Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко атқарылған ауқымды істерге тоқталып, жүйелі жұмыстар жөнінде айтты.

- Иманжүсіп Құтпанұлы - қазақтың біртуар азаматы, жастайынан сал-серілік құрып, саятшылық жасаған, дүлдүл ақын әрі халық композиторы. Біз үшін ақын бабамыздың өршіл өлеңдері мен күреске толы өмір жолы - баға жетпес құнды мұра. Сондықтан биыл Иманжүсіп Құтпанұлының 155 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтпекпіз. Аталмыш шара тамыз айында Құркөл ауылында тойланады, - деді қала әкімі Н.Дычко.

Ақсу қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел үшін еңбек еткен ер есімдері ұлықталуда. Осы мақсатта Ақсу қаласының белді тумаларына арналған алғашқы энциклопедия жарыққа шықпақ. Онда Иманжүсіп Құтпанұлы, Сәбит Дөнентаев, Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин, Социалистік Еңбек ерлері Мәжен Қабылбеков, Мәмәйіт Омаров, Шахан Арғынбаев туралы тың деректер енгізілетін болады. Мұндай жұмыстар келер жылы да жалғасын таппақ. 2019 жылы Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің 100 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай ауқымды жұмыстар қолға алына бастаған. Мәселен, ағымдағы жылы батырдың есімі берілген мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, батыр туралы тың деректер іздестірілуде. Бұл үшін Молдова Республикасындағы музейлермен байланыс орнатылыпты.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарлама жүктеген  міндеттер елдің өркендеуіне оң серпін берді. Бұл бағытта Ақсу қаласындағы атқарылып жатқан істер жүйесін тауып келеді. Бағдарлама асяында мәдени-рухани шаралар көптеп ұйымдастырылуда. «Тілдік келісім», «Ұлттық домбыра күні», «Қымызмұрындық» сынды жобалар ел көңілінен шығуда. Мәселен, «Тарихқа оралу» жобасы аясында Ақсу қаласының Құрметті азаматы, ақын Қаршыға Шаяхметовтің «Құркөл өңірінің тарихы» атты кітабы жарыққа шыққан. Ал бұл кітаптағы шығармалар Ақсу қаласында жастардың бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «Global Dictant қазақша» диктант жазу шарасында ұсынылыпты.

Ақсу қаласында оқушылардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында балалар шығармашылығы үйі, өнер мектебі, Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы спорт кешені, сондай-ақ, «Ақ желкен», «Искра», «Жұлдыз» клубтары жұмыс істеуде. Олар қала бойынша 5 мыңға жуық баланы қабылдауға қауқарлы.  Н.Дычконың айтуынша, Ақсу қаласында балаларды мектептен тыс білім берумен қамтуға да баса назар аударылып келеді. Бұл бағытта облыстағы заманауи, ғылыми, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымы бар экологиялық-биологиялық бағыттағы мектептен тыс білім беретін «Ақсу» балалар экологиялық орталығы жұмыс істеуде. Орталықта «Экоәлем», «ІТ-технология», «Жібек жолы», «Эко-туризм», «Жасыл планета» бағытында жұмыстар жүргізіліп, ғылыми қауымдастық кабинеттері мен коворкинг-орталық ашылған.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz