Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша сарапшылық кеңестің отырысында аудандар мен қалалардың жобалары қарастырылды. Бірден айтсақ, олардың басым  бөлігі әлі де жетілдіруді талап етеді. Сондай-ақ аталмыш істің басы-қасында жүргендерге біраз нұсқаулар берілді.

Павлодар ауданында халық емшісі Үміт апаның мазары мен өзі салдырған мешіті, сондай-ақ Әйтім ауылынан шыққан емші Нұрғали хазірет Боташұлының жерленген орны қазірде облыстық қасиетті орындар тізіміне енген. Ендігі кезекте арнайы қорға жиналған ақшаны осы орындарды көріктендіру,  келушілерге жағдай жасау үшін жұмсау көзделуде. Бірақ сарапшылық кеңес мүшелері мәселені тағы пысықтауды тапсырды. Себебі, ертең бұл  орындарға келушілер көп болуы керек. Әрі, жобаларға қажетті сома белгісіз. Сондай-ақ аудан әкімдігі «Рухани жаңғыру» жобаларына арналған қорға қаражат жинау мәселесін жұртшылық арасында кеңінен түсіндіруді қолға алуы қажет.

Жобаларын жетілдіру туралы ұсынысты Железинка ауданының өкілдері де алды. Ал Ақсу қаласының белсенділері Қызылжар-Андронов мәдениеті тарихи зерттеу экспедициясын ұйымдастыру, Мәмәйіт Омаров ауылы маңында Ақмола обалары орналасқан аумақта ашық аспан астындағы музей құру, мектептерде өлкетану сабақтарын өткізуді қолға алуды жоспарлаған.  Қазақтың атақты палуаны, әнші Иманжүсіп Құтпанұлының  155 жылдығын мерекелеу де осы қордың қаржысы есебінен өткізу ұсынылуда.  Кеңес мүшелері ақсулықтарға да әр жоба бойынша қажетті соманың нақты болмауынан жобаларды жетілдіруді тапсырды.

 Ақтоғай ауданы жоспарлаған істер қатарында Бекбау ата мазары маңынан келушілерге бұлақ құдығын құру, Естай Беркімбайұлының кесенесіне күрделі жөндеу жүргізу, тағы басқа игілікті істер бар. Бүгінде «Ақтоғай-Агро» шаруашылығы Естай атаның кесенесіне дейінгі жолды қалпына келтіруде. Өкінішке қарай, ақтоғайлық жобалар не іс-шара, не жоба ретінде тиісті үлгіде «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде ресімделмеген екен. Жалпы, аудандар ұсынған көптеген жобалар осы талаптан өткізілмеген. М.Бегентаев егер жоба дұрыс ресімделмей іске асырылса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылды деп есептелмейтінін ескертті.

«Шарбақты елім - туған жерім» қорын ашқан Шарбақты ауданының азаматтары Есілбай ауылы жанында жерленген қазақтан шықан алғашқы қажылардың бірі Темірғалы Түйтеұлы Нұрекеновтің мазарын көтеруді жоспарлап отыр. Қазірде жоба құны белгілі, құрылысқа керек мәрмәр тастар Маңғыстау жақтан жеткізілетін болып келісілген. Ақыл-ой парасатын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жырға қосқан Темірғалы Түйтеұлының қасиеті туралы жергілікті халық терең біледі. Сондай-ақ ауданда оқушылар арасынан IT-мамандар даярлау мақсатында компьютерлік сынып жасақталмақ.

Лебяжі ауданы арнайы қорға 5 млн. теңге жинауды жоспарлап, соның есебінен  Мерғалым сынықшының мазарын көтеріп, зиярат жасаушы адамдарға арналған тұрғын үй құрылысын жүргізу көзделген. Аудандық тарихи мұражай ашып, Еңбек Ерлері аллеясында тұлғаларға ескерткіштер (6 ескерткіш) орнату жоспарлануда. Бұған дейін ауданда жерлестер форумы өткізіліп, Шақа ауылында Шоғман қожаның мазары салынған болатын.

Белгілі болғандай, аудан-қалаларда жекелеген кәсіпкерлердің көмегімен атқарылып жатқан істер бар. Мәселен, Шарбақтыда «Победа» серіктестігі  50 орындық балабақшаға 35 млн. теңгенің күрделі жөндеуін жүргізіп берген. Сол секілді, бүгінде өзге өңірлерде кәсіпкерлер демеушілігімен коворкинг-орталықтар ашылуда. М.Бегентаев арнайы қорлардың қаржысынан бөлек жасалып жатқан істер екенін ескертті.

Баянауыл ауданында да бірталай істер атқарылуда. Облыс бойынша арнайы қор ең алдымен осы Баянауыл өңірінде құрылған, былтыр республикалық айтыс соның есебінен өткізілген. Биыл да бірқатар істер жоспарланған. Олардың қатарында Мұса Шормановтың кесенесінің құрылысы бүгінде қарқынды түрде жүргізілуде.

Ертіс, Качир, Успен аудандарында да өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байыту мақсатында экспедицияға шығу, Ұлы Отан соғысы батырларына арналған музей ашу, қасиетті тұлғалардың басын көтеру сынды шаруалар қолға алынған.

Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының жобалары бойынша сарапшылық кеңес мүшелерінен сұрақ бола қойған жоқ. Айта кетелік, облыс орталығынан құрылған «Рухани Павлодар» қорының қаржысы есебінен жуырда Усолка шағын ауданында қазақтың бұлбұлы Майра Уәлиқызына бюст орнатылған болатын. Басқа да істер жетерлік.

Облыстық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша сарапшылық кеңесінің төрағасы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлының айтып өткеніндей, «бүгінде атқарылып жатқан істер өзінің нәтижесін 10 жылдан кейін ғана береді. Бастысы, ертең болашақтың алдында ұялмайтындай әрекет жасауымыз керек».

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz