Павлодар қаласының тұрғыны Мария Лукавая баспанасында бірнеше күннен бері ыстық судың жоқтығын айтады.

- Жыл сайын осы мезгілде ыстық сусыз қаламыз. Биыл да судың ажыратылғанына бірнеше күн болды. Салдарынан суық суды ысытып күнелтуге тура келіп отыр. Бұл – қосымша шығын, - дейді ол.

Аталмыш мәселенің мән-жайын білмек болып «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамына хабарластық. Қоғаммен байланыс бөлімі өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта Торайғыров пен 1 Май көшелерінің қиылысындағы жылу құбырында жоспардан тыс күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан тұрғын үйлер ыстық судан ажыратылған. Бұл аумақтағы диаметрі 500 миллиметр, ұзындығы 50 метр екі құбыр ауыстырылады. Жөндеу жұмыстарының барлығы 3 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы Арман Қайроллиннің айтуынша, мұндай жұмыстар қаладағы бірнеше аумақта жүргізілуде.

-  1 Май және Қайырбаев көшелерінің қиылысында су құбырына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жердегі құбырдың әбден тозығы жеткен. Жоспар бойынша Ак.Сәтбаев көшесінен 1 Май көшесіне дейін, сондай-ақ, Қайырбаев көшесіне толықтай жаңа құбырлар салынады. Жұмыстар тамыз айының соңына дейін жалғасады, - деді А.Қайроллин.

Айта кетейік, «Павлодарэнерго» АҚ-ның берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта облыс орталығында 93 үй ыстық судан ажыратылған. 22 орын зақымданса, тағы 22 аумақта жылу желілерін қайта құру жұмыстары, 33 орында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған 16 аумақта пәтер иелері кооперативтері жұмыс жүргізуде.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz