- Бұл кәсіпті осыдан 8 жыл бұрын аяқ киім жөндеумен айналысып бастадым. Жап-жақсы үйрендім. 4 жылдан кейін аяқ киім тігуге кірістім, - дейді Бейбіт Хадис кәсібі жайында. - Біз әсіресе қысқы аяқ киімдердің 30-40 шақты түрлерін тігеміз. Биыл жазға қарай жазғы жеңіл аяқ киімдер тігуді қолға алдық. Балалар аяқ киімдерінің 4 түрін тігудеміз. Қалыбы аздау болып тұр. Әйтпесе сұраныс жоғары, - дейді ол.

Қолдан аяқ киім, әсіресе қысқы етіктер тігу дегеніңіз нағыз шеберлік, көзін тапса, кірісі де мол, екіншіден бұл денсаулыққа пайдалы. Ата-бабамыз қай заманнан мал терісін илеп, кебіс-мәсі, шәркей, етік, саптама етік тіккен. Қыз-келіншектерге арналған биік өкше, оюлы сықырлауық етіктер де біздің қазақтың қолынан шыққан.  Енді осы бір кәсіпті қолға алып, жаңғыртып, заманауи түрлерін тігуді мақсат еткен кәсіпкер кәсібінің ауқымын кеңейтуді ойластыруда.

- 2013 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 3 миллион теңге қаражатқа қол жеткіздік. Оған Қытайдан етік тігетін құрал-сайман, басқа да керек-жарақтар сатып алдық. Одан кейін тұрғын үйімізді кепілге қойып, 1 миллион теңге алдық. 4 жыл шеберхана жалдадым, бұл қымбатқа түсті. Сондықтан қазір уақытша есік алдындағы кішірек үйді шеберханаға айналдырдық. Бәрі қаражатқа тіреліп тұр. Мүмкіндік болса сапалы аяқ киімдердің санын да, түр-түрін де көбейтер едік, - дейді Бейбіт Хадис.

Кәсіпкер аяқ киімді қара мал (сиыр) терісінен тігеді. Шикізатты негізінен Петропавл мен Ресейдің Омбыдан, табанға салатын ұлтанды Свердловскіден сатып алады.  Кезінде біздің елімізде тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар жақсы жұмыс істеп тұрды. Ал қазір төрт түлік малдың терісі мен жүні қоқысқа тасталуда, өртелуде. Қып-қызыл ақша желге ұшып жатыр. Егер осы секілді шикізат дайындау мәселесі өз елімізде шешімін тапса, Бейбіт Хадис секілді кәсіпкерлер өзге елден қымбат бағаға сатып алмас еді ғой...

Бейбіт шебер аяқкиімдерді әзірге тек тапсырыспен ғана тігіп отыр. Айтуына қарағанда, қысқы жылы етіктерге күз, қысқа қарай тапсырыс молынан түсетін көрінеді. Бағасы 27-30 мың теңгенің төңірегінде. Табиғи теріден тігілетін аяқ киім үшін бұл қымбат емес. Ал жаздық аяқкиім, балалар аяқ киімдері 5 мың теңгеден жоғары көрінеді. Есесіне, мұндай аяқ киімдер көп киіс береді. Кезінде көп балалы отбасылардың балалары осындай сапалы тігілген аяқ киімдерді бірнеше жыл бірінен соң бірі киетін. Қазір ол күндер көзден бұл-бұл ұшты. Көпшілік арзанға түсетін, алайда сапасы нашар, аяқты терлетіп, табанынан ызғар өте шығатын, иісі мүңкіген, бір маусымға да киіс бермейтін қытайлық тауарды алуға мәжбүр. Бұл, әсіресе балалар үшін өте зиянды. Ал Бейбіт Хадис сынды шеберлердің қолынан шығатын табиғи отандық өнім аз, жұрттың бәріне жете бермейді.

- «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» байқауында сәтін салып, жолымыз болып кетсе, жұмыс орнын ашып, өнімді көбейтіп, өзіміз тіккен аяқкиімдерге «Керей» деген таңбамызды басып, қазақы ою-өрнекпен шығарсақ дейміз. Ал әзірге бұл арман болып тұр, - дейді кәсіпкер.

Ұлттық өнімдер шығарумен айналысып жүрген осындай шеберлерге, кәсіпкерлерге қолдау жасалып, ісінің алға басуына мүмкіндік берілсе, отандық өндіріс қарыштап алға басар еді.

Ісіңізге сәттілік тілейміз, Бейбіт Хадис!

Сая МОЛДАЙЫП
Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz