Олар өтінішті электронды-цифрлық қолтаңбаның көмегімен «Smart Павлодар» сайтына тапсыра алады. Яғни аталмыш сайтқа электронды мекенжайы мен байланыс телефондарын жазып, тиісті құжаттардың сканерленген көшірмесін қоса салады. Баланың қабылданғаны немесе қабылданбағаны жөніндегі хабарлама өтініш беруші азаматтың жеке парақшасына немесе электронды мекенжайына 3 жұмыс күні ішінде келеді. Шағын аудан бойынша балабақша таңдағанда ата-аналар бос қалған орындардың саны туралы ақпарат алады. Соның нәтижесінде өз таңдауын уақытында өзгертуге болады.

Қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі Бақыт Қырықбесова бұл жүйенің толық автоматтандырылғанын айтады.

- Бұған дейін балабақша кезегі электронды үкімет порталы, халыққа қызмет көрсету орталықтары және білім беру бөлімі арқылы жүзеге асатын. Енді ата-аналар «Smart Павлодар» сайты арқылы үйде отырып балаларын балабақша кезегіне қоя алады. Ол үшін өзі мен сәбиінің жеке сәйкестендіру нөмірін терсе жеткілікті. Өтінішті баланың ата-анасы ғана бере алады. Жүйе арқылы тізімде нешінші тұрғандарын көріп, қалаған балабақшаны таңдай алады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі бос орындар санын сайтқа жариялап отырады. Ал сол орындар жүйеде бірінші тізімге тұрғандарға беріледі, яғни кезек-кезегімен қабылданады, - дейді ол.

Бағдарламаны құрастырушы «BF Group Inc» жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің өкілі Максим Морозов электронды жүйені пайдалану ыңғайлы екенін айтады. Ал құжатты мектепке өз аяғымен барып, өз қолымен тапсыратындардың да еркі өзінде.

Бұған дейін мұндай жүйе Павлодар қаласындағы №29 сәбилер бақшасында енгізілген болатын. Мамандар цифрлық жобаның ата-аналардың көңілінен шығып отырғанын айтады. Себебі бұл жүйе балғындардың балабақшаға келген және кеткен уақытын білуге мүмкіндік береді. Тіпті, мектепке дейінгі мекемеден баланы кез келген адам әкете алмайды. Өйткені деректер базасына балабақшадан алуға құқығы бар адамның деректері ғана енгізіледі. Бала балабақшада үш күннен артық уақыт болмаған жағдайда осы жүйе автоматты түрде дәрігерлік анықтаманы сұрайды және ата-анасын басшыға немесе дәрігерге жолдайды. Тіпті, ата-аналар мобильді қосымша арқылы балабақшаның әкімшілігіне өтініш қалдыра алады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz