеді. Мұны дәрігер Сәуле Байбекова былай түсіндірді:

«Тазартылған майдың дәмі болмайды. Оны тазалап, өңдеу кезінде дәмі, түсі өзгеріп, құрамындағы кейбір дәрумендер жойылады. Сондықтан, биологиялық құрамы тазартылмаған майдың құрамынан анағұрлым төмен. Ас үйде қолданған кезде тазартылған май түтіндемей, иіс шығармайды. Басым тұсы – осы. Бірақ оның құрамында адам ағзасына қажет дәрумендер аз. Сол себепті тазартылмаған, қоңыр түсті майды алған әлдеқайда дұрыс».

Павлодар қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Асипов өсімдік майының тазартылған түрінің де, тазартылмаған түрінің де бағасы мемлекет тарапынан бақыланатынын айтты.

- Өсімдік майы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің тізімінде бар. Сондықтан бұл өнімнің бағасы үнемі басты назарда. Қазіргі уақытта әлеуметтік дүкендерде бір литр өсімдік майының бағасы 320-330 теңге аралығында. Облыс орталығында тұрақты түрде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде жергілікті тауар өндірушілер бұдан да төмен бағаға сатуда, - дейді А.Асипов.

Әлеуметтік дүкендер мен мемлекеттік органдар жасаған меморандумға сәйкес, алғашқысы үстемеақыны 10 пайыздан асырмауы тиіс. Ал үй іргесіндегі сауда орындары мен шалғайдағы ауылдардағы дүкендердегі жағдай басқа. Мұндағы баға бақыланбайтындықтан, саудагерлер мен делдалдар қалаған бағаны қояды. Айталық, облыс орталығындағы біз аралаған дүкендерде бір литр өсімдік майының ең арзаны – 370 теңге. Ал елді мекендердегі баға 400 теңгеден басталады. Себебі, жеткізуші агенттік фирмалар тауардың өзіндік құнына жол шығыны мен еңбекақысын есептеп қосады. Сөйтіп, ауылдағы ағайын өсімдік майын орташа есеппен алғанда 400-450 теңгеге сатып алуға мәжбүр. Ал саудагерлердің мұндай қитұрқы әрекеттеріне шектеу қоюға мемлекеттік органдарда дәрмен жоқ. Олар «осы бағаға сатқаныңыз дұрыс» дегеннен әрі аса алмайды. Ереже солай. Мұны пайдаланған кей пысықайлар өсімдік майының бағасын өсіріп, қарапайым халықтың қалтасын қанаудан қымсынбайды. Өз өңірімізде өңдеу орны болып, шаруа, май зауыты және сауда орындары делдалсыз жұмыс істесе, бәлкім мұндай қымбатшылыққа жол берілмес еді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА


Түйін:
Сайып келгенде, біздің облыстың аумағында өсімдік майын шығаратын мүмкіндік бар. Тіпті, шаруалардың өзі «өңдеу орны болса, күнбағыс алқабын ұлғайтуға әзірміз» дегенді алға тартып отыр. Бірақ, бұл іске белін бекем буып кірісуге ниетті кәсіпкер аз. Оларды осы бағыттағы жұмысты бастауға қалай ынталандырамыз? Өңдеу орнының ашылуы үшін қандай қолдау көрсету керек? Мемлекеттік органдар осы мәселені таразыға салса игі.

saryarka-samaly.kz