Бұл туралы өңірлік коммуникация- лар қызметінде өткен жиын барысында Павлодар облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Жомарт Кәрімов мәлім етті.

- Биыл бірінші жартыжылдықта ірі кәсіпорындар қалдықтарды өткен жылмен салыстырғанда 15,7 пайызға көп шығарған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 297,93 мың тоннаны құраған болатын. Жалпы, өндірістік қалдықтардың артуы жылу энергетикалық кәсіпорындардағы электр энергиясын өндіру көлемінің өсуіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстағы ірі кәсіпорындар жалпы сомасы 4,0 млрд. теңгені құрайтын табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізді. Дегенмен, бұл көрсеткіш те жоспарлағаннан әлдеқайда аз, - дейді Ж.Кәрімов.

Аталмыш жиында Ж.Кәрімов кәсіпорындарға жүргізілетін кешенді тексерулер енді алдын алу мақсатында ғана ұйымдастырылатынын айтты. Яғни, кәсіпорындарда заң бұзушылық анықталған жағдайда олар бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Тек оларға кемшілікті жою жөнінде ұйғарым беріледі.

- Бұл әрине, жоспардан тыс тексерулер мүлдем болмайды деген сөз емес. Алдымен атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізуге баса назар аударылады. Концентрация көлемі анықталған жағдайда жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылып, ақпарат жергілікті құзырлы органға жіберіледі. Бұдан кейін атмосфера ауасының сапасына тексеру жүргізіледі, - дейді Ж.Кәрімов.

2017 жылы жергілікті бюджеттен жоғарыда аталған департамент зертханасын жабдықтауға 79 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға заманауи өлшеу құрылғылары сатып алынған. Мекеме жанындағы мобильді топ аталмыш құрылғылардың арқасында жоспардан тыс 80 тексеріс жүргізіп, 6 айдың ішінде 7 млн. 712 мың теңгеге 113 айыппұл салған.

Айта кетейік, Павлодар қаласындағы Химқалашық шағын ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері ауаға хлор иісінің көп мөлшерде таралатынын айтып, шағымданып келген болатын. Алаңдауға негіз бар. Өйткені бұл химиялық элемент тыныс алу жолдарының ауруына әкеліп соқтыруы мүмкін. Тұрғындар дабылынан кейін эколог мамандар аталмыш аудандағы атмосфералық ауаға арнайы сараптама жүргізген. Нәтижесінде хлордың жоқтығы анықталған. Жомарт Кәрімовтің айтуынша, бұл сараптама өңірімізде хлор шығаратын әлеуетті кәсіпорындарда жасалған.

- Осыған дейін шағын аудан тұрғындары хлордың иісі шығады, денсаулығымызға зиян келуде деп талай мәрте шағымданды. Жалпы, Химқалашық аумағында «Қазгидромет» РМК филиалының бекетінен басқа біздің мобильді зертхана да ауаға өлшем жасап отырады. Тұрғындар шағымынан кейін хлор бөлуі мүмкін деген кәсіпорындарда тексеру жұмыстары жүргізілді. Сараптама нәтижесі бойынша «Қазгидромет» бекеті мониторинг барысында ауада хлор жоқтығын дәлелдеді, - дейді Ж.Кәрімов.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz