Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев, облыс әкімінің орынбасары Дәурен Махажанов, Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов пен аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Алдымен бас модератор Арман Евниев бұл шараның дәстүрлі семинар емес, іскерлік ойын ретінде ұйымдастырылуының мән-мағынасын түсіндірді.

- Иә, бүгінгі басқосудың форматы бөлек. Аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік қызметшілер мен шаруалар әдеттегідей баяндамаларды тыңдамайды. Ет шаруашылығын дамыту, отбасылық үлгідегі фермалардың санын көбейту тетіктерін командалық ойын барысында талқылайды. Мұндай жаңа формат ақпаратты сақтауға, өзара әріптестікті қалыптастыруға, мәселені егжей-тегжейлі түсіндіруге әрі түсінуге көмектеседі. Бұған дейін дәл осындай іскерлік ойын Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында ұйымдастырылған болатын, - деді А.Евниев.

Бес командаға бөлінген қатысушыларға берілген алғашқы тапсырма – ой жүзінде фермалық шаруашылық құру және оның 10 жылдан кейін қалай болатынын болжау. Яғни, осы уақыт аралығында қандай қадамдар жасалуы керек, туындауы мүмкін кедергілерді еңсерудің жолдары жан-жақты сараланды. Бұл ретте облыстың түкпір-түкпірінен келген жас мамандардың, шаруалардың көзқарастары, тың идеялары көпшіліктің назарын аудартты. Олардың пайымынша, фермерлік шаруашылықтар еуропалық үлгіге сай дамуы тиіс. Жаңа технологиялар енгізіліп, мұндағы жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған жүйеде жүргізілсе, ауылда тұрақтап қалуды қалайтын жастардың қатары қалың болмақ.

Шара барысында А.Евниев қанатты жоба ретінде енгізілген ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының басым тұстарына тоқталды.

- Бағдарламаның негізі – ірі қара мал өсіретін фермерлік шаруашылықтар, өндірістік бордақылау алаңдары мен заманауи ет өңдеу комбинаттарын біріктіретін тірек кооперациялар, отбасылық фермалар құру. Соның нәтижесінде қазіргі 18 мың отбасылық ферма санын 100 мыңға, жайылымдық жерлерді 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға дейін арттыру көзделіп отыр. Оған қоса, ірі қара санын 15 млн. басқа, қойды 30 млн. басқа дейін көбейту жоспарда бар. Бағдарламада өзге де тиімді тұстар жетерлік. Айталық, жер учаскелерінің берілуі, мал басын алу үшін жеңілдетілген несиенің қарастырылуы, техника мен құралдарды алып, инфрақұрылымды жүргізу. Осы орайда Павлодар облысының әлеуеті зор екенін атап өту керек. Ертіс өзенінің жағасында 400 мың гектар суармалы жерді игеруге болады. Осы көлемдегі алқапты пайдаланар болсақ, алдағы 10 жылда өнімділікті 2,5 есе емес, 5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік мол, - деді А.Евниев.

Іскерлік ойынға қатысушылардың бірі – Екібастұз ауылдық аймағындағы «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров жиынның берері мол екенін атады.

- Жиын отбасылық фермаларды дамытудың әлеуетін айқын көрсетті. Мен кәсібімді аға-бауырыммен бірге дөңгелетіп отырғандықтан, іскерлік ойын негізінде алдағы уақытта жасалуы тиіс жұмысты жүйелеп алдым. Біздің шаруашылық ет бағытында жұмыс істейді. Сондықтан жаңа жобаның басым тұстарын білу, оларды пайдалану да маңызды. Алдағы уақытта 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын салмақпыз. Сол тұста бүгін алған білім мен тәжірибені қолданатын боламын, - дейді М.Алғамбаров.

Бес команданың жұмысы әлеуметтік желіде тікелей эфирде таратылды. Ғаламтор қолданушылары әр топтың білімі мен жұмысын саралап, бағалау мүмкіндігіне ие болды. Фейсбук желісін пайдаланушылар топтардың қатарынан үздігін анықтап, оларға арнайы сый-сыяпат жасалды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz